Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық жас оқу орталығын ашты

04.03.2020, 17:31 452

Бүгінгі жаңа формация мұғалімі барлық педагогикалық құралдарды меңгерген, өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған шығармашыл тұлға болуы керек. Сонымен қатар, нарық жағдайында мұғалімнің бәсекеге қабілеттілігіне білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби және әдістемелік жұмыстағы шеберлігі де ескеріледі.

Шиелі ауданының тұрғыны Сандуғаш Үсенова жас та болса осы қасиеттерді бойына сіңіріп, әдістемелік шеберлігін шыңдайды. Оның негізгі арманы алған білімін балаларға үйрету үшін білім беру орталығын ашу болатын. Сандуғаш ойын жүзеге асыру үшін аудандық кәсіпкерлер палатасы кеңесшілерімен ақылдаса келе «Жас кәсіпкер» жобасына қатысады. Жоба аясында шиелілік жас жұмыс үдерісін оңтайландыру, бизнесті жүргізудің тиімді тәсілдері сияқты маңызды әрі пайдалы ақпарат алады. Теориясы мен тәжірибесі үйлесім тапқан курстан соң жеке кәсібін ашуға кіріседі.

«Мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаржының арқасында балаларға қажетті орталығымызға жаңадан құрал-жабдықтар алдық. Қазір бір топта алты баладан оқып жатыр. Шағын топпен жұмыс істеу тиімді. Сол үшін жұмысымыз нәтижелі болатынына сенемін. Қазіргі таңда оқу орталығымызда 100-ден астам оқушы білімін жетілдіруде. Орталықта балаларға робототехниканы, ментальды арифметиканы, орыс, ағылшын тілдерін, ата-аналардың сұранысы бойынша мектеп бағдарламасындағы үй тапсырмаларын орындау қызметтерін көрсетудеміз», – дейді жас кәсіпкер Сандуғаш Үсенова.

Жас кәсіпкер ашқан «Дарын» балаларға білім беру орталығының жұмысына білікті жастарды тартқан Сандуғаш бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Сауат ашу, көркем жазу пәндерінен сабақ беремін. Оқушыларымыз белсенді, оқуға, үйренуге деген ынталары жақсы. Қазір оқушыларымыздың жазу, сөйлеу мәдениеттеріне аса көңіл бөліп жатырмын», – дейді орталық қызметкері Ақтолқын Серікболқызы.

Сандуғаш Үсенова орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін оқуға жағдай жасаған. Айына бір рет орталық ұстаздары ашық сабақтар өткізіп, апта сайын балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған шаралар ұйымдастырып тұрады.

Жас кәсіп иесі алдағы уақытта жоғары сынып оқушыларына арналған қызмет түрлерін енгізуді жоспарлауда. 

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: