Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тойхана иелері бизнесте басқа бағытты ұстануда

11.08.2020, 15:10 779

Көрнекі сурет

HALYQLINE.KZ Карантин кезіндегі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, Қызылорда облысы тұрғындарының өнім өндіруге деген белсенділігі арта түскен.

Мәселен, індет өршігелі Қармақшы ауданындағы 3 тойхана иесі бизнестегі бағытын өзгерткен. Дүр Оңғар ауылынан ашылған темірбетон өнімдерін шығаратын цех ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, құрылыс материалдарын өндіруге жол ашты.

Өзіміздің ауылымызға ғана суға салатын кішкентай, үлкен лотоктар шығарамыз. Сондай-ақ қабырға плиталарын шығарып жатырмыз. Автоматтық режимге қойса, зауыттың өнімділігі сағатына 12 куб шығарады, – дейді серіктестік директорының орынбасары Оралбай Машарапов.

Ауыл тұрғыны Ерсін Өтеев те өз кәсібін әртараптандыруды көздеп отыр. Ол шеге, тор, тікен сым сынды ауыл шаруашылығына керек өнім түрлерін шығаратын құрылғылар сатып алған. Ол үшін мемлекеттік қолдау аясында жеңіл несие алған. Жалпы, ауданда құны 28 миллион теңге болатын 4 жоба «қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асқан.

Жылдың басынан бері 54 кәсіпкерге 296 миллион теңгеге несие алынған. Сондай-ақ, бұл кәсіпкерлер өз жұмыстарын істеп жатыр. Қазірдің өзінде кішігірім цехтардың 27-сін аштық. Болашақта бұл жұмыс жалғасатын болады. Инвестиция 220%-ға, өндіру өнеркәсібі 134%-ға орындалған. Жалпы бізде макроэкономикалық көрсеткіш жақсы жағдайда, – дейді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.

Мамандардың айтуынша, карантин кезінде кәсіпкерлердің бірқатары ісін жаңа бағытқа бұра бастаған. Мәселен, оны тойханалардың басқа салаға бейімделе бастауынан көруге болады.

Бір тойханамыздың иесі қазір тұшпара цехын, сонымен қатар, құс шаруашылығын ашуға бетбұрыс жасап, соған қатысты жобалар дайындап отырмыз. Сонымен қатар, тағы бір тойханамыздың иесіне бағаны тұрақтандыру мақсатында желілік дүкен аштыруға жұмыс істеп жатырмыз. Оған қоса, кенттегі енді бір тойханамыз қонақүй есебінде пайдаланылып жатыр, – дейді Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеров.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: