Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аспанды бағындырған Абылай

03.07.2020, 17:45 1421

Адам болған соң армандайсың. Оны орындауға там-тұм тірлік істегендей боласың. Дегенмен, тағыр-тәлейіңе не жазса, соны көресің ғой. Дәл қазір ойымызда орындалмай жүрген шаруа көп. «Сабақты ине сәтімен» демекші, аяқ астынан мұрат еткен нәрселерің іске асатыны бар. Өмір ғой. Біз де бала болдық. Армандадық. Сол көп арманның бірі – тікұшақпен көкте қалықтасам, өзім өмір сүріп жатқан ортаға биіктен қарасам дейтінбіз. Өткен аптада төтеншеліктермен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысып, ойда жүрген осы арманды орындадық. Жасыратыны жоқ, бұл біздің әуе кемесіне алғаш отыруымыз еді. Тікұшақ көлбеңдеп көкке көтерілгеннен-ақ жүрек қағысым жиілеп, құлағым бітеліп, жүріп өткен жолым көз алдымнан зымырап өте шықты… Тікұшақтың командирі – І дәрежелі ұшқыш Валерий Феклистов. Оның жанында сұңғақ бойлы, қазақтың қарасирақ баласы жайғасқан. Біздің назарымыз төтеншеліктердің оқу-жаттығу жұмыстарынан бұрын, тікұшақты тізгіндеген балаға ауған ед (і). Бейтаныс жігіттің есімін елден сұрап, ныспысын білдік. Есімі – Абылай. Араға бір күн салып Абылайдың телефонын таптық. Сөйттік те, сұхбатқа шақырдық… Айта кетейік, бүгінде Абылай Жандар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ІІ дәрежелі ұшқышы қызметін атқарады. Әскери қызметкер әңгімеге жоқ ғой. Әйтсе де, екі күннің бірінде әуеде жүрген адаммен тілдесу тілші тұрмақ, кез келген адамға да қызық деп ойлаймыз.


Ақбұлақтан – Алматыға


– Абылай, естуімше, өзің Түркістан облысының тумасы екенсің. Қызылордаға қашан келдің?

– Иә, мен Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылында 1996 жылы дүниеге келдім. Жұмыс барысына байланысты Қызылорда қаласына қоныстандым. Мұнда келгеніме көп бола қойған жоқ. Компанияның Қызылорда облысындағы ұшқышы ретінде 5 жыл келісімшартқа отырғам. Әзірге осында тұрып жатырмын.

– Жасыратыны жоқ, бұған дейін тікұшақ тізгіндеген жастарды көп кездестірмеген екем. Бұл салаға келуге не түрткі болды?

Бала күнінде ұшқыш болуды армандамаған адам жоқ шығар. Бірақ, көбісі есейе келе басқа салаға бет бұрады. Енді бірінің денсаулығы жарамай жатады. Ал мен «ұшқыш боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Бұған өзімді психологиялық және физикалық тұрғыдан дайындадым. Соны орындауға тырыстым. 10-11-сыныпта өзімше ақыл тоқтатып, авиация саласыда қызмет етуге түбегейлі шешім қабылдадым. Менің бұл қадамыма ата-анам қарсылық танытқан жоқ. Керісінше, рухани тұрғыдан дем беріп, көмек көрсетті. Содан ел қатарлы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, ойдағыдай балл жинап, Ақбұлақтан Алматыға аттандым. Медициналық тексеруден сәтті өтіп, Алатау бөктеріндегі «Азаматтық Авиация Академиясына» грантқа оқуға түстім. Айта кететін жайт, мен оқыған академия Орта Азиядағы кәсіби ұшқыштарды дайындайтын жалғыз білім ордасы. Құрамына авиациялық оқу кешені кіреді. Кешен замауи қондырғылармен толық жабдықталған. Соның ішінде авиасимуляторлар, түрлі үлгідегі жаттығу ұшақтары бар.

Алғашында академияға қазақ және орыс бөлімінде 70-ке тарта курсант оқуға қабылдандық. Барлығы да гранттық негізде оқиды. Өйткені, мұнда оқу ақысы өте қымбат. Кейіннен академиядағы қатаң тәртіпке, енді бірінің денсаулығы сыр беріп, біршамасы оқудан шығып қалды.

– Біз білеміз, авиация саласында көбіне қолданыста орыс тілі жүреді. Ауылдан ұзамаған бала үшін тіл жағынан қиындық болды ма?

Ол рас. Академияға қабылданғаннан кейін тіл жағынан қиындық болды. Амал жоқ, өзім осы саланы таңдаған соң ыстық-суығына көну керек екенін түсіндім. 1-курс толықтай теория жүзінде жүріп, 2-курстан бастап жаттығу залына апарды. 3 жылда Академия қабырғасында әуедегі 135 сағат нормативті толық орындап шықтым. Жасыратыны жоқ, авиация саласында байланыс көбіне – орыс тілінде. Сонымен қатар, оқулықтар орыс және ағылшын тілінде. Кейін бұған да үйрендік. Дәл қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын.


Басты талап – байқампаздық пен сақтық


– Ең алғаш тікұшақты тізгіндеген кезең есіңде ме? Қорқыныш болды ма?

Академия жанындағы Sky School оқу орталығында іс-тәжірибеден өттік. Алдымен командирлер тікұшақтың жалпы құрылымымен толық таныстырып, әр тетіктің нендей қызмет атқаратынын түсіндіреді. Басқару кезінде қателік жібермеуге үйретеді. Әуе көтерілгенде командир барлығын бақылауда ұстап отырады. Қорқыныш болмады десем, өтірік шығар. Аздап толқу болды ғой.

– Ұшқышқа ең қажетті дүние не?

Ұшқышқа қойылатын басты талап – байқампаздық пен сақтық. Одан кейін кез келген қиын жағдайда шешім қабылдай білуі қажет. Ұшқыш есеп-қисапқа жүйрік болуы шарт. Өйткені, арақашықтықты, оған кететін уақытты, кординаталарды, желдің жылдамдығын, жанар-жағармайдың мөлшерін есептеу сынды жұмыстар авиация саласында ең маңызды. Кейде метеорологтардың берген болжамы сәйкес келмей жатады. Сондай қиын уақытта авиациялық жанар-жағармайды әуеде отырып есептей алу керек. Тағы бір керекті дүние, ұшқыш физикалық тұрғыда мықты болуы тиіс.

– Бір байқағаным, кеше ұшу барысында тікұшақ бағытын кілт өзгерткенде құлағым бітеліп қалды. Сіздерде де сондай бола ма?

Жоқ. Тікұшақты өзің басқарып отырғаннан кейін келесі қандай әрекет жасайтыныңды іштей бағамдап, психологиялық тұрғыдан әзір боласың. Жиі-жиі көкке көтерілген соң бұған етіміз үйренген. Аспанға ұшар алдында ұшқыштардың денсаулығы міндетті түрде тексеріледі. Кінәрат болған жағдайда, оған ұшуға тыйым салынады.

– Дәл қазір «Еврокоптер» тікұшағын басқарып жүргеніңе қанша жыл болды?

Жалпы, авиация саласы азаматтық және әскери болып бөлінеді. Біздің елде азаматтық авиация енді ғана дамып келді. Компания тапсырыстарды ақылы түрде жеткізіп берумен айналысады. Көпшілік білетін шығар, ұшқыштардың жұмыс өтілін сағатпен есептейді. Мен бүгінде әуеде 255 сағатты өткіздім. Бұл – 5 жылда жинаған көрсеткішім. Шыны керек, авиация саласында, оның ішінде азаматтық авиацияда сағат жинау өте қиын. 2000 метр биіктікте ұшқан уақытымыз болды. Дәл қазір компаниядағы ІІ дәрежелі ұшқышпын. Әуеде 500 сағаттан көп өткізгенен кейін командирлік шен беріледі.

– Аптасына кемінде неше рет көкке көтерілесің?

Бізде бекітілген уақыт жоқ. Таң атқанан кеш батқанға дейін көкке көтерілуге әрқашан дайын отыруға тиіспіз. Біздің түнде ұшуымызға тыйым салынған. Мысалы, таңғы сағат 6-дан бастап, қас қарайғанша басшылықтың бұйрығын күтеміз. Қоңырау түссе, болды! Керек-жарағымызды алып, әуежайға аттанамыз. Сөйтіп, тексерістен өтеміз. Кейде аптасына 3-4 рет ұшамыз. Кейде айына 4-5 мәрте дегендей… Біздің ұшып-қонуымыз ауа райына және басшылықтан берілген тапсырмаға байланысты.

– Жұмыс барысында әуеде қиындықтар тап болған кез болды ма?

Жалпы, тасымалдау саласында ең қауіпсізі – авиация саласы. Себебі, мұнда тікұшақтың техникалық жағдайы, ұшқыштың денсаулығы мұқият тексеріледі. Жұмыс барысында қиын жайттар болған емес. Лайым, болмай-ақ та қойсын. Дегенмен, академия қабырғасында әуеде қиын жайтқа тап болдық. Жаттығу барысында күн райы күрт бұзылып, желдің қатты соққаны сонша, тікұшақты ары-бері теңселткені бар. Тәжірибелі командирдің арқасында бұдан аман қалдық.

Авиацияда ең қиыны – ұшу мен қону. Айталық, қонар алдында тікұшақ теп-тең тұруы тиіс. Ол үшін сіздің аяқ-қолыңыз тең тұруға міндетті. Бұл – ең маңызды нәрсе.

– Ұшқыш болғысы келетін іні-қарындастарыңа қандай ақыл-кеңес айтасың?

Бүгінгі буын заман талабына сай болу тиіс. Жоғарыда айтқанымдай, ұшқыштар есепке және физикалық тұрғыдан мықты болуы тиіс. Авиация саласында шет тілін игеру өте маңызды. Неғұрлым көп тіл білсең, сенің жұмысқа тұруыңа, әлемдік ірі авиакомпанияларда қызмет істеуге мүмкіндік молаяды. Ал академияға оқуға түскен соң ұшақтың қыр-сырын 4 жылда толық игеріп шығады.

– Қызылорда қалай, ұнап жатыр ма?

Дәл қазір Сырдария өзенінің жағасында орналасқан ықшам аудандардың бірінде тұрып жатырмын. Шыны керек, қаламен толықтай танысып деп айта алмаймын. Бос уақытымда тек жағалауға ғана серуенге шығамын. Жалпы, ұшқыштар еліміздің барлық қаласында барып тұрады. Сондықтан, қала аралауға уақыт тапшы.

– Әңгімеңе рақмет!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: