Бүгін Шиелі ауданында «Алтын күз – 2026» мерекесі аясында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақ ғылымының абыройын асқақтатқан көрнекті ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойына және мемлекет пен қоғам ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Тағылымды іс-шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мерейтой иелерін мерейлі белестерімен құттықтады.
Өз сөзінде аудан басшысы қос тұлғаның өмір жолы елге адал қызмет етудің, білім мен парасатты ту етудің, кәсібіне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ Шиелі топырағынан түлеп ұшқан азаматтардың жетістігі туған өлкенің абыройын асқақтатып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретінін жеткізді.
«Шиелі – еңбек даңқымен танылған, ғылым мен білімде биік белестерді бағындырған біртуар тұлғаларды түлеткен қасиетті өлке. Бүгінгі мерейтой иелері — осы өлкенің мақтанышы. Асқар Серқұлұлы ғылым арқылы ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтерсе, Бибіжан апамыз мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыстарда ел мүддесіне адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Олардың өмір жолы — кейінгі буын үшін баға жетпес тағылым мектебі», — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сонымен қатар, тағылымды кездесу кешінде Шиелі ауданының Құрметті азаматтары Рахым Мәуияұлы мен Сұлтанбек Оразымбетов, салық және қаржы саласының ардагері Дайрабай Ысқақұлы, аудан ардагері Әтіркүл Шорабаева сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Тағылымды кештің басты ерекшелігі – жастар мен аға буын арасындағы ашық пікір алмасу болды. Кездесу барысында жастар мерейтой иелеріне көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ғылым, білім, мемлекеттік қызмет, өмірлік тәжірибе мен елге қызмет ету жолындағы жауапкершілік туралы құнды кеңестер алды.
Кеш барысында аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер мен өнеге тоғысқан тағылымды кездесу мерейтой иелеріне көрсетілген зор құрмет пен ел ықыласының жарқын көрінісіне айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!