Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кәсібім өзіме керек өнімді жасаудан басталды» – қызылордалық кәсіпкер

25.11.2024, 16:15 988

Кәсіппен айналысатын азаматтардың бұл салаға келудегі мақсаты әртүрлі. Кәсіпкерлермен сұхбаттасқанда бірі – еркіндік, бірі қаржы табу үшін, енді бірі өзіне керек тауарды таба алмаған соң осы саланы таңдағанын айтады.

Қызылордалық кәсіпкер Нұрлыбек Ерімбетов соңғы нұсқаны таңдағандардың қатарында. Осыдан бірнеше жыл бұрын жерін қоршамақ болады. Қызылорданың нарығында қоршаудың басым бөлігі қаңылтырдан жасалған болып шықты.

«Құм, қиыршықтастан жасалатын қоршау қымбатқа шығатын болды. Алдымда «енді немен қоршаймын?» деген сауал тұрды. Содан амал жоқ, евро қоршауды басқа өңірлерден көріп, жасап көрмек болдым. Оны дайындауға қажет құрал-жабдықты өзіміз құрастырып шықтық. Нарықта бар құралдардың басын қосып жасай бастадық», – дейді Нұрлыбек Ерімбетов.

Ол өзіне қажет қоршауды жасап алғаннан кейін оның қаңылтырмен салыстырғанда сапалы, ал пескоблок аталып кеткен құмнан жасалатын қоршаудан арзанырақ болатынын байқайды. Осылайша Қызылорданың нарығында евро қоршауларды жасап бастайды.

«Өніміміздің не үшін евро қоршау аталып кеткенін білмеймін. Европаға қатысы жоқ. Бірақ халық осылай айтып жүр. Бетон қоршаулар деп атаса да болады. Оның құрамына құм, қиыршықтас, цемент қолданылады. Толық облыста бар, жерілікті шикізаттар. Тек тоқылатын сымын ғана сырттан алдырамыз. Дайындау жолы күрделі. Арнайы құралмен қоспаның арасын тегістеп, біркелкі етеміз. Одан кейін жабық орында 60 градус ыстықта кептіреміз», – дейді кәсіпкер.

2023 жылы кәсіпті бастап кеткен Нұрлыбек сұраныс артқаннан кейін оны кеңейтуды жоспарлайды. Осылайша биыл «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 6 пайызбен 4,8 млн теңге жеңілдетілген несие алады.

«Бұл қаржыға цех салдық. Қазір кәсібіміз кеңейді. 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұрын күніне 3-4 қоршау тірегін шығаратын болсақ, қазір оның саны 20-ға жетті. Қызылордалықтар сапалы өнімдерімізге үйреніп келеді. Сұраныс артса 40 тірекке дейін шығара аламыз», – дейді Нұрлыбек Ерімбетов.

Кәсіпкер бүгінде бетон қоршаумен бірге термо панелдер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін қоршауға арналған қадалар да шығарып жатыр.

Айта кету керек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін орталық жалпы құны 14,9 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2752 жобаны қаржыландырды. 2 993 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: