Күн сайын дүкенге кіріп, мейрамханада тамақтанып немесе әлеуметтік желіде жарнаманы көріп жүргенімізбен, бизнес әлемінде көпшілік біле бермейтін қызықты жайттар аз емес. Кейбір маркетингтік тәсіл мен кәсіпкерлік шешімдер таңғалдыруымен қатар, табысты бизнестің қалай құрылатынын да көрсетеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жаңадан ашылған мейрамханалардың шамамен 90 пайызы алғашқы бір жылға жетпей жұмысын тоқтатады. Сарапшылар мұны жоғары бәсекелестік, қаржыны дұрыс жоспарламау және тұтынушылардың сеніміне ие болудың қиындығымен байланыстырады. Сонымен қатар, қызметкерлердің еңбек өнімділігі аптаның дәл сейсенбі күні ең жоғары деңгейге жетеді екен. Сондықтан көптеген компания маңызды кездесулер мен күрделі тапсырмаларды осы күнге жоспарлауға тырысады.
Әлемдік нарық та бір орында тұрған жоқ. Мәселен, күн сайын әлемде орта есеппен 33 жаңа тауар пайда болады. Оның ішінде шамамен 13-і – балаларға арналған ойыншықтар. Айтпақшы, бүгінде әлемдегі ойыншықтардың 80 пайыздан астамы Қытайда өндіріледі. Әлемде күн сайын шамамен 65 адам миллионер атанады. Бір қызығы, табысқа жеткен адамдардың бәрі бірдей университет бітірмеген. Зерттеулерге сәйкес, миллионерлердің шамамен 20 пайызы жоғары білім алмаған.
Көпшілік мұнайды әлемдегі ең өтімді өнім деп есептейді. Алайда, мұнайдан кейін халықаралық саудадағы ең сұранысқа ие тауарлардың бірі – кофе. Күн сайын миллиондаған адам таңын осы сусынмен бастайды.
Маркетингтің де өз құпиялары бар. Атап айтар болсақ, сауда орталықтарында сезілетін жағымды иістердің басым бөлігі арнайы ароматизаторлар арқылы таратылады. Мамандар, мұндай хош иіс адамның көңіл күйіне әсер етіп, дүкенде ұзақ уақыт жүруіне және көбірек сауда жасауына ықпал ететінін айтады. Сол секілді, балаларға арналған ойыншықтардың көбін дүкендерде төменгі сөрелерге орналастырады. Өйткені олар дәл балалардың көз деңгейіне сәйкес келеді. Осыдан-ақ сатып алу ықтималдығын арттыруға арналған қарапайым маркетингтік тәсілді байқаймыз.
Фастфуд мейрамханаларында шапшаң ырғақты музыканың қойылуы да кездейсоқ емес. Мұндай әуен келушілердің тағамды тезірек тұтынуына әсер етеді. Соның нәтижесінде, үстелдер жылдам босап, келесі тұтынушыларға орын ашылады. Әлемге әйгілі McDonald’s желісінде негізгі табыс көздерінің бірі – сусын сатылымы. Ал кейде өте ұсақ өзгерістің өзі үлкен үнем әкеледі. Мәселен, American Airlines әуе компаниясы бизнес-класс мәзіріндегі бір ғана зәйтүнді алып тастау арқылы жыл сайын шамамен 40 мың доллар үнемдеген.
Табысты бизнестің артында батыл шешімдер де кездеседі. 1998 жылы Google компаниясының негізін қалаушылар Ларри Пейдж бен Сергей Брин өз жобасын Yahoo компаниясына 1 миллиард долларға сатуды ұсынған. Алайда, ұсыныс қабылданбады. Нәтижесінде бірнеше жылдан кейін Google әлемдегі ең қымбат технологиялық компаниялардың біріне айналып, нарықтық құны ондаған миллиард долларға жетті.
Маркетинг тарихында ерекше мысалдар да бар. ХХ ғасырдың басында кәсіпкер Николай Шустов өз коньягын жарнамалау үшін жастарды мейрамханаларға жіберіп, дәл сол өнімді сұратқан. Өнім жоқ деген жауап естігенде олар наразылық білдіріп, шу шығарған. Осылайша, жұртшылықтың қызығушылығы артып, «Шустов» бренді қысқа мерзімде кеңінен танымал болған. Қазіргі күні жарнама индустриясы әлемдегі ең ірі нарықтардың біріне айналды. Оның жылдық айналымы жарты триллион долларға жуықтайды. Бұл көрсеткіш тіпті темекі өнімдерінің әлемдік сауда айналымынан да жоғары.
Көріп отырғанымыздай, бизнестегі табыс тек өндірілген өнімнің сапасына ғана тәуелді емес. Нарықтағы жетістікке жету үшін тиімді маркетингтік шешімдер қабылдап, тұтынушының сұранысы мен мінез-құлқын терең зерттеу, өзгерістерге дер кезінде бейімделу аса маңызды.
Дайындаған П.ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!