Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шыны зауыты шындыққа айналды

08.12.2021, 16:45 551

HALYQLINE.KZ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өңірімізде біршама өзгеріс болды. Соның бірі индустрияландыру бағдарламасының жоспарымен елдің дамуына айрықша ықпал ететін жаңа кәсіпорын жұмысының басталуы. Жалпы, елімізде 2010 жылдан бастап индустриялық-инновациялық даму саясаты дәйекті жүргізіліп келеді. Бағдарламада барлық дерлік салалар, соның ішінде шикізат секторлары, инфрақұрылымды дамыту кірді. Яғни басым бағыттардың кең бағыты белгіленген болатын. Өңірімізде индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бері құны 152 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты. Қазіргі таңда айтулы мереке қарсаңында өңірде 3 жоба қолға алынды. Міне, ауқымды жобалардың бір бастамасы, құрылысы тым ұзаққа созылған шыны зауыты іске қосылды. Қызылорда облысына арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова зауыттың күйдіру пешін ресми түрде іске қосу рәсіміне қатысып, ел игілігіне бағытталған зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

  • Ең алдымен, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегнің жемісі. Осы 30 жылдың ішінде барлық салада көптеген жұмыс істелді. Қай облыс болмасын ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетістігіміз бар. Қызылорда облысының инфрақұрылымы, экономикасы, өндірісі дамыды. Міне, соның нәтижесі ретінде жаңа кәсіпорынның ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл кәсіпорын осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынды. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс созылып кеткен еді. Дегенмен алға қойған мақсаттың арқасында керемет іс-шараға жиналып отырмыз. Шыны зауытта шығарылатын өнімнің 30 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда. Бұл облыстың ғана емес, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Және де Орта Азиядағы көшбасшы үлкен өндірістердің бірі болады деп сенеміз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы.

Иә, ащы ішектей созылған ірі жобаның жүзеге асқаны қуанышты жағдай. Енді көптен күткен бастаманың сүбелі нәтижесін асыға күтеміз. 42,01 млрд теңгені құрап отырған бұл жоба 226 адамды жұмыспен қамтымақ. Осыдан бір жыл бұрын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еліміз сырттан жылына 1 млн долларға шыны сатып алатынымызды, ал облыста шыны зауыты ашылса, енді шетелден әкелмейтініміді алға тартқан еді. Келелі жобаның тағы да бірсыпыра мүмкіндіктері туралы бүй деді.

  • Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа технологияларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін жоба шыны өңдеу зауытын іске қостық. Шыны өндіру барысында 90% жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80%-ын құрайтын негізгі компонент кальцийленген сода. Сондықтан, Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы осы зауытымыз болмақ. Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады, бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі, – деді облыс әкімі.

Кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне 600 тонна өнім шығара алады. Бұл арқылы сырттан алатын өнімге деген тәуелділік азаяды. Зауытта өнім өндіру әлемнің жетекші елдері шығарған заманауи үлгідегі технологияларының көмегімен іске асады. Мысалы, АҚШ-тың шыны пеші мен қалайы балқыту ваннасы болса, Румыниядан күйдіру пеші, Италия елінен кесу желісі, Финляндиядан құрама цехы және шыны сынықтарының қайту желісі. Сонымен қатар, басты серіктестік ҚХР-нан азон және сутегі станциясы қолданылатын болады. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны тәрізді өнім түрлері өндіріледі деп күтілуде. «Орда Гласс ЛТД» мамандарының болжамы бойынша бірінші шыны 2022 жылдың сәуір айында өндіріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, мәртебелі мейманның қатысуымен Сыр елінде 50 пәтерлік тұрғын үйдің кілті табысталып, жаңа «Naman аta» спорттық сауықтыру кешені ашылды. Бұған қоса ел дамуына үлес қосқан өз саласының майталман азаматтарына мемлекеттік наградалар мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медаль табысталды.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: