Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елі – ырысты, жері – күрішті

13.11.2023, 9:00 307

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының 85 жылдығы және Сырдария ауданының 95 жылдығы ауданда дүбірлетіп атап өтілді. Мерейтой аясында Орталық стадионда «Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария» тақырыбында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, аудан азаматтарына құрмет көрсетілді. Бұл туралы Сырдария ауданы әкімінің баспасөз ықзметі хабарлады.

Мерейтойлық іс-шарада Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сырдариялықтарға арнаған мерекелік құттықтауын оқып, аудан әкіміне табыс етті.

«Баршаңызды Қызылорда облысының 85 жылдық және Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мерекелерге қызылордалықтар бекем бірлік, тату тірлігінің арқасында жақсы нәтижелермен жетті. Жақында өңірімізге іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтың дамуына жоғары бағасын берді. Бұл – барша сырбойылықтардың еселі еңбегіне берілген баға. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – баршаңыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің нәтижесі. Сырдария ауданының 95 жылдығы құтты болсын» делінген аймақ басшысының құттықтау хатында.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.

– Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Сырдария ауданының 95 жылдық белесіне зор жетістіктермен жетудеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев ауданның дамуына зор колдау көрсетуде. Осыған орай ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар жаңадан салынып, қайта жаңғыртудан өткізілуде. Биыл ауданда Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтсе, Н.Ілиясов ауылында жаңадан дәрігерлік амбулатория салынуда. Халықтың тұрақты спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлініп, облыстық бюджет есебінен аудан орталығындағы спорт клубы күрделі жөндеуден өтті. Одан бөлек, Бесарық ауылында жаңа спорт кешені бой көтеруде. Аймақ басшысы өңірде ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды. Осы ретте, биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр желілері толық жаңартылды. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар Шаған ауылында да атқарылуда. Ауданды табиғи газбен қамту жұмыстарына өңір басшысы қолдау көрсетіп, жақында ғана Қалжан ахун ауылына газ беру іс-шарасына арнайы қатысты. Өздеріңізге белгілі, Тереңөзек кенті газбен толығымен қамтылған, ауылдық округтерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда басқа салалар да даму үстінде. Мұның бәрі – айтуға оңай болғанымен, үлкен еңбекті талап ететін жұмыстар. Ұлы өзенді жағалай орналасқан аудандағы барлық игілікті істер халықтың бірлігімен, ынтымағымен атқарылуда. Сырдариялықтар тұрақтылықты ту етіп, ғасырлық белеске қарай қадам басуда. Сондықтан сәулеті мен дәулеті жарасқан ауданда алдағы жылдарда да Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен, халықтың ауызбірлігімен айтулы жұмыстар жалғаса беретін болады. Баршаңызды Қызылорда облысының 85 жылдық және Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Елі ырысты, жері күрішті Сырдария ауданы дами берсін! – деді аудан басшысы.

Құттықтаулардан соң ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Марат Сақтапов, Қаршыға Есімсейітова, Сәбит Әлжанов, Роза Әлбатырова, Айтбай Көшербаев, Сәуле Өмірзақова «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Сондай-ақ бірқатар азамат ауданның «Құрмет грамотасымен» және «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды. Салтанатты іс-шара эстрада жұлдыздары Әбдіжаппар Әлқожа, Ғазизхан Шекербеков, Құралай Мейрамбек және өңір әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. «Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария» тақырыбында театрландырылған мерекелік қойылым қойылып, торқалы той мерекелік отшашумен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: