Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы меморандум бекіді

26.11.2020, 17:00 648

HALYQLINE.KZ Қызылорда облыстық прокуратурасы мен Кәсіпкерлік палатасы арасындағы ынтымақты іске асырудың 2021 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.

Екіжақты меморандумға кәсіпкерлерде жиі кездесетін өзекті проблемалар енгізілді. Мысалы, карантин талаптарының сақталуына бақылау жасайтын мониторингтік топтардың қызметін талдау, жер учаскесінің нысаналы мақсатын кәсіпкерлікке өзгерту, мемлекеттік сатып алу барысында мемлекеттік органдар тарапынан шарттарға қол қоюды созбалаңға салу, орындалған жұмыстарды қабылдамау және т.б. туындайтын әкімшілік кедергілерді анықтап, жою.

Облыс прокуроры бұған дейін де қыркүйек айында кәсіпкерлермен және жауапты органдардың өкілдерімен кездесіп, толғандыратын сауалдарын тыңдаған болатын.

Себебі, бизнесті қорғау – прокуратураның басым бағыттарының бірі. Қызылорда облыстық прокуратурасымен аймақтағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін облыс және барлық қала, аудан прокурорлары жанынан мобильдік топтар құрылды.

Жыл басынан бері мобильдік топтарға кәсіпкерлерден барлығы 8 хабарлама түсіп, расталған фактілер бойынша 3 мемлекеттік қызметкер тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, уәкілетті органдардың 4 заңсыз актісінің күші жойылды.

Мысалы, облыстық прокуратураның мобильдік тобы Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылдық округі әкімі тарапынан өз бетінше кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс уақытын заңсыз шектеу фактісін анықтап, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды(70 АЕК көлемінде сотпен айыппұл салынды).

Одан бөлек жеке кәсіпкерлерге қатысты жүргізілген тексерулердің заңдылығы зерделеніп, 7 заңсыз тексеру фактісі анықталды.

Мысалы, тексеру жүргізуге уәкілеттілігі жоқ тұлғамен (Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің штаттан тыс маманымен) мораторий талаптары бұзылып, кәсіпкерге негізсіз тексеру жүргізіліп, заңсыз әкімшілік айыппұл салу орын алған.

Қазіргі таңда заңсыз актілердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Өкінішке қарай, анықталған фактілер тек прокуратураның күшімен анықталып, кәсіпкерлер тарапы үнсіздік қағидасын ұстануда.

Кездесу соңында кәсіпкерлердің пікірлері ескеріліп, бірлесіп жұмыс істеуге шешім қабылданды. Егер мемлекеттік органдардың тарапынан қандай да бір заңсыздықтар орын алса кәсіпкерлер облыстық прокуратураның сенім телефонына: 8 (7242) 26-20-06 немесе 8702 018 9600 WhatsApp номеріне хабарласа алады.

Қызылорда облысының прокуратурасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: