Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Инвестиция игілігі мен индустрия иірімі

24.06.2021, 11:00 439

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың бірі – шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Бағдарламаның мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін  екпінді  ынталандыру.

Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында өңірде индустрияландыру бағ­дарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында жұмыстар жалғасуда. Соңғы онжылдықтың бедерінде аймақта құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым жеткізу, инвестициялық преференциялар және жер қойнауын пайдалану құқығы табысталды. Карта аясында іске қосылған жобалар арқылы өндірілген өнім көлемінің жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі ағымдағы жылдың 5 айымен 28%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсет­кіш  16,8%  болған.

Айта кетейік, 2019 жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды. Облыс экономикасы үшін ол кезең де табысты саналды. Өйткені екі бірдей өндіріс орны іске қосылды. Бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны, екіншісі – «Бала­сауысқандық» ванадий кен орны. 2020 жылдан бастап индустрияландырудың үшінші бес­жылдығына  қадам  бастық.

БЕС ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Қызылорда облысының индустриялық-иннова­циялық даму басқармасының мәліме­тінше, индустрияландыру бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасында құны 542,9 млрд теңгені құрайтын, іске қосыл­ғанда 7,4 мың адамды жұмыспен қам­титын 41 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын, толық қуат­тылыққа шаққанда 220 адамды жұмыспен қамтитын 5 жоба іске қосылды. Олар – балық­ты тереңінен өңдейтін 2 цех, алғашқы кварц құмын байыту комбинатының І желісі, тротуар­лық плитка, жиектас, лего кірпіш өндірі­сі және түйіршіктелген аммоний-сульфат  өндірістері.

Сондай-ақ, биыл облыстың өнеркәсіп сала­сының дамуына серпін беретін шыны зауы­ты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, ас тұзы өндірістері және құс фабрикасы сияқты 4 жоба іске қосылады деген жоспар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде облыс экономикасын әртараптандыруға әсер ететін экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құрылмақшы. Ол кезде шамамен 500-дей жұмыс орны ашылып, 48,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Оның ішінде, Арал ауданында орналасқан «Qazaq Qamel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірісінің құрылысы» жобасы өңірімізге инно­вациялық жоба болып табылады. Бұл өнім республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шетелге экспортталады. Бүгінгі таңда зауыт  құрылысы  85%-ға  аяқталған.

Ауыл шаруашылығы саласымен қатар индустриялық аймаққа қадам басқан облыстағы «Аралтұз» акционерлік қоғамы өнімге сұраныстың жоғары болуына байланысты 3-ші испан цехын салу мәселесін бірнеше жыл бұрын қарас­тырған. Өткен жылы тұз өндіру көлемін 25 пайыз­ға ұлғайтты. 2022 жылға қарай 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіп­орын бүгінде қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өндіретін үшінші испандық цех құрылысының 80%-ы аяқ­талған.

ЕКІНШІ  ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖОСПАРЫ  ҚАНДАЙ?

Аймақтың инвестициялық тартымдылық потенциалының жылдан-жылға артып келе жатқаны анық. Түрлі индустриалды жоба­ларды жүзеге  асыру үшін соңғы жылдары тартыл­ған 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей инвести­цияның 400 млрд теңгесі неме­се 17,4 пайызы  2019 жылдың  еншісіне  тие­сілі. Бағ­дарлама ая­сын­да  жүзеге  асырылған ірі жобаның бірі – шыны зауыты. Бүгінде құрылыс жұмыстары  82  пайызға  аяқталды.

Сәуір айының аяқ шенінде Қызыл­орда облы­сының әкімі Г.Әбдіқалықова «Табақ шыны өндіру және өңдеу» зауытына барып, құрылыс жұмыстарын тексерген бола­тын. Жоба  жетекшісі – «Orda  Glass  Ltd»  ЖШС.

Облыс әкімдігі сыртқы инженерлік инфра­құрылымды жеткізу бойынша жұмыстарды орындады. Атап айтсақ, газ құбырының екі тармағы және сумен жабдықтау, электр желісі, автожол және байланыс жұмыстарын жүргізді. Теміржол тұйығының құрылысы жуырда аяқталады  деп  жоспарлануда.

– Біз зауыт өндірісінің іске қосылуымен капиталдың басқа елдерге жіберілуін тоқтатамыз және елді өзіміз әйнекпен қамтамасыз етеміз. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елге құны шамамен 1 млн АҚШ долларын құрайтын шыны импортталды. Атап өту қажет, шыны зауытының іске қосылуымен кемінде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде шыны зауытының айналасында инвесторлармен 3 жобаны іске асыруды бастадық. Бұл – шыны талшық (2 млрд теңге), айна (4 млрд теңге), шыны ыдыс және ыдыс (10 млрд теңге) өндірісі. Жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады, – дейді Қызылорда облысының индустри­ялық-инновациялық даму басқар­ма­сының  басшысы  Р.Сұлтангереев.

Сондай-ақ, өңірде металлургия саласында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын және «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобалары жүзеге асуда. Шалқия кен орнында кен байыту комбинаты құрылысын 2021 жылдың екінші жарты жылдығында бастау көз­делуде.

ЖОБА  КӨП,  ЖОСПАР  АУҚЫМДЫ

Қызылорда облысының индустриялық-иннова­циялық даму басқармасының ресми сайтындағы мәліметтеріне сүйенсек, ҚР Премьер-министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумға сәйкес облысқа 2021 жылы 456 млрд теңге инвестиция тарту межеленген. 2021 жылғы 3 айда 41 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда  3%-ға  өскен.

2021 жылғы I тоқсан ішінде инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға ықпал жасай­тын «Қызылорда облысына инвестиция тарту тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары»  жүзеге  асырылды.

2020 жылдың  басынан  бастап  облыс  әкім­дігінің қаулыларымен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына  сомасы 34,4 млрд теңгеге  9  жоба  енгізілген:

1. «Агрохимсервис» ЖШС-нің «Аммоний-сульфатын түйіршіктеуді ұйымдастыру» жобасы.

2. «Мелиоратор» ЖШС-нің «Тротуар плиткаларын, жиектастарды, лего кірпіштерін гипер­прессовкамен өндіру» жобасы.

3. «Абдулла»   ШҚ-ның  «Тауық  етін  өндіруді  қамтамасыз  ету  мақсатында брой­лерлер өсіру және тауық етін қайта өңдеу бо­йынша құс фермасын іске қосу» жобасы. Жоба құны – 3,9 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 3,5 мың тонна, жұмыс орындары:  құрылыс кезінде – 20 адам, пайдалану кезінде – 120 адам, іске асыру орны – Жаңақорған ауданы, іске  асыру  кезеңі – 2021-2022  жылдар.

4. «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна өндіру зауытының  құрылысы»  жобасы.

Жоба құны – 4,5 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 2,6 млн шаршы метр, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 60 адам, пайдалану кезінде – 34 адам, іске асыру орны – Қызылорда қаласы, іске  асыру  кезеңі – 2021-2022 жылдар.

5. «Tin Oris» ЖШС-нің «Шиелі ауданында 10 мың га алқапқа жаңбырлатқыш қондыр­ғылармен  жоңышқа өсіру» жобасы. Жоба құны – 4,5 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 120 мың тонна, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 200 адам, пайдалану кезінде – 202 адам, өткізу орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2023  жылдар.

6. «NUR@GER» ЖШС-нің «Жалағаш ауданын­да  күріш  сабанынан целлюлоза өндіру   зауытын  салу»  жобасы.  Жоба құны – 500 млн теңге, қуаттылығы – жылына 2,8 мың тонна,  жұмыс  орындары: құрылыс кезінде – 15 адам, пайдалану кезінде – 36 адам, іске  асыру  орны – Жалағаш  ауданы, іске асыру  кезеңі – 2021-2022  жылдар.

7. «Каусар Ж.Д.» ШҚ-ның «Құс фабри­касының құрылысы» жобасы. Жоба құны – 158 млн теңге, қуаттылығы – жылына 2,3 млн дана, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 10 адам, пайдалану кезінде – 7 адам, іске асыру орны – Жалағаш ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022  жылдар.

8. «КАРАГАНДА АГРО ИНВЕСТ-Т» ЖШС-нің «Қазақстан аумағында бақша дақылдарын жемістер мен көкөністерді жоғары сапалы азық-түлік  өнімдеріне  және жартылай фабрикаттарға өндірістік өңдеу бойынша «Агроөнеркәсіптік кешен» жобасы. Жоба құны – 20,3 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 269,5 мың тонна тауарлы өнім, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 43 адам, пайдалану кезінде – 489 адам, іске асыру орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.

9. «Молдир и К» ТС-нің «Құс фабри­касы құрылысын кеңейту» жобасы. Жоба  құны –  148 млн теңге, қуаттылығы – жылына 9,3 млн дана, жұмыс орындары құрылыс кезінде  – 30 адам, пайдалану кезінде – 19 адам, іске асыру орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022   жылдар.

Облыста индустриялық аймақты құру үшін 511,9 га жер телімі бөлінген. Әрбір индустрия­лық  аймақ  энергия  және сумен жабдықталған, табиғи  газбен  қамтамасыз  етілген.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: