Киелі Түркістан қаласына халықаралық деңгейде жаңа мәртебе берілді. 2027 жылы шаһар Ислам әлемінің мәдени астанасы атанады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мемлекет басшысы 30 қазанда Түркияның Анкара қаласында өткен саммитте түркі халықтарының тарихи және мәдени мұрасын сақтау, оны халықаралық деңгейде дәріптеу мәселесіне тоқталды. Президенттің айтуынша, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ИСЕСКО Түркістанға 2027 жылғы мәдени астана мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған.
— ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, жаңа мәртебе аясында Түркістанда халықаралық ғылыми және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар түркі және ислам әлемінің музей саласы мамандарының басқосуы өтпек. Мемлекет басшысы ғалымдарды осы жиындарға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған дейін Қазақстан Түркістан қаласының кандидатурасын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынған болатын. Бұл бастама биыл мамыр айында Қазан қаласында өткен ИСЕСКО Бас конференциясының XV сессиясында көтерілген.
Түркістанда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Қаланың жаңа мәртебесі тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!