Қызылорда облыстық сотында 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өткізілді, деп жазады баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Маликова Шолпан Маратқызы, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Елшібеков Бақытбек Есенгелдіұлы, Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы Асанова Мөлдір Әбдіғабпарқызы және өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шараны Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маратқызы ашып, бұқаралық ақпарат құралдары бүгінгі таңда азаматтық қоғамның институты ретінде билік пен халықты байланыстырушы және еліміздің жетістіктері мен жағымды жаңалықтарының жаршысына айнала білгенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Бақытбек Есенгелдіұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды халыққа жеткізіп, сот жұмысын ақпараттандырып отыруға зор үлес қосып келе жатқанына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы Мөлдір Әбдіғабпарқызы ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, игі тілегін білдірді.


Іс-шара барысында сот жүйесі қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының және Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Сонымен қатар, сот қызметінің ақпараттық жұмысын жүргізуге белсене атсалысып жүрген мамандары да Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының 30 жылдығы қарсаңында және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткізілген «Сот репортері» байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Байқау қорытындысы бойынша «Халық» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаев І орын иеленді. Ал, байқаудың бас жүлдесі ақпарат саласының ардагері, «Сыр дидары» газетінің тілшісі Бейбітбек Бүркітбайұлына табысталды.
Іс-шара аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атынан белгілі қаламгер-журналистер Н.Көбегенұлы және Б.Бүркітбайұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!