Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Roca Group» ЖШС-ның санитарлық-техникалық бұйымдар зауыты жобасы бойынша құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуде жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, инвесторға қолдау көрсету және құрылыс нысандарында кәсіпорын өнімдерін кеңінен пайдалану мәселелері қаралды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Мемлекет басшысы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, әсіресе, заманауи өндірістер ашуды тапсырды. Өздеріңізге белгілі, маусым айында испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру зауытының капсуласын салу рәсімі өтті.
Бұл ірі компанияның өңірімізге келуі – бірнеше жылдық еңбектің жемісі. 2024 жылдан бастап сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен инвесторды Қызылорда облысына тарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілді.
Бүгінде инвесторға қолайлы жағдай жасау және жобаны сапалы іске асыру мақсатында компания басшылығымен тұрақты келіссөздер жүргізіліп, нақты жұмыс атқарылуда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 40 млрд 700 млн теңге, 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне құрылысы жүріп жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған жобалар туралы ақпаратты инвесторға ұсынуды тапсырды. Санитарлық-техникалық бұйымдар түгелдей шет мемлекеттерден импортталатынын ескерсек, «Roca Group» жобасы өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің құрылыс индустриясы үшін маңызды. Мердігер компаниялар тұрғын үй, азаматтық мақсаттағы объектілерді құрылыс-монтаждау барысында өңірімізде шығатын санитарлық-техникалық бұйымдарды пайдалана алады.
Қызылорда облысы – «Roca Group» компаниясының Қазақстандағы жобасын қолдаған алғашқы өңірлердің бірі. Осы ретте компания өнімдерін өңірдегі құрылыс нысандарында кеңінен қолдану және оларды нарыққа шығаруға жағдай жасау бағыты айқындалған.
Компания биыл жазда Алматы қаласында Орталық Азиядағы алғашқы шоу-румын ашты. Сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында өнімдерді сақтауға арналған қоймалары бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!