Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда Құтқарушылар күні аталып өтті

21.10.2026, 8:35 17

HALYQLINE.KZ

Кеше Қазалы ауданында 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтіп, бейбіт күннің батырларына айналған сала мамандары құрметке бөленді, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс-шара адам өмірін арашалап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің елге адал қызметін көрсететін ерекше қойылыммен басталды.

Руханият орталығында өткен мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ел қауіпсіздігі мен халық амандығын қамтамасыз етудегі еңбектеріне шынайы алғысын жеткізді.

— Құтқарушы мамандығы – үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсіби дайындықты, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы қызмет. Кеше Ақорда төрінде өткен салтанатты жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атаудың әділ баға екенін атап көрсетті. Жыл сайын ауданымызда Президентіміздің тапсырмалары негізінде, өңірімізді төрт жылдан астам уақыт басқарған, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп келеді.

Биыл ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайту мақсатындағы «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында ауданымызға қарасты Ақсуат, Жанқожа батыр және Үрмәш Түктібаев ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды.

Өрт сөндіру бекеттері ауыл тұрғындарының игілігіне беріліп, заман талабына сай жаңа өрт сөндіру техникалары мен жауынгерлік арнайы киімдер табысталды. Бұл бастамалар шалғай елді мекендерде өртке жедел әрекет етуге, қауіптің таралуына жол бермеуге және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек, соңғы екі жылда ауданға қарасты Қызылқұм, Майдакөл және Аранды ауылдық округтеріне үш өрт сөндіру техникасы табысталса, аудан орталығындағы өрт сөндіру мекемесінің үш техникасы жаңартылды. Бұл – төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыруға бағытталған нақты жұмыс. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғаса беретін болады. Өзгенің өміріне араша түсу үшін өз өмірін қауіпке тігетін жандар қандай құрметке де лайық. Жауапты міндеттеріңізді абыроймен атқарып, әрдайым аман-есен үйлеріңізге оралыңыздар.

Еліміз тыныш, халқымыз аман, аспанымыз ашық болсын, — деді Жалғас Оңғарұлы.

Мерекелік іс-шара барысында бірқатар құтқарушыға қызметтік міндеттерін адал атқарып, саладағы мінсіз қызметі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі мерекелік медальдар, сондай-ақ аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, құтқарушыларға арналған әндер орындалды.

Айта кетейік, жыл басынан бері ауданымызда 24 өрт оқиғасы болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 оқиғаға азайған. Болған оқиғаларға құтқарушылардың дер кезінде жетіп, нәтижелі жұмыс атқаруының арқасында қайғылы жағдайларға жол берілмеген. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 167 рет шығу жүзеге асырылып, оның барысында 39 адамға көмек көрсетілді. Өрт оқиғалары кезінде 22 тұрғын үй мен өзге де нысан құтқарылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: