Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атамекенге 10 жыл: Қызылордада 100 мыңға жуық адамға кеңес берді

26.09.2023, 15:35 378

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 10 жылда 98199 кәсіпкерге және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматқа кеңес берген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық айтты.

Палата басшысы 12203 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілгенін жеткізді. Атап айтқанда, кеңесшілер кәсіпкерлердің бухгалтерлік және өзге де есептерін тапсырып беріп, құқықтық құжаттарын дайындаған.

«Бизнес-мектеп» компоненті аясында 7083, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 11751 азаматты оқытты. Осы оқыған «бастаулықтардың» 6783-інің жобасы қаржыландырылды.

2014 жылдан бері Палата маркетологтары 2,5 мыңнан астам бизнес жоспар әзірледі.

«Іскерлік байланыстар» жобасы аясында облысымыздың 5 кәсіпкері Германияда тағылымдамадан өтті. «Аға сеньорлар» жобасы бойынша 9 кәсіпкерлік субъектісі шет ел сарапшыларын тартып, өз біліктілігін арттырды. Осының барлығын Палатаның кеңесшілері жүргізіп жатыр. Былтыр желтоқсанда «Атамекен» ҰКП-ның барлық өңір кеңесшілерін аттестациялауда біздің өңірдің кеңесшілері үздік үштіктер сапынан көрінді. Сондай-ақ, көрсетілген сервистік қызмет бойынша Астана қаласынан кейінгі 2-орында, ақпараттық қызмет бойынша 3-орында болды», – деді баспасөз мәслихатында Пірмұхаммед Сыздық.

10 жылда кәсіпкерлерден құқығын қорғауды сұрап жазылған 3000-нан астам өтініштің 1200-ден астамын Палата заңгерлері оң шешкен. Қалғандарына уақытында құқықтық түсіндірме беріп, бағыт-бағдарын көрсетті. Нәтижесінде 4800 кәсіпкердің құқығын қорғап, бизнестің 10 млрд теңгеден астам қаржысын сақтап қалды.

«Осы жылдар ішінде кәсіпкерлер «келісіп пішкен тон келте болмайтынын» түсініп, салалық қауымдастықтарға бірігудің тиімді екенін жақсы түсінді. Ол үшін біздің мамандар да жан-жақты қолдау көрсетті. Дер кезінде ақпараттармен қамтып, құжаттарын сүйемелдеуге көмек көрсетіп жатыр. Нәтижесінде облыста жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығы, туризм Қауымдастығы құрылды», – деді Палата директоры.

Сонымен қатар соңғы 8 жылда Кәсіпкерлер палатасының мамандары жергілікті тауарөндірушілерге 10885 сертификат табыстаған. Бұл құжаттардың қатарына ішкі айналымға арналған «СТ-КЗ», экспорттық және индустриалды сертификаттар жатады.

Палата құрылғаннан бері:

– облыс әкімдігімен бірге рұқсат беру құжаттарымен айналысатын  кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды;

– ауыл кәсіпкерлерінің жобасын қаржыландыруға арналған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы мен «Атамекен Қызылорда» микро қаржы ұйымы құрылды;

– мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы ашылды;

– Кәсіпкерлер үйі құрылды.

Кәсіпкерлер үйінде бүгінгі таңда облыстық кәсіпкерлер палатасы, рұқсат беру құжаттарымен айналысатын  кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы мен «Атамекен Қызылорда» микро қаржы ұйымы, «Аграрлық-несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы орналасқан.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: