Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республикалық суретшілер симпозиумы ашылды

04.11.2026, 8:15 27

HALYQLINE.KZ

Кеше Қызылорда қаласында Қазақстанның халық суретшісі, кескіндемеші, график және кино суретшісі Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлттық бояу. Мәңгілік мұра: Сахи Романов – 100 жыл» республикалық суретшілер симпозиумының ашылуы өтті. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Симпозиумның ашылуы Сахи Романовтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетілімімен басталды. Іс-шара барысында жүргізуші қазақ бейнелеу өнерінің тарихында айрықша орны бар суретшінің шығармашылық мұрасына тоқталып, оның туындылары ұлттық болмысты, халқымыздың тарихы мен тұрмысын, туған жер табиғатын көркем тілмен бейнелейтін құнды мұра екендігін атап өтті.

Республикалық симпозиумға еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарынан және Қызылорда өңірінен барлығы 20 кәсіби суретші қатысуда.

Шығармашылық іс-шарада Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов құттықтау сөз сөйлеп, симпозиумның өңірдің мәдени өміріндегі маңызына тоқталды.

Сонымен қатар, белгілі қылқалам шебері, кескіндемеші, график және монументалды өнер суретшісі, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин мен суретші, мүсінші, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Аманкелді Кененбаев шығармашылық іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді.

Симпозиум аясында туған жерге деген құрметті өнер арқылы танытатын ерекше тарту ұсынылды. Қызылорда қаласының тумасы, график-суретші, кескіндемеші, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Көркемсурет академиясының академигі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Оразбек Есенбаев Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына 30 графикалық туындысын сыйға тартты.

Суретші өз сөзінде шығармашылық жұмыстарының мазмұны мен жасалу ерекшеліктеріне тоқталып, туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірді. Іс-шара Оразбек Күздібайұлының көрмесін тамашалаумен жалғасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: