Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет

29.10.2026, 8:40 61

Жаһан  тынысы  тарылып, халықаралық аренада сенім селдіреген, «қырғиқабақ соғыс» заманының өзінде болмаған геосаяси бұлдыр ахуал әлемді әбігерге салып тұр. Көші-қонның жүйесіз ағыны Еуропаның іргесін шайқап, Біріккен Ұлттар Ұйымының абыройы тоқырауға ұшыраған осындай алмағайып кезеңде Қазақстан өз дамуының тарихи белесін жыл сайын жаңартып келеді. Олай дейтініміз, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан  халқына Жолдау жариялап, талай міндеттің түйінін тарқатты. Әрі  тәуелсіздіктің 35 жылдығы тұсында жаңа Конституция  қабылдау мәселесіне тоқталып, мұны жаһандық сенім  дағдарысы  жағдайында Қазақстанның дербестігін түбегейлі  нығайтудың  маңызды  қадамы  ретінде  атап  өтті.

– Басқаша айтқанда, яғни  біз  келе жатқан  жас  ұрпақтарға  жоспарлар  мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды жоғары технологиялары дамыған білім мен ғылымға негізделген заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық геосаяси  тұрғыдан  күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық  міндет, — деді Президент.

Сонымен  қатар, Мемлекет  басшысы елдегі тәртіп пен жауапкершілік мәселесіне ерекше тоқталып, «Қоғамымызда талап пен  тәртіпке  басымдық  беруіміз  қажет. Заң бәріне ортақ, әрі ол қатаң сақталуға тиіс»  деп  қадап  айтты. Осы  арқылы  кез  келген реформа  мен  дамудың  негізі  қатаң тәртіп  пен  жауапкершілікке  сүйенетінін  ашық  көрсетті.

Мемлекет басшысы Жолдауының ең ірі қаржылық шешімі – «Жалпыхалықтық құрылыс». 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу, биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларға 1,5 триллион теңге қарастыру көзделген. Өңірлерде 70-ке жуық медицина­лық нысан, 50-дей білім, спорт және мәдениет мекемесі салынбақ. Ауылдарға газ бен ауызсу желісін тарту, жолдарды, инженерлік желілерді жаңарту да осы үлкен қозғалыс­тың  ішінде.

– Бірақ   Ұлттық  қордың  ресурсын  жинақ­тау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуы тиіс. Қаражатты тек қоғамға барын­ша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономи­калық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйт­кені, бөлінетін мемлекет қаражатының негіз­гі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Тиісті  жобаларды жүзеге асыруға материал­дық-тех­никалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың бары­сы қатаң бақылауға алынады, — деді Мемлекет  басшысы.

Мәселе ақшаны игерумен бітпейді. Жаңа аурухананың дәрігері, жаңа мектептің мұғалімі, салынған құбырдың күтімі болмаса, қымбат құрылыстың пайдасы кемиді. Үкімет жыл соңына дейін жобалардың алғашқы тізімін ұсынуы тиіс. Ендеше, олардың өңірге қандай өлшеммен бөлінетіні, мердігер қалай таңдалатыны, нысанның кейінгі шығынын кім өтейтіні көпшілікке ашық айтылуы қажет. Ұлттық қор есебінен импортты қаржылан­дырмау тала­бы да осы тұста сыналады: отандық кәсіп­орынға тапсырыс жетпесе, құрылыстың қомақ­ты  қаражаты  ел  ішінде  тұрақтамайды.

Президент Қызылордада жаңа генерация­лық қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатқанын  атады.

– Энергетика саласындағы түйткілдерге тоқталсақ, жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мерзімдері Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұзда бұзылып жатыр, бұл мәселені тез арада реттеу қажет, өйткені біз қазір қыс­та электр қуатын сырттан қымбат бағамен сатып алып, жазда өзгенің артық қуатын арзан бағамен кері қайтарып отырмыз, бұл жағдай еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер  төндіреді, — деді.

Алайда, бұл тұста назар аударуды қажет ететін үлкен қайшылық бар. Атап айтқанда, Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау коми­теті өзінің ресми ақпаратында: «8 қазанда Қызыл­ордадағы электр қуаты 240 мегаваттық, жылу қуаты 277 Гкал/сағат болатын жаңа станцияның жұмысымен ресми түрде танысып, нысанның дайындығын тексердік» деп хабарлаған еді. Ведомство есебінде бұл жоба бойынша ешқандай өрескел кешігу немесе ақау туралы айтылған жоқ. Ал арада көп уақыт өтпей жатып Мемлекет басшысының Жол­дауда бұл өңірдегі жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатқанын қатаң сынға алуы үлкен қайшылық тудырып отыр. Мұны  бір  деп  алайық.

Бір жағынан министрлік дайын деп рапорт берсе, екінші жағынан жоғары деңгейде мерзімнің бұзылғаны айтылуы атқарушы органдардың есебі мен шынайы ахуалдың арасында әлі де үлкен алшақтық бар екенін көрсетті. Демек, құзырлы ведомстволар мен әкімдіктер осындай маңызды инфрақұрылымдық жобалардың нақты жай-күйін жұртшылыққа ашық әрі шынайы жеткізбейінше, қағаздағы қуанышты есеп пен шындықтағы ақсаңдаған жұмыс арасындағы қайшылық әрқашан  сұрақ  туындата  берері  анық.

Мемлекет басшысы сөз еткен екінші мәлімдеме шаруаларға қатысты болды. Президент қатаң климатқа қарамастан Қызылордада жүгері мен соя өсіріліп, өңделіп жатқанын оң тәжірибе  ретінде  атады.

– Бұдан  бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдалана­тын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау  көрсетуі  керек, — деді  Президент.

Егінді әртараптандыру үшін де тұрақты энергия,  су, жол және өнім өткізетін нарық  керек. Күріштің орнына басқа дақыл егу жөніндегі  кеңес  өңдеу зауыты, сақтайтын қойма, кепілді сатып алушы болмаса, шаруа­ның мойнына жаңа тәуекел жүктейді. Түйгеніміз, Мемлекет басшысы алда «ала дорба» толуы үшін, оның бүтіндігіне мән беру керектігін  меңзегендей.

Президент су шығынын қысқарту, ауыз­суды  мақсатсыз,  соның ішінде көлік жуу орындарында пайдалануды шектеу, тариф рефор­масын аяқтау және Ұлттық су ресурс­тары ақпараттық жүйесін жедел құруды тап­сырды. Су бағасының шынайы құны айтылған жерде әлеуметтік салдары да ескерілуі керек: үнем­деуді ынталандыратын тариф тұрмысы төмен отбасының  тіршілігін  ауырлатпауы  тиіс.

Ауыл шаруашылығындағы өндіріс 15 триллион теңгеге жеткені, жеңілдетілген қаржы 1,5 триллионға ұлғайғаны аталды. «Бәйтерек» тағам  өнеркәсібіне 500 миллиард теңгеден асатын жобалар әзірлеген. Бірақ ұзақ мерзімді қаржы мен өнімді өткізу тізбегі құрылмаса, шаруаның алған жеңілдетілген несиесі көбіне маусымдық шығынды ғана жабады. Су, несие, технология және нарық мәселесін бір-бірінен бөліп  шешу  нәтиже  бермейді.

Президент  биыл  ЖІӨ көлемі 400 мил­лиард долларға жуықтайтынын, банктер активі 75 триллион, ал депозиттер 52 триллион теңге­ден асқанын мәлімдеді. Бұл ретте макро­эко­номикалық көрсеткіштер өскенімен, халық­тың күнделікті тұрмысына ауырлық түсіріп отырған инфляция  деңгейі әлі де жоғары екені   ашық  айтылды.

– Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды. Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз. Алайда, бұл жетістіктер халықтың әл-ауқатына толық көрініс табуы тиіс, ал инфляция мәселе­сі әлі де басты назарда қала береді, — деп атап  өтті  Мемлекет  басшысы.

Осы бағытта азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында нақты қадамдар қабыл­данды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеру, 77 мыңнан астам учаскелік медицина қызметкерінің табысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру тапсырылды. Сондай-ақ сегіз перинаталдық орталық, жеті балалар ауруханасы және Астанада екі медициналық нысан салу жоспарланған. Мұғалімдерді артық цифрлық есептен арашалау және инклюзивті білім беруге жағдай жасау  мәселелері  де  назардан  тыс  қалмады.

Микро және шағын бизнесті  тексеруге  2027 жылдан бастап үш жылдық мораторий енгізу  ұсынылды. Президент заңсыз кедергі­лерді, жоспардан  тыс тексеруді және шоттарды  бұғаттауға ұласатын бақылауды сынады. Салық кодексіндегі артық жүктемені азайту, ірі  байлық  иелеріне  жоғары  мөлшерлеме қол­дану мүмкіндігін талқылау, жаңа Азаматтық кодексті  2027  жылдың соңына дейін  қабылдау – күрделі құқықтық өзгерістер. Бұл ұсы­ныс­тардың  бір  бөлігі  әлі  талқылау  кезеңінде.

– Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер дe бар. Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал  отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айт­қанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек,  — деді  Президент.

Жолдаудың  саяси қорытындысы мемле­кеттік аппаратқа тірелді. Үкіметтен ауыл әкі­міне дейін  басқару құрылымы қайта қаралып, қайталанатын міндеттер қысқаруы тиіс. Прези­дент  Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін реформаның кешенді жоспарын әзірлеуі керек. Әлеуметтік көмекті шын мұқтаждарға бағыттау туралы тапсырма да осындай жауап­кершілікті қажет етеді: сандық жүйе қате шешім шығарса, оның зардабын қағаз емес, адам тартады. Сондықтан, Президент жаңа тәсілдерді алдымен пилоттық тәртіппен сынау­ды  ескертті.

– Мемлекеттік  аппарат  қағазбастылық­тан  толық және  біржола арылуы қажет. Шешім қабыл­дауға, яғни дамуға кедергі келті­ретін барлық рәсімді қысқарту керек. Мемлекет­тік қызмет­шілер кәсіби білікті, озық маман болу­ға тиіс. Өкініштісі сол, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талап­тарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгеріс­тер туралы сөз болып отырған жоқ. Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол  беруге  болмайды, — деді  Тоқаев.

Экономиканың өсу қарқыны сыртқы сын-қатерлер мен ішкі инфрақұрылымның әлсіз тұстарына келіп тірелетіні анық. Жолдауда көрсетілген ауқымды жобалар мен қаржылық ағындар жергілікті жердегі атқару­шы органдардың тиянақтылығына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы бұл мәселеге тоқталып:

– Біз жоспарды қағаз жүзінде әдемі етіп жазуды үйрендік, бірақ оның нақты орын­далуына келгенде ақсап жатамыз. Әрбір ведомст­во мен әкімдік бөлінген қаржының әр тиыны үшін халық алдында есеп беруге тиіс. Жұмысты созбалаңға салып, салғырттық таныт­қандарға қатаң  шара  қолданылады, — деп  қадап  айтты.

Шынында да, егер мердігерлер уақытында таңдалып, бөлінген қаражат мақсатты жұмсалмаса, миллиондардың бәрі тек статистикалық есеп күйінде қалып қояды. Екінші жағынан, халықтың әл-ауқатын көтеру және инфляция­ны ауыздықтау тек жалақыны көтерумен шектел­мейді. Президент бұл бағыттағы басты міндеттерді  атап  көрсетіп:

– Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны төмендетіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет. Азамат­тардың табысының өсуі қымбатшылықтың тасасында қалып қоймауы керек. Ең бастысы – халықтың күнделікті тұрмысына ауырлық  түсірмеу, — деп  ескертті.

Демек, нарықтағы баға тұрақталмайынша, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың әсерін халық өз қалтасында толық сезіне алмайды.

«Бес  тиын». Мемлекет басшысы жылдар  бойы  жиналып  қалған түйінді мәселелерді ашық айтып, нақты жоспарын да алдымызға қойды. Ендігі мәселе – сол тапсырмаларды айналсоқтап, қағаз жүзінде қалдырмай, шын жанашырлықпен орындауда. Әйтпесе, «айта-айта Алтайды,  Жамал апам қартайдының» кері келіп, жыл сайын  бір  мәселені  қаузап, сол баяғы ескі әуенді қайталай  беретініміз  анық. Ал уақыт  пен  халықтың  сенімі  күтіп тұрған  жоқ.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: