Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әркім өз пайдасын ойласа, қоғамда тәртіп бола ма?

29.10.2026, 7:40 101

Қоғамдық орындарда тәртіп бұзған адамның бәрі бірдей біреуге қасақана зиян келтіруді көздемейді. Хақ. Бірі кезексіз кіріп, уақытын үнемдегісі келеді. Екіншісі көлігін ыңғайлы жерге қалдырып, өзгелердің жүріп-тұруына кедергі келтіргенін елемейді. Тағы бірі көшеге қоқыс тастап, оны тазалау біреудің міндеті деп есептейді. Әрқайсысы үшін бұл болмашы әрекет ғана. Алайда, осындай ұсақ-түйекке жиналған немқұрайдылық қоғамдық мәдениеттің деңгейін аңғартады. «Бәрі солай істейді ғой», «ештеңе етпес» деген сылтаулар қалыпты түсінікке айналғанда, ортақ ережеден жеке бастың  пайдасын  жоғары  қоятын әдет  қалыптасады.

Экономика мен әлеуметтік психологияда бұл мәселе ұжымдық әрекет дилем­масы арқылы түсіндіріледі. Яғни әр адам жеке басына тиімді шешім қабылдағанымен, барлығы бірдей солай істесе, нәтижесінде бүкіл қоғам ұтылуы мүмкін. Мәселен, қоғамдық көлікте кезекті сақтамаған адам бірнеше минут ұтуы ықтимал. Бірақ кезексіз кіруді өзгелер де қайталаса, кезектің мәні жойылып, дау-дамай туындайды. Сол сияқты бір адамның ортақ кеңістікті ластауы ұсақ көрінгенімен, көпшілік осы әрекетті қайталаса, тазалықты сақтау қиындайды әрі  оның  шығыны  бүкіл  қоғамға  түседі.

Бұл құбылыстың ғылыми негізі бар. Экономистер Эрнст Фер мен Симон Гехтердің 1999 жылы жариялаған Cooperation and Punishment in Public Goods Experiments атты зерттеуінде ортақ игілікке үлес қоспайтын қатысушыларды өзгелердің жазалауы ынтымақтастық деңгейін арттыра алатыны көрсетілген. Зерттеудің маңызды тұсы – адамдардың бәрі бірдей өз пайдасын ғана ойлап әрекет етпейді. Олар ортақ ереженің сақталғанын да қалайды, тіпті оны бұзған адамға қарсы әрекет жасау өздеріне белгілі бір шығын келтірсе де. Демек, қоғамдық тәртіп жеке мүддеден бас тартуды ғана емес, өзгелер­дің де ортақ міндетке адал болғанын күтуді  білдіреді.

Адамның мінез-құлқына айнала­сындағы адамдардың әрекеті ықпал ете­тіні  белгілі.  Әлеуметтік  психолог Роберт Чалдини мен әріптестері ұсынған әлеуметтік нормалар теориясы мұны екі қырынан түсіндіреді: қоғамның қандай әрекетті құптайтыны және адамдардың іс  жүзінде  қалай  әрекет  ететіні. Бұл  екеуі  үнемі  сәйкес келе бермейді. Көпшілік тазалықты сақтауды дұрыс деп санауы мүмкін, бірақ көшеде қоқыс шашылып жатса, кейбір  адам мұны қалыпты көрі­ніс  ретінде  қабылдай бастайды.

Чалдинидің 1996 жылғы Activating and Aligning two Kinds of Norms in Persuasive Communications атты ғылыми еңбегінде адамдардың назарын өзгелердің қоқыс тастау әрекетінің кең таралғанына аудару кей жағдайда кері нәтиже беретіні көрсетілген: мұндай ақпаратты көрген адамдардың қоқыс тастау ықтималдығы артқан. Өйткені, жағымсыз әрекеттің жиі кездесетінін хабарлау оны айып­таумен қатар, «мұны көпшілік жасайды» деген  әсер  де  тудыруы  мүмкін.

Бұл зерттеу қоғамдық тәртіпке қатысты маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік береді: тәртіпсіздікті сынау жеткіліксіз, дұрыс мінез-құлықтың қалыпты әрі  көпшілікке тән екенін де көрсету қажет. Мәселен, қоғамдық орынға қоқыс тастамауды талап етуден бөлек, тазалық сақтайтын азаматтардың әрекетін қолдау, кезекті бұзған адамға ескерту жасау және  ортақ ережеге  немқұрайды қарамау  да  маңызды.

Мәселенің Қазақстанға қатысы да бар. 2025 жылы жүргізілген жалпыұлттық сауалнамаға негізделген, 2026 жылы Frontiers in Human Dynamics журналында жарияланған зерттеуде 3123 респонденттің жауаптары талданған. Қатысушы­лардың 93,6 пайызы жауапкершілікті, 91,9 пайызы адалдықты аса маңызды құндылық ретінде бағалаған. Сонымен бірге, респонденттердің 38,2 пайызы қоғамдық мәселелерге немқұрайды­лықты, 36,9 пайызы екіжүзділік пен қос стандартты қоғамда кең таралған құбы­лыс  деп  сипаттаған.

Бұл деректерден қоғамның жауапкершілік пен адалдықты бағалайтынын байқауға болады. Алайда, құндылықты мойындау мен оны күнделікті өмірде ұстану – екі бөлек мәселе. Сауалнама қоғамдық орындарда тәртіп бұзатын адамдардың үлесін анықтамайды, сондықтан оны дәл сондай мінез-құлықтың тікелей көрсеткіші ретінде қабылдау да – әбестік. Дегенмен, азаматтардың құндылықтары мен қоғамда байқалатын әрекеттердің арасындағы алшақтықты зерттеу  қажеттігін  аңғартады.

Осы тұста заңға деген көзқарас та маңызды. Қазақстандағы құқықтық нигил­измге арналған 2025 жылғы ғылыми жарияланымда 2018 және 2023 жылдардағы сауалнама нәтижелері салыс­тырылған. 2023 жылы респонденттердің 16 пайызы заңды әділетсіз деп есептеген жағдайда  оны  айналып  өтуге  болады деген пікірмен келіскен; 27 пайызы мемле­кеттік немесе саяси лауазымды тұлғалар заңды сақтамаса, қарапайым азаматтар да сақтамауға құқылы деп санаған. Ал 22 пайызы  Қазақстанда заң бұзбай өмір сүру мүмкін емес деген пікірді қолдаған. Бұл көрсеткіштер 2018 жылғы нәтижелерден төмен болғанымен, заңға немқұрайды  қарау  мәселесінің әлі де бар  екенін  көрсетеді.

Қоғамдық тәртіпті тек айыппұлмен немесе қатаң бақылаумен қамтамасыз ету қиын. Заңбұзушылықтың салдары болуы керек, бірақ азамат ережені бақылаушыдан қорыққандықтан ғана емес, оның қажеттігін түсінгендіктен сақтағаны маңызды. Сондықтан, жауапкершілікті отбасынан, мектептен, жұмыс орнынан және қоғамдық ортадан бастап қалыптас­тыру қажет. Қоғамдық көлікте үлкенге орын беру, кезек сақтау, қоқыс­ты белгіленген жерге тастау секілді қарапайым әрекеттер күнделікті дағдыға айналғанда ғана ортақ мәдениет нығаяды.

Мұнда мемлекеттің де міндеті бар. Ережелер түсінікті, талаптар баршаға бірдей және олардың орындалуы әділ болуы қажет. Бір адамның заң бұзғаны үшін жауап беріп, екіншісінің жазасыз қалуы ортақ тәртіпке деген сенімді әлсіретеді. Сол себепті азаматтан жауапкершілік талап ету мен мемлекеттік институттардың әділ жұмыс істеуі өзара байланысты.

Түйіндей айтқанда, әркімнің өз пайдасын ойлауының өзі қоғамға қауіп төндірмейді. Адамның жеке мүддесі болуы – табиғи құбылыс. Мәселе – сол мүддені жүзеге асыру кезінде өзгелердің құқығы мен ортақ ережені ескере білуінде. Қоғамның өркениеттілігі адамдардың өз пайдасынан қаншалықты бас тартатынымен шектелмейді, жеке пайдасын көздегенде де ортақ жауапкершілікті ұмытпауымен өлшенеді. Бәрінен бұрын осыны  ұйғарған  жөн.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: