Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келіссөздердің нәтижесі: Кәсіпкерлердің мәселесі шешілді

13.05.2022, 9:15 372

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлеріне екі бизнесмен жүгінді. «Қызылорда су жүйесі» мекемесі бір кәсіпкердің 41 мың теңгесін жыл бойы төлемей келсе, электр энергиясын таратушы мекеме екінші кәсіпкерге артық төлем есептеген.

Алматы облысының кәсіпкері Берік Әбсадықов былтыр «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына автобөлшектер жеткізіп беретін болып, мемлекеттік сатып алу шартына қол қояды. Шарт бойынша кәсіпкер кәсіпорынға 41 мың теңгенің тауарын жеткізіп беруі керек және оны уақытылы орындайды. Алайда тапсырыс беруші ешқандай түсініктеме берместен, жыл бойы төлем жасамай келген. Кәсіпкер палатаның көмегіне жүгінді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері кәсіпкердің атынан талап арыз әзірлеп, сотқа жолдады. Сотта дауды медиация тәртібімен реттеу жөнінде келісім бекітіліп, «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны жеке кәсіпкер Берік Әбсадықовқа тұрақсыздық айыппұлымен бірге 45 мың теңгені төлеп берді.

Екінші оқиға «Шыңғыс құрылыс компаниясы» ЖШС-ға қатысты. Компания басшысы электр энергиясына кеткен шығынды уақытылы төлеп келе жатқанын жеткізді. Алайда 1 сәуірде «Қызылорда электр тарату тораптар компаниясы» АҚ автоматтандырылған бақылау есептеу құралының ажырауы салдарынан электр энергиясын есептемегенін хабарлап, жұмыс істемеген кезеңге 14302 квт/сағатқа акті жасайды. Сол акті негізінде «Энергосервис» мекемесі қосылған құн салығымен 25,86 теңге тарифпен есептеп (орташа тариф 21,23 теңге), шамамен 370 мың теңге шот ұсынады. Наурызда компания 16 күн жұмыс істемегенін алға тартқан кәсіпкерлік нысан басшысы палата заңгерлерінен көмек сұрайды.

«Кәсіпкердің өтінішіне сәйкес облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті мамандарымен жұмыс істедік. Нәтижесінде тариф пен квт/сағат қайта есептеліп, кәсіпкер 370 мың теңгенің орнына 209 мың теңге төлейтін болды», – деді Кәсіпкерлер палатасының заңгері Гүлнұр Құрмантаева.

Айта кетейік, биыл палатаға кәсіпкерлерден 281 өтініш түскен, оның 132-сі бизнесті қорғау бағытындағы арыз-шағымдар.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: