Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мал өсіріп, егін еккен

19.02.2020, 14:03 907

«Еңбек етсең, емерсің» деген ұстаным – Арал жұртшылығының басты қағидасының бірі. Облыстың солтүстік аймағында орналасқан ауданның өзіне тән табиғи ерекшелігі, тіпті қиындығы да аз емес. Оңтүстік беткейде жайма-шуақ көктемнің лебі сезілсе, теңіз төскейінде ақпанның ызғары әлі сейіле қойған жоқ. Атакәсібі балық аулауды ауыл шаруашылығы саласымен ұштастырған мұндағы ағайын қазіргі таңда мал қыстату қамымен қарбаласып жүр. Жылы күздің басында төрт түлігінің жем-шөбін қамдап алған шаруақор жандар қорадағы малының қыстан қысылмай шығып, мал төлдету науқанын сәтімен өткізіп, көктемгі егіске шығуды межелеуде. Аманшылық болса, төрт түліктің төлінің қырқаны жабар шағы да қыр астында.

Қолдағы деректе өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 7,9 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға артқаны, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,1 пайызға, жылқы 10,2 пайызға, түйе 3,7 пайызға, қой мен ешкі 5,2 пайызға өскені жазылыпты.

Жуырда Сырдарияның арғы жағалауындағы ауылға жолымыз түсті. Сапар барысында «Әлсейіт» көпіріне жақын маңайдан шудасы желмен желбіреген қалың түйе келесін жолықтырдық. Шетінен түгін тартса майы шығардай, екі өркеші баладай деуге лайықты күйлі екен. Келенің бір шетінде қаққан қазықтай шаншылып тұрған алып тұлғалы қара бура көзге ерекше көрінеді. Жанымдағы серігім бұл түйелердің Арал ауданы кәсіпкеріне тиесілі екенін жеткізді. Қалың қарды елемей маң-маң басып ұзап бара жатқан «дала кемесі» атанған Ойсылқара тұқымын көзбен ұзатып салдық.

Есіме мал өсіріп, отбасын асырап отырған құрдасымның «Мал өсіруді барынша дамытса деймін. Бейнеті мен шығыны аз болмасы да түсінікті. Ұры-қары, түз тағысы да бар дегендей. Алайда төрт түлікті валюта деп ұғынған абзал. Қажетті уақытта сатып, сойып, пайдаңа жаратасың. Ешкімге қол жаймайсың» деген уәжі оралды. Бәлкім, ауылда қарапайым тірлік кешкен құрдасым өзінің пікірін тігісін жатқызып жеткізе де алмаған шығар. Десе де, сөзінің астарында шындық бары анық.

Айтар ойымызды «Мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 52 жобаға 159,7 млн теңге бөлінсе, өңірлік инвестициялық орталық арқылы 37 жоба қаржыландырылды. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы мал санын арттыруға бағытталған жалпы құны 255,3 млн теңге болатын 42 жоба қаржыландырылды. Жалпы қаржы институттары арқылы 686,5 млн теңгенің 142 жобасы қаржыландырылса, оның 50 пайызы, яғни 71 жобасы кент және ауылдық округтердің үлесіне тиесілі» деген дерекпен жалғасақ. Мұның өзі дала перзентінің мал шаруашылығын дамыта түссек деген лебізімен ұштасып жатқандай.

Және білгеніміз, 2019 жылы Арал ауданы бойынша 203,4 гектар жерге егін егіліпті. Олардың арасында жаңа жоңышқа, картоп, бақша, көкөніс, ескі жоңышқа мен 5 гектар жерге алма көшеттері егілгенге ұқсайды.

Осынау құлаққа жағымды естілген сөз теңіз төскейіндегі қабырғалы қауымның ауыл шаруашылығының қай саласын да жатырқамайтынын аңғартады. Тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан ауыл адамы үшін жем-шөптің бәсі қашанда биік. Ал құрамында мал ағзасына қажетті дәруменнің баршасы табылатын жоңышқа егілсе, неге құптамасқа?!

Орайы түскенде «Ақирек ауылдық округіндегі Қаһар каналына тазалауға, Қаратереңдегі «Баян», Бөгендегі «Көкіш» (Сағымбай) каналдарының су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 190,6 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Жетес би ауылдық округіндегі «Советжарма» каналының сағасына 2 көзді су тоспасын салуға облыстық бюджеттен 42,1 млн теңге бөлініп, су тоспасы салынды» деген мәліметті де жеткізе кетсек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мал шаруашылығын жандандыруға жағдай жасау, төрт түлікке жем-шөп қажеттілігі қандай маңызды болса, каналдарды тазалау, су шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің де орны ерекше екені көзі қарақтыларға жақсы мәлім.

Кәрі құда, қатал қыстың соңғы айы да аяқталуға жақын. Әні-міне дегенше күн жылынып, күллі тіршілік атаулы жанданар шағы жақын қалды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Ендеше, іске сәт!

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: