Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов баспасөз конференциясында шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жұмысты таратып айтты.
– Қаламызда кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында нақты нәтижелерге негізделген жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 224,4 млн. теңгені құрайтын 27 жобаға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 122,8 млн. теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылды, – деді ол.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба қолдау тапқан.
– Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасып, жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды. Бұл өз кезегінде қала кәсіпкерлерінің санын 32 мыңнан, ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 мың адамнан асыруға ықпал етті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласында 868,2 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылды, – деп толықтырды әкім.
Сауда орындарын жаңғыртуға 5,8 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. «Сұлтан» әмбебап базары 794 миллион теңгеге толық жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. «Асбол» (2,8 миллиард теңге), «Сыбаға» (710 миллион теңге) және «Талғат» (1,5 миллиард теңге) базарларында құрылыс-монтаждау жұмысы жүріп жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!