Елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда 200-ге жуық астам қызметкер еңбек етіп келеді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат берді.
Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сала қызметкерлерін аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді талап ететін маңызды сала. Қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігіне және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктермен қамтылу деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік көмектің тиімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта аудан бойынша 9 342 зейнеткерге зейнетақы төленуде. Сонымен қатар мүгедектігі бар 3 444 азамат, асыраушысынан айырылған 983 адам және 3 556 көпбалалы ана мемлекеттік қолдаумен қамтылған. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған 1 917 анаға тиісті қолдау көрсетілсе, 37 отбасының 218 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік төлемдер төленуде. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарын әлеуметтік қолдаумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең екендігін аңғартады. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі.
Мерекелік қабылдауда әлеуметтік қорғау жүйесі саласының ардагері Жаппарберген Жалғасбаев пен Нұржамал Имандосова құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін білдірді.
Мерекелік жиында бірқатар сала қызметкері облыс және аудан әкімінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» мараптталды. Сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаевқа «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» мерекелік медалі табысталды.
Салтанатты іс-шара соңында аудан өнерпаздары ән шырқап, сала қызметкерлеріне мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!