Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңінде 140 жоба қолдау тапты

25.09.2024, 12:40 791

Өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңі басталғалы 934 млн теңгені құрайтын 140 жоба қаржыландырылып үлгерілді. Осылайша бірінші траншпен бөлінген қаржы толығымен игерілді. Бұл туралы бүгін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы мәлімдеді.

Қолдау тапқан жобалардың басым көпшілігі өңдеу саласы мен ауыл, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бағыттағы бизнес бастауды мақсат еткен жобалар. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысамен деген тұрғындардың 32 жобасына – 279,5 млн теңге, егін шаруашылығын қолға алғандардың 7 жобасына – 43,37 млн теңге, өңдеу саласымен айналысқысы келетіндердің 17 жобасына 104,02 млн теңге көлемінде несие берілді. Сонымен бірге басқа бағыттағы 84 жобаға 507,6 млн теңге несие берілді.

Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген биылғы жобаның аймағымызда жүзеге асырылуына 4,6 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Осыған сәйкес, 575 жоба қаржыландырылып, 610 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Бүгінде жоба басталғалы бірінші траншпен жалпы көлемі 1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол толығымен игерілді деп айтуға болады. Алдағы уақытта қалған қаржылар аударылып, өтінімдерді қабылдауды жалғастыратын боламыз, – деді Мадали Әлішерұлы.

Ұлттық жоба шеңберінде қаржыландырылған өтінімдердің ішінде Арал ауданынан 25 жоба, Қазалы ауданынан 23 жоба, Қармақшы ауданынан 8 жоба және Жалағаш ауданынан 11 жоба қолдау тапқан. Ал Қызылорда қаласынан 16 жоба, Сырдария ауданынан 7 жоба қаржыландырылса, Шиелі ауданынан 23 жоба және Жаңақорған ауданынан 27 жоба мақұлданған.

Айта кетейік, несие қаржысы 4 бағытқа бағытталады. Жобаға қатысу үшін құжаттар amanatnesie.kz порталы арқылы қабылданады. Қандай да бір сұрақ туындаса 8775-451-28-28 байланыс нөміріне қоңырау шалып, жауапты маманға жүгінуге болады.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: