Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ой айту емес, ой ояту»: аналармен жұмыс жүргізуге арналған психологиялық жаттығулар

04.11.2026, 10:45 67

HALYQLINE.KZ

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қамқорлық дағдарыс орталығының қызмет алушыларына «Ой айту емес, ой ояту» тақырыбында психологиялық кездесу өткізілді.

Кездесудің мақсаты – аналардың эмоциялық жағдайына назар аудару, өз сезімдерін түсінуге, ішкі ресурстарын тануға, өзіне деген құрмет пен мейірімділікті арттыруға ықпал ету.

Кездесу барысында қатысушылармен төрт түрлі психологиялық жаттығу жүргізілді. Төменде әріптестер өз тәжірибесінде қолдана алатын жаттығулардың өткізілу тәртібі ұсынылады.

1. «Менің көңіл күйімнің түсі» жаттығуы

Мақсаты: Қатысушылардың қазіргі эмоциялық күйін тану, сезімдерін білдіру және өз ішкі жағдайына назар аудару.

Қажетті құралдар:

* Түрлі түсті карточкалар;

* Түрлі түсті қағаздар;

* Ортақ плакат;

* Жайлы, баяу әуен.

Өткізілу тәртібі:

Алдын ала сары, жасыл, көк, қызыл, қызғылт сары, ақ түсті карточкалар дайындалады.

Жүргізуші қатысушыларға:

«Қазір алдарыңызда түрлі түсті карточкалар жатыр. Бір сәт өзіңізге назар аударыңыз. Дәл қазіргі көңіл күйіңізге жақын түсті таңдаңыз. Мұнда дұрыс немесе бұрыс таңдау жоқ. Жаныңызға жақын түсті алыңыз» деп нұсқаулық береді.

Қатысушылар өздері таңдаған түстер туралы ой бөліседі.

Талқылауға арналған сұрақтар:

* Неліктен осы түсті таңдадыңыз?

* Бұл түс сізге нені еске түсіреді?

* Қазір көңіл күйіңізге не жетіспейді?

* Қандай түс сізге қуаныш сыйлар еді?

Келесі кезеңде әр қатысушы таңдаған түсіне сәйкес қағазды ортақ плакатқа жапсырады. Осылайша «Біздің көңіл күй әлеміміз» атты ортақ шығармашылық жұмыс істеледі.

Қорытынды сөзі:

«Көңіл күйіміз күн сайын өзгеріп отырады. Бірде қуанамыз, бірде шаршаймыз, кейде тыныштықты қалаймыз. Мұның бәрі қалыпты жағдай. Ең бастысы – өз сезімімізді байқап, өзімізге қамқорлық көрсете білу».

Ескерту: түстердің мағынасы міндетті психологиялық көрсеткіш емес, қатысушылардың жеке ассоциацияларын білдіруге арналған.

2. «Сиқырлы қорап» жаттығуы

Мақсаты: Жағымды қарым-қатынас орнату, қатысушылардың бір-бірін жақынырақ тануына және өз қалауы мен қызығушылықтарын білдіруіне мүмкіндік беру.

Қажетті құралдар:

* Әдемі безендірілген қорап;

* Ішіне салынған қызықты сұрақтар жазылған қағаздар.

Өткізілу тәртібі:

Қорап ішіне алдын ала әртүрлі қызықты сұрақтар жазылған қағаздар салынады. Қатысушылар кезекпен бір сұрақтан алып, жауап береді.

Сұрақтар үлгісі:

* Егер бір күнді өз қалауыңызбен өткізсеңіз, не істер едіңіз?

* Қандай ән көңіліңізді көтереді?

* Қандай гүлді жақсы көресіз?

* Қай мезгілді ұнатасыз?

* Қандай қабілетіңізді дамытқыңыз келеді?

* Қандай сөзді жиі естігіңіз келеді?

* Өзіңіздің қай қасиетіңізді мақтан тұтасыз?

* Егер бір күнге бала кезіңізге оралсаңыз, не істер едіңіз?

* Өзіңізге қандай сыйлық жасағыңыз келеді?

* Соңғы рет қашан шын жүректен күлдіңіз?

* Қандай арманды жүзеге асырғыңыз келеді?

* Өміріңіздегі ең бақытты сәттердің бірі қандай?

Қатысушылардың барлығына жауап беруге мүмкіндік беріледі. Алайда кез келген сұраққа жауап бермеуге немесе басқа сұрақ таңдауға құқылы екенін ескерткен жөн.

Қорытынды сөзі:

«Әр адамның арманы, қалауы, қызығушылығы бар. Кейде күнделікті тіршілік арасында өзіміздің не қалайтынымызды ұмытып кетеміз. Армандаудан, өзіңізге уақыт бөлуден қорықпаңыз. Сіз өз өміріңізді жаңадан бастауға және жақсы өзгерістерге қадам жасауға құқылысыз».

3. «Тұздағы тыныштық» шығармашылық жаттығуы

Мақсаты:

* Шығармашылық арқылы эмоциялық демалыс беру;

* Зейінді қазіргі сәтке аудару;

* Ішкі тыныштықты сезінуге мүмкіндік жасау;

* Жағымды көңіл күй қалыптастыру.

Қажетті құралдар:

* Ұсақ ас тұзы;

* Түрлі түсті бор немесе алдын ала боялған тұз;

* Мөлдір шыны ыдыстар;

* Қасықтар;

* Қорғаныш төсемдер.

Өткізілу тәртібі:

1-қадам. Кіріспе.

Жүргізуші қатысушыларға:

«Бүгін біз кішкентай шығармашылық жұмыс істейміз. Әрқайсысыңыз өз көңіл күйіңізге сәйкес түстерді таңдап, әдемі композиция құрастырасыздар. Мұнда дұрыс немесе бұрыс нәтиже жоқ. Ең бастысы – өзіңізге ұнайтын дүниені жасау», — деп түсіндіреді.

2-қадам. Түстерді таңдау.

Қатысушылар өздеріне ұнаған түстерді таңдайды. Әр түс белгілі бір жағымды сезіммен байланыстырылады:

* Ақ түс – тыныштық;

* Жасыл түс – үміт;

* Сары түс – қуаныш;

* Көк түс – сенім;

* Қызғылт түс – мейірім.

3-қадам. Шығармашылық жұмыс.

Қатысушылар түрлі түсті тұздарды шыны ыдысқа қабат-қабат етіп салады. Әр қабатқа өздері таңдаған символдық мағына береді. Нәтижесінде әр қатысушының жеке «Тыныштық құмырасы» пайда болады.

4-қадам. Талқылау.

Жүргізуші мынадай сұрақтар қояды:

* Қай түсті көбірек таңдадыңыз?

* Жұмысты істеу барысында қандай сезімде болдыңыз?

* Өзіңіздің істеген жұмысыңызға қандай атау берер едіңіз?

Қорытынды сөзі:

«Өмір де осы түрлі түсті қабаттар секілді. Оның ішінде қуаныш та, қиындық та, үміт те бар. Әр сәттің өз орны бар. Ең маңыздысы – өз ішкі тыныштығымызды сақтауға уақыт бөлу».

4. «Айна» жаттығуы

Мақсаты: Өзін-өзі бағалауды арттыру, жеке құндылығын сезіндіру, өзіне деген мейірімді қарым-қатынасты қалыптастыру.

Қажетті құралдар:

* Ішіне айна орналастырылған әдемі қорап.

Өткізілу тәртібі:

Жүргізуші қатысушыларға қорапты көрсетіп:

«Қазір мен сіздерге ерекше бір қорапты ұсынамын. Оның ішінде сіздер үшін өте қымбат, ерекше, қайталанбас жанның бейнесі жасырылған. Бір-бірлеп қораптың ішіне қараңыздар. Бірақ ішіндегі бейнені ешкімге көрсетпеңіздер. Көрген адамыңыз туралы әзірге ештеңе айтпаңыздар», — дейді.

Қатысушылар кезекпен қорап ішіне қарайды. Сол сәтте өздеріне мына сұрақтарды қою ұсынылады:

* Мен бұл жанды қаншалықты бағалаймын?

* Мен оған қаншалықты қамқорлық жасаймын?

* Мен оған соңғы рет қашан жақсы сөз айттым?

* Ол қандай бақытқа лайық?

Барлығы қарап болған соң, жүргізуші:

«Қораптың ішінен кімді көрдіңіздер? Иә, ол – сіздің өзіңіз! Кейде біз айналамыздағы адамдарға қамқорлық көрсетеміз, олардың көңілін табамыз, барлығына уақыт бөлеміз. Бірақ өзімізге келгенде жақсы сөз айтуға, өзімізді бағалауға уақыт таппай жатамыз», — деп жаттығудың мәнін ашады.

Қорытынды сөзі:

«Есіңізде болсын:

* Сіз – құрметке лайық жансыз.

* Сіз – өзіңіз үшін де маңызды адамсыз.

* Сіз – бақытты болуға лайықсыз.

* Сіздің арманыңыз бен қалауыңыз маңызды.

Өзіңізді ұмытпаңыз. Өзіңізге де мейіріммен қараңыз!»

Кездесудің қорытындысы

Кездесу барысында ұсынылған жаттығулар қатысушыларға өз эмоцияларын тануға, жағымды сезімдермен бөлісуге, шығармашылық арқылы демалуға және өз құндылығын сезінуге бағытталды.

Мұндай психологиялық жұмыстарды дағдарыс орталықтарында, аналармен кездесулерде, ата-аналарға арналған тренингтерде және қолдау топтарында қолдануға болады.

Басты ой: адамға әрдайым ақыл айту міндетті емес. Кейде оған өз сезімін түсінуге, өзін қайта тануға және бойындағы күшін сезінуге мүмкіндік беру әлдеқайда маңызды.

«Ой айту емес, ой ояту!»

«Сенімен Болашақ» РҚБ

Қызылорда облыстық филиалы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: