Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұлдызы жарық Шиелі

04.11.2026, 9:00 96

HALYQLINE.KZ

Қазанның соңғы күндері. Қызылордадан Шиелі топырағына қарай бет алған сапарымның әуелгі сәтінен-ақ көңілімді бір үлкен толғаныс тербеді. Ауылдың жыл он екі айғы тыныс-тіршілігінде әр мезгілдің өз жүгі, өз міндеті бар екені хақ. Көктемде жер бусанып, тіршілік бой көтерсе, жазда егінші күннің аптабымен арпалысып, атыз басынан көз ұзатпайды. Ал күз келгенде сол маңдай тер мен табанды еңбектің өтеуі таразыға тартылады. Шын мәнінде, диқан үшін күздің қадірі де, қасиеті де осы сәтте көрініс табады. Дала төсіне түскен дәннің тағдырын ала жаздай бағып, ақыры қамбаны астыққа толтырған еңбеккердің қуанышын сырттай ұғыну қиын-ақ. Оны шынайы сезіну үшін егістік басында бозарып атқан таңның аязы мен түстіктің ыстығын көріп, алақанының табы мен әжім басқан жүзін байқау керек шығар. Біз бұл жолы Шиеліге сол еңбек адамдарының мерейі тасыған екі күндік тоқшылық тойын бастан кешіп, жүрекпен сезіну үшін арнайы аттанған едік.

Тәлім мен тағылымның бастауы – Жақаев жолы

Сапардың алғашқы күні таңертеңнен бастап Ыбырай Жақаев ауылында қасиетті рухқа тағзым етуден басталды. Азанғы сағат тоғызда даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ескерткіш-кесенесіне гүл шоқтары қойылып, рухына құран бағышталды. Артынша қадірлі қауым Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің тынысымен танысып, өңірдің шежірелі өткеніне үңілді.

Осы тұста Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтайдың қаламынан туған «Жұлдызы жарық Шиелі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Алматыдағы «Аннұр сапа» баспасынан жарық көрген бұл туындыда қасиетті өлкенің ғасырлық шежіресі, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолы кеңінен қамтылған. Туған жердің өткені мен бүгінін алтын арқаудай сабақтастырған бұл еңбек – ауданның рухани қазынасына қосылған сүбелі үлес.

Күннің екінші жартысында облыстық ғылыми-танымдық конференция өтіп, «Ыбырай Жақаевтың еңбек мектебі: дәстүр, тағылым және сабақтастық» тақырыбы терең зерделенді. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков модераторлық етіп, қазақ ғылымының абыройы Асқар Жұмаділдаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкіров, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференция барысында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков баба жолының бүгінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.

– Ыбырай атамыздың еңбек жолы – кейінгі диқан буынға бағыт-бағдар беретін үлкен мектеп. Оның жерді күтіп-баптау, суды тиімді пайдалану және еңбекті қадірлеу жөніндегі тәжірибесі бүгінгі ауыл шаруашылығы үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі конференцияның мақсаты – даңғайыр диқанның бай мұрасын зерделеп, еңбек дәстүрін дәріптеу және озық тәжірибесін келер ұрпаққа жеткізу, – деді аудан әкімі.

Жиында профессор Бақыт Қалиұлы, ардагерлер мен ұстаздар Ыбырай Жақаевтың жаңашылдығы мен диқаншылықтағы қайталанбас рекордын сөз етті. Еске сала кетсек, бабамыз 1949 жылы күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, әлемдік деңгейдегі теңдессіз рекорд жасаған болатын.

Жастар мен аға буын сабақтастығы

Мерекенің алғашқы күні түстен кейін Шиелі кентіндегі Ыбырай Жақаев саябағында «Жақаевшылар ізімен: Жаңа заман озаттары» атты аудан жастарының еңбек озаттарымен кездесуімен жалғасты. Су саласының ардагері Әлияр Сейітов, шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков және Дихан Әубәкіров сынды еңбек ардагерлері жастарға адал кәсіптің қыр-сырын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастар көкейдегі сауалдарын қойып, аға буыннан өнеге алды.

Осы күні Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақ ғылымының шоқжұлдызы, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас және қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты салтанатты кеш өтті.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қос тұлғаның ел алдындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.

– Шиелі – еңбек даңқымен танылған, ғылым мен білімде биік белестерді бағындырған біртуар тұлғаларды түлеткен қасиетті өлке. Бүгінгі мерейтой иелері – осы өлкенің мақтанышы. Асқар Серқұлұлы ғылым арқылы ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтерсе, Бибіжан апамыз мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыстарда ел мүддесіне адал қызмет етудің үлгісін көрсетті, – деді аудан басшысы.

Жиында Рахым Мәуияұлы, Сұлтанбек Оразымбетов, Дайрабай Ысқақұлы және Әтіркүл Шорабаевалар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жастар мен зиялы қауым арасындағы сабақтастық көрініс тапты.

Дән даласындағы думан

Мерекенің екінші күні таңғы сағат сегізден бастап Сапаржай алаңы маңында «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірдің молшылығы халыққа жайылды. Елу жүк көлігімен жеткізілген 140 тоннадан астам табиғи өнім – диқандардың маңдай терінің жемісі.

Артынша «Алтын күз – 2026» мерекесіне арналған «Жұлдызы жарық Шиелі» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, еңбек озаттарын марапаттау рәсімі басталды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, ел диқандарына алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, терең өңдеуді қолға алғанын ерекше атап өтті. Бұл – Президенттің Сыр еңбеккерлеріне берген жоғары бағасы. Алдағы уақытта да диқандарымыз аграрлық саланы жаңа деңгейге көтеріп, еңбегін еселей түсетініне сенемін. Биыл ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға 37 млрд теңге бөлініп, 178 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – деді аймақ басшысы.

Тоқшылық тойында Шиелі диқандарының жылдық қорытындысы да жарияланды. Биыл аудан бойынша 32 499 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, соның 11 600 гектарын күріш алқабы құраған. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 61,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 71 340 тонна Сыр салысы құйылды.

Салтанатты іс-шара барысында егін науқанында озат шыққан азаматтарға Премьер-министрдің және облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді. «Үздік шаруашылық», «Озат күріш өсіруші», «Озат комбайншы» номинациялары бойынша үздіктер марапатталып, еңбек озаттарына тұрғын үй кілті мен 1 миллион теңгелік қаржылай сертификаттар табысталды. Тіпті, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Ыбырайұлына арнайы автокөлік сыйға тартылды.

Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев пен Құрылтай депутаты Серік Қожаниязов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның құрметті азаматы Сұлтанбек Қойшыбайұлы ақ батасын беріп, көпшілікке ізгі тілегін арнады.

Күндізгі бағдарлама қазақ күресінен облыстық турнирмен және түрлі спорттық сайыстармен жалғасып, жастардың белсенділігін көрсетсе, артынша «Шалқыған ән мен жыр елім, Киелі мекен – Шиелім!» атты аудан көркемөнерпаздарының концерті көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Күн еңкейіп, қас қарайған шақта Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионға жиналған мыңдаған тұрғын қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерттің куәсі болды.

Кешті танымал тележүргізуші Ардақ Қасымхан жүргізіп, сахна төріне елімізге белгілі өнерпаздар Гүлнұр Оразымбетова, Сырым Исабаев, әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлы және жастардың сүйікті әншісі Bayansulu шығып, әсем әндерін шырқады. Кеш соңы Шиелі аспанында жарқыраған әсем отшашумен түйінделіп, екі күнге созылған ұлы думан өз мәресіне жетті.

Шиеліден қайтар жолда көз алдымыздан таңғы жәрмеңкедегі береке, ғалымдар мен жастардың ғибратты кездесуі, сахна төрінде марапат алған еңбеккерлердің жүзіндегі қуаныш қайта өтті. Еңбегі ақталған елдің еңсесі әрқашан биік болмақ. Ыбырай бабаның ізін басқан диқандардың ендігі еңбек мезгіліне де мол ырыздық тілеп, бас шаһарға қайта оралдық.

Ердәулет ҚАЛИЕВ,
Қызылорда – Шиелі – Қызылорда

Суреттер ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: