Германияда тұратын Қазалының қызымен сұхбат
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Германияға отбасымен қоныс аударған, Қазалыдағы бауырларына келген Ирина Ильинамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ирина, өзіңді аудан тұрғындарына таныстырып өтсең.
– Мен Ирина Геннадийқызы Ильина 1967 жылы Қазалы станциясында дүниеге келдім. Әкем Геннадий мен анам Зинаида теміржол саласында қызмет істеді. 1974 жылы қазіргі №266 лицей, ол кезде Кеңес Одағының Батыры В.М.Счастнов атындағы №419 орыс мектептің табалдырығын аттадым. Алайда, екі жылдан соң әке-шешем сол кездегі Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласына қоныс аударды. Мен №174 мектептің 3-сыныбында оқуымды жалғастырдым, бүгінде бұл мектеп – қазақ мектебі.
1984 жылы мектеп бітіріп, Шымкент қаласындағы мәдени-ағарту институтына оқуға түстім. 1988 жылы институтты бітіретін жылы Тараз (Жамбыл) қаласының неміс жігіті Волдемарға (Володяға) тұрмысқа шықтым. («Бола ма деп?» күліп алды).
– Германияға қашан қоныс аударып жүрсіңдер?
— Тараз қаласында ата-енеммен бірге тұрып жатқанда «мығзымас одақ» бір күнде ыдырып кетіп, мекемелер жекелердің қолына өтті, тұрақты жалақы дегенді ұмыта бастадық, ақыры тоқтап тынды. Күнкөріс қиындап кетті, сол кезде қайта құру кезінде елден жаппай үдере көшкен неміс ағайындарымен хабарласып, қайын атам көшеміз деп шешті.
1993 жылы атамның тарихи отанына көшіп келдік. Бастапқы кезде Гессен жерінде Майн өзені жағасындағы Франкфурт қаласына келдік. Сондықтан бұл қала Франкфурт на Майне деп аталады. Халық саны жағынан Берлиннен кейінгі екінші орында. Осы қалада Федеральдық Банкпен қатар Евро Одақтың Банкі бар. Қала іргесі 794 жылы қаланып, 1240 жылдан бастап халықаралық жәрмеңке өткізіліп тұрады. Сіздер үшін Түркістан қандай болса, немістер үшін де сондай рухани орын алады.
Сонымен осы қалаға келіп, ең алдымен неміс тілін үйрететін арнаулы курстарда оқыдық, Володя да мен сияқты орыс мектебін бітірген ғой. Оқу аяқталғанша бізге, яғни қызымыз үшеумізге қамсыздандыру қорынан ақша төлеп тұрды. Ол ақша біздің пәтер жалдауымызға және емін-еркін өмір сүруімізге жететін. Тіл үйренген соң Володя машина құрастыру зауытына жұмысқа тұрды. Менің кішкентай қызым болғандықтан, үйде отырдым. Сол үшін де Володяның жұмыс орнынан «Әлеуметтік пакет» алып тұрдым. Үкімет үш адам үшін қаражатты көп бөледі, ол жақта әр адамды болашақтағы еңбек қоры деп есептейді екен. Ұнағаны соншалықты, арасын суытпай ұл туып алдым. Қазір қызым Джейнель 36-да, отбасылы, бір немерем бар, ұлым Александр 30-да, енді үйленеді.
Бұл жақта әр адамды үкімет бағалай біледі.
(«Тағы не айтайын?» деп екінші рет күліп алды).

– Ирина, сонымен екінші сәбилі болдың, ары қарай тоқтамай жалғастыра бер.
— Осы қалада балам балабақшаға барып, мамандығым бойынша балабақшаға жұмысқа тұрдым, жеке үй және автокөлік сатып алдық. Сіздерде конвейрден келген автокөлік өте қымбат екен, мысалы жапон автокөліктері бізде орташа 30 мың евро болса, сіздерде 5-6 есе қымбат екен.
2000 жылы Германияның Рейланд-Пиальц жеріндегі Бед-Дюркхайм ауданындағы Фрайксхайм қаласына қоныс аудардық. Володя химия зауытына жұмысқа тұрса, мен балабақшаға қызметке орналастым. Отырған үйімізді сатып, үстіне жетпей тұрған неміс ақшасын қосып, 12 сотық жері бар 4 қабатты үй сатып алдық.
(Мен таңқалып, басымды шайқап, таңдайымды қақтым).
— Ирина, Германиядағы халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай?
— Немістер уақытты қатты бағалайды, бұл жақта «уақыт – ақша» (время-деньги) деген қанатты сөздің растығына көз жеткізесің. Мысалы, Володя жұмыс істейтін химия зауытында түскі үзіліске бір сағат берілген, егер түскі асқа маған жарты сағат та жеткілікті деп айтсаң, зауыт тарапынан жарты сағатқа ақша төленеді.
Германияда жұмыс күші жетпейді. Қазір Балтық бойындағы және Орта Азия елдерінен келіп жұмыс істеп жатқандар жеткілікті, көшеде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, т.б. халық өкілдерін күнделікті көріп жүрміз. Соның өзінде адам ресурсы жетпейді, мысалы, бізде дәрігерлер 24 сағат жұмыс істейді. Сондықтан болар, қазір дәрігер үндіс өте көп. Сіздердегідей тойханаларда 3-4 сағат отыруды немістер түсінбейді.
– Ирина, сонда сендер қашан демаласыңдар? Жылына еңбек демалысы қанша күн?
— Бізде демалыс алып, босқа ешкім жүрмейді. Әркім демалысын тиімді пайдалануға тырысады. Демалысын керек уақытында бөліп ала алады. Мысалы, мен әлемнің батыс жарты шарындағы елдердің барлығын да туристік круизбен аралап шықтым.

– Ирина, соңғы сұрағым, Қазалы енді станция емес, кент деп аталады. Өзгеріс қалай, ұнады ма?
– Оо, Қазалы адам танымастай өзгеріп кеткен! Мен соңғы рет нағашы ата-әжем қайтыс болғанда келгенмін. Қазір көшенің барлығы асфальтталған, ескі үйлердің орнына еңселі үйлер салынған. Аудан орталығы болса да, екі қабатты коттедждер көп екен. Бұл жерлестерімнің әлеуметтік тұрмыс жағдай жақсы екенін көрсетеді.
Осымен сұхбатымды аяқтап, фотосурет сұрағанымда қызы Джейнель және немересі мен ұлы Александрмен түскен суретін және 1 мамыр күні Әйтеке би кентіндегі орталық алаңдағы өткен іс-шараны көруге барғанда нағашы апасымен түскен екі суретін берді.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!