ҚР Президенті бұл жолдауды халықтық құрылысқа арнап, барлық мәселені жалпыхалықтық құрылыс айналасына тізіп шешуге шақырды. Бұл халыққа да түсінікті.
Бұл жолдаудың ерекшелігі сол, Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына және жаңа Конституциямыздың қағидаттарын іске асыруға арналғандай.
Президент жолдауда ауыл-аймақты дамытудан бастады. «Біздің аймақтарымыз, қалаларымыз экономикалық қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Сол үшін әр аймақ өз басымдықтарын белгілеп алу керек» деді Президент. Осы жерде бір мысал келтірейік.
Қазір Қазақстан халқын үш-ақ облыс асырап отыр деуге болады. Олар – Астана, Алматы қалалары, Атырау облысы, қалғанының бәрі дотацияда отыр, орталықтан субвенция алады. Әкімдер болса бюджетті жеткізумен әлек, тендер деген бітпейтін пайдалы науқандар. Инвестиция тарту, оны өндіріске салу мәселесі ілуде біреу болмаса, сын көтермейді. Инвестиция туралы Президент жолдауда арнайы тоқталды, бірізділіктің жоқтығын айтып, бір орталықтан басқару керек екендігін тілге тиек етті.
Мұндай жағдайда облыс әкімдіктері «тәуелді рөлде» жүргендей. Тәуелсіздік алғалы 35 жыл бойы, бірде-бір рет «3 – 5 – 10 жылдық бағдарлама жасайық, біртіндеп «дотация облысы» деген атақтан құтылайық» деп, не облыс басшылары еңсе көтермейді, не Астанадағы билік бастамайды. Үкімет, Парламент бәрі бір орнынан жылдар бойы жылжымайтын кейіп танытып отыр, инновациялық талпыныс жоқ. Енді мұндайда не істеу керек деген сұрақ тұрады?
Президенттің жолдауында инновациялық ой-ұсыныстар, тапсырмалар жетерлік. Олар әсіресе жасанды интеллектіні, цифрландыруды, жаңа технологиялық өмір салтын (уклад) іске асыруға арналған. Президент бізді соны өзгерістерге шақырады, әлем өзгеруде, сана, психология өзгеруде, біз де өзгеруміз керек. Ол халықтық құрылыс аясында көптеген түбегейлі өзгеріс, мысалы мемлекеттің басқару жүйесін реформалау керек екендігін ашып айтады. 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп атауды ұсынды.
Осы орайда мен бір түбегейлі ұсыныс жасамақшымын. Бұл жаңа жоба қаншалықты іске асады, өміршең, дәл бүгін керек пе, ол билік басындағылардың құзырында, ал ғалым-экономист ретінде ұсыныс жасау менің парызым деп санаймын, Президент соған шақыруда деп ойлаймын. Себебі мемлекет басшысының жалпыхалықтық ауқымды құрылымға шақыруын экономикамыздың барлық саласында түбегейлі өзгеріс жасау керек деп түсінемін.
Осы жолдаудың негізгі идеяларын нақты іске асыру үшін «Жалпыхалықтық даму жоспарын» әзірлеу қажет деп санаймын. Оның негізіне халықтың, кәсіпкерлердің, ғалымдардың, сарапшылар мен салалық мамандардың ұсыныстары алынуы керек. Мемлекетті басқару жүйесіне келсек, қазіргі облыстарды басқару әдістеріне түбегейлі өзгеріс енгізіп, енді үлкен аймақтық және аймақаралық жүйесін енгізу керек. Ол үшін Қазақстан мемлекетінің құрылымдық жүйесін өзгертіп, басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген жөн. Бұрыннан қатып қалған Астана, облыс орталығы, аудан деген орталықтандырылған әкімшілік басқару жүйесінен кетіп, нарықтық экономиканың интегралды, горизонталды, инвестициялық, логистикалық жобалар жүйесіне ауысу керек сияқты.
Қазір әр облыс өз проблемасын өзі шешіп, ал 2-3 облыс бірігіп шешетін мәселелерге мән де бермейді. Мысалы, көрші жатқан облыстарда логистика, техника, технологияларды бірлесіп игеруді былай қойғанда, су, экология, таза ауа кеңістігіне қатысты қазба байлықтарды бірігіп игеру, орман шаруашылығы, тіпті жетпей жатқан адам капиталын бірге пайдалану мәселелерін қарағымыз да келмейді, тағы басқа көптеген аймақаралық мәселелерді бірге шешу керек.
Республика бойынша үлкен аймақтық және аймақаралық құрылымдар, мысалы, 5 үлкен аймақ (ескіше айтсақ, 5 уәлаят) құрылса деп ойлаймын. Олар: 1. Батыс Қазақстан; 2. Солтүстік Қазақстан; 3. Орталық Қазақстан; 4. Шығыс Қазақстан; 5. Оңтүстік Қазақстан. Бұл құрылымның мақсаты – әкімшілік қызметпен қатар, үлкен аймақтық және аймақаралық дамуды, инвестициялық жобаларды, мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды, аймақаралық бизнес-экономикалық жобаларды іске асырумен айналысу.
Аймақ (уәлаят) басшысына заңмен Вице-Премьер деген статус беріліп, оны бүкіл үлкен аймақтың экономикасын көтеруге міндеттеу керек. Ал облыстағы бұрынғы кіші әкімдер тікелей әлеуметтік мәселелермен, адам капиталымен, әр облыс, аудан, әр кішкентай ауылға дейін аяқ басып, халықтың мұң-мұқтажымен айналысу керек. Әсіресе рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымызды, рухымызды көтеру керек. Тәлім-тәрбие мәселесіне аса мән беріп, ауылды жандандыру керек. Қазақстан билігі осындай түбегейлі өзгерістерге барса, үдемелі даму басталады.
Әр үлкен аймақтарға келетін болсақ, оларды ерекшеліктеріне қарап мамандандырып, өсу нүктелерін белгілеп, Қазақстанды жаңаша үдемелі дамытудың 6 мегаполисін жасасақ. Олар:
1-мегаполис, Оңтүстік өңірі.
Түркістанды рухани жаңғырту, Ұлы Жібек жолын жандандыру арқылы «РУХАНИ АСТАНАҒА» айналдыру. Мұның Түркі өркениетінде халықаралық маңызы жоғары. Автордың 8,5 млрд долларға есептелген бұл жобасы билікке ұсынылған.
2-мегаполис.
Астана қаласына «Сарыарқа» атауын беріп, оны мемлекетіміздің басқару, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар орталығы, әкімшілік-ұйымдастырушы, мегадипломатиялық бас қала ретінде дамыту.
3-мегаполис.
Алматы еліміздің зияткерлік (интеллектуалды), халықаралық деңгейдегі мәдени, ғылыми, бизнес, туризм, қаржы орталығы болуы керек. Алматының ХХІ ғасырда цифрлы экономика негізінде «инновациялық қала» атағына ие болуын жүзеге асыру керек.
4-мегаполис.
Алаш зиялылары шыққан Семей өңірін, миссиясы Ұлы Абайдың рухани мұрасын (Конфуций сияқты) бүкіл елімізге таратып іске асыратын киелі орталық ету.
5-мегаполис.
Батыс Қазақстан өңірі мұнай мен газды, шикізат, тағы басқа табиғи ресурстарды жаңа технологиямен қайта өңдеу өндірісін дамыту арқылы бай орталық болуы керек.
6-мегаполис.
Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанды басқа өңірлермен қоса индустрия мен ауыл шаруашылығын кешенді дамыту мақсатында «Қазақстанды азық-түлік державасына» айналдыру. Осылай Қазақстан әлемнің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп, жаңа өркениетке қызмет етеді.
Жаhандану заманында еліміздің дамуына жаңаша көзқараспен, жаңа идеяларды, инновациялық жобаларды іске асырғанда ғана біз әлемдік өркениеттің көшіне ілесе аламыз. Түркістан мен Семей сынды «текті» қалаларға қазақтың рухани дамуының негізі ретінде қарап, өте үлкен мән беріп, дамуымыздың басымдығын беру қажет. Осы стратегиялық маңызы бар жобаларға (мемлекет және жеке бизнес иелері) инвестиция құйып және 30 жыл бойы заңды белшесінен басып, есепсіз байығандардың қаражатын, меншіктерін тәркілеп, халықтың игілігіне жарату керек.
«Кіші кәсіп – елге нәсіп» демекші, Президент жолдауында экономиканың қозғаушы күші кіші кәсіпке аса мән берді. Тексеру көбейіп кетті, 3 жылға шағын және орта кәсіпке тексеруді тоқтатып, мораторий жасау керек деді. Біздің үлкен мүмкіндігіміз, резервіміз кіші және орта кәсіпті аймақтарда дамытуда. Бір-ақ мысал. Мен кеше ғана Франкфурттан әлемдік кітап форумынан келдім. Қазір Германияда жұмыспен қамтудың 80%-ын шағын және орта кәсіп береді, ал жалпы ішкі өнім табысының 60%-ы шағын және орта кәсіптен түседі. Бізбен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Міне, үлкен табыстың көзі кіші кәсіпте жатқанына аса мән бергеніміз жөн. Үлкен прогресті үдемелі дамуды тек орта топ алып шығатынын ұмытпайық.
Ең бастысы, жолдауда айтылған бастамалар, тапсырмалар тізбесі күйінде қалмай, халықтың өмір сапасын арттыратын нақты нәтижелереге ұласуы керек. Ол үшін жоғарыда айтқан «Жалпыхалықтық даму жоспарының» орындалуы жүйелі бақыланып, әрбір мемлекеттік органның жұмысы есептермен емес, қол жеткізген нәтижелермен бағалануы тиіс.
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының бас ғылыми қызметкері,
академик
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!