Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төрдегі ту қаныңды тулата ма?

04.06.2026, 7:40 89

Қай халықтың болса да, қадір тұтатын ұлттық ұстындары бар. Біреуі көкте желбіреген ту болса, екіншісі – сол мемлекеттің мөрі-елтаңбасы. Ал үшіншісі – жұртшылық жүрегінде жатталып қалған әнұран. Бұл ұлттық рәміздер тек мемлекеттің өзін ерекшелейтін белгісі ғана емес, тәуелсіздіктің де символы  саналады.  Себебі  осы  үш  ұғымның  ұясында бостандық, тарихи жад, саяси дербестік, мәдени код, азаматтық жауапкершілік тұр. Десе де, қазақ қоғамы ұлттық ұстынды қаншалықты қадірлейді? Осы сауал төңірегінде  аз-кем  ізденіс  жасап  көрейік.

Қазақстанда мемлекеттік рәміздердің құқықтық мәртебесі нақты бекітілген. 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері қабылданды. Кейін 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституция­лық заң қабылданып, осы күн жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтетін болды. Заңда мемлекеттік рәміздерге Ту, Елтаңба және Әнұран жататыны көрсетілген. Ресми түсіндірмелерде рәміздер мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін білдіретін басты атрибут ретінде сипатталады. Ақорда мәліметінде Тудың авторы Шәкен Ниязбеков екені, ал Ту бетінде күн, оның астында қыран және сабына таяу ұлттық өрнек бейнеленетіні көрсетілген. Елтаңбада шаңырақ, уықтар, қанат­ты пырақтар, бес жұлдыз және «Қазақстан» жазуы бар. Әнұран ретінде 2006 жылдан бері «Менің Қазақ­станым»  орындалып  келеді.

Осы жерде бір қызық дерекпен бөлісе өткен жөн. Биылғы наурыз­да Reddit платформасындағы r/flags қауымдастығы ұйымдастырған «Flags of the World» онлайн-турнирін­де Қазақстанның Туы ең әдемі ту ретінде танылды. Финалда Қазақстан Туы Кирибати Туын басып озған. Қазақ­стандық БАҚ бұл нәтиженің ресми халықаралық рейтинг емес, Reddit қолданушыларының дауыс беруі арқылы шыққанын арнайы атап өткен. Дегенмен, осы онлайн дауыс беру Қазақстан Туының әлемдік аудитория алдында визуалды тұрғыдан тартымды қабылданатынын  көрсетті.

Қазақстан Туының әлемдік онлайн дауыс беруде жоғары баға­лануы бір сәттік сүйінші жаңалық болып қана қалмауы керек. Сырт көз көк байрақтың бояуына, күн мен қыранның үйлесіміне, ұлттық өрнектің даралығына назар аударып отыр. Демек, біздің Ту халықаралық аудитория үшін де есте қалатын рәмізге айналған. Бірақ осы тұста өзімізге қарайтын жер бар. Біз сол көк байрақтың сыртқы көркемдігін ғана айтып жүрміз бе әлде оның ішіндегі елдік мағынаны да түсіндіре алып жүрміз бе? Мектептегі жиын, ресми мереке, әлеуметтік желідегі құттықтау көбіне дайын сөзбен өтеді. Ал Тудың неге көк екені, қыранның неге таңдалғаны, ұлттық өрнектің қандай ой арқалап тұрғаны ешкімге ашық айтыла бермейді. Рәмізге құрмет осындай түсіндіруден басталады. Ту төрде тұрғанымен, оның мәні санаға жетпесе, құрмет те құр рәсім деңгейінде қалып  қояды.

Ту дизайны жөніндегі жаһандық ортада жиі айтылатын негізгі өлшемдер бар. Солтүстік Америка вексиллологиялық қауымдастығының «Good Flag, Bad Flag» еңбегінде жақсы тудың бес қағидасы көрсетіледі. Ту қарапайым болуы, мағынасы анық символдарға сүйенуі, түстері тым көп болмауы, жазу мен мөрден арылуы, сонымен бірге өзгелерден ерекшеленіп тұруы керек. Қазақстан Туы осы өлшемнің көбіне сәйкес келеді. Онда күрделі жазу жоқ, түс палитрасы ықшам, негізгі бейнелер алыстан танылады, ұлттық өрнек арқылы мәдени даралық  байқалады.

Алайда рәміздің көркемдігі мен оның қоғам санасындағы орны – екі бөлек мәселе. Әдемі Ту авто­матты түрде мықты патриоттық сана қалыптастырмайды. Ағылшын зерттеу­шісі Карен Серуло ұлттық әнұрандар мен туларды ұлттық бірегейліктің ең айқын  әрі күшті мәлімдемелерінің бірі ретінде қарас­тырады. Оның зерттеуінде ұлттық символдар мемлекеттің өзін қалай танытатынын, қандай тарихи және саяси мағынаны алға шығаратынын білдіретін құрал  ретінде  талданған.

Ұлттық рәміз адамға қалай әсер етеді? Бұл сұрақтың жауабы әр елде әртүрлі. Becker бастаған зерттеу­шілер 11 елдің азаматтары өз ұлттық туын қандай ұғымдармен, қандай сезіммен байланыстыратынын қарастырған. Бір қоғамда ту патриот­тық сезіммен астасады, бір елде ұлттық мақтаныштың белгісіне айналады, кей жерде саяси көзқарасқа немесе белгілі бір топқа тиесілі болу сезіміне жақын қабылданады. Тудың адам санасындағы орны сол елдің тарихына, қоғамдағы ахуалға, азаматтың мемлекетпен қарым-­қатынасына қарай қалыптасады. Қазақстан үшін де осы тұста ойланатын жайт көп. Біз рәміз туралы жиі айтамыз. Мектепте, жиында, мереке күні айтамыз. Балалар Туды таниды, Әнұранды жатқа біледі, Елтаң­бадағы шаңырақ пен пырақты ажыратады. Бірақ осы білім ішкі түсінікке айналып жатыр ма, жоқ па, ол да – бір сауал. Негізгі мәселе осында. Оқушы көк түстің бейбіт­шілікті, күннің өмірді, қыранның еркіндікті білдіретінін айтып бере алады. Ал сол еркіндік бүгінгі өмірде қандай жауапкершілік жүктейді? Ортақ шаңырақ деген ұғым күнде­лікті тіршілікте қалай көрінуі керек? Мұндай сұрақ қойылмаса, рәміз тур­алы әңгіме жаттанды жауаптың айналасында  қалып  қояды.

Рас, рәмізге құрмет қабырғадағы Туға қарап тұрумен қалыптаспайды. Ол сол Ту тұрған ортадан баста­лады. Мектепте бала әділдік көрсе, мемлекеттік мекемеде азаматтың сөзі тыңдалса, қоғамдық жерде заң мен тәртіп сақталса, рәміз туралы айтылған сөздің салмағы артады. Ал Елтаңба ілулі тұрған кабинетте азаматтың арызы елеусіз болса, Әнұран орындалған жиында адамның құқығы назардан тыс қалса, Ту көтерілген алаңда ортақ жауапкершілік  сезілмесе,  рәміздің  мәні мәнсіз рәсім күйінде қалатыны түсінікті.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев 2025 жылғы Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде Ту, Елтаңба және Әнұранды ел егемендігінің белгісі ретінде атап, көк байрақты халық­тың рухани күшінің көрінісі деп бағалады. Ресми деңгейде рәміздер тәуелсіздікпен, тарихи аманатпен, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен байланыстырылып жүр. Ендігі әңгіме – осы ұғымдардың қоғам ішінде қалай қабылданып, күнделікті өмірге қалай  сіңіп  жат­қанында.

Қазіргі қоғамда патриотизмнің өзі әртүрлі түсінікке ие. Бір адам оны Туды биік ұстаумен, Әнұранды бірге айтумен, спортшы жеңісіне қуа­нуымен байланыстырады. Екінші адам елге адал еңбекпен, салықтан жалтармаумен, кәсібін таза жүргізу, көшеге қоқыс тас­тамау, баласына дұрыс тәрбие берумен қызмет етемін деп біледі. Үшінші адам үшін елге жанашырлық тілге құрметтен, тарихи жадты сақтаудан, мәдени мұраны түген­деуден, қоғамдағы мәселеге сырт қарамау­дан көрінеді. Рәміз осы түсініктердің бәрін бір арнаға жинай­тын ортақ белгіге айнала алады. Ол үшін рәміз жайлы әңгімені әріден бастап, жаттанды жүйе мен қажетсіз қалыптан  ажырау  қажет.

Pew Research Center осы жылғы ұлттық мақтаныш туралы зерт­теуінде әр елдің азаматтары өз елімен мақтану себебін әрқилы түсіндіре­тінін көрсеткен. Бір халық табиғатын атайды, бірі мәдениетін, бірі еркіндігін, бірі тарихи мұрасын, бірі адамдарының болмысын алға тартады. Ұлттық рәміздер де сол мақтаныш себептерінің қатарында аталады. Кей елдің азаматтары өз туының әлемге танылғанын ұлттық мәртебе ретінде қабылдайды. Қазақстан үшін де осы тұс маңызды. Көк байрақ шетелдік аудиторияға көркем рәміз ретінде танылып жатқанда, «өз ішімізде оның мазмұнын қаншалықты ұғындырып жүрміз?» деген сұрақ қатар қойылуы керек. Қазақстан Туы әлемдік онлайн-қауым­дастықта жоғары бағаланғанда, көпшілік оны сүйінші хабар ретінде қабылдады. Көк түс пен алтын бейненің үйлесімі, күн мен қыранның орналасуы, ұлттық өрнектің даралығы сырт көзге бірден байқалады. Шетелдік қолданушы үшін бұл алдымен әдемі композиция болып көрінуі мүмкін. Ал Қазақстан азаматы үшін оның астарында дала кеңістігі, еркіндік аңсары, тәуелсіздік тарихы, ортақ шаңырақ, ұлттық мінез тұруы тиіс. Әдемі Туымыз бар деп айту аздық етеді. Сол Тудың неге қадірлі екенін қарапайым тілмен түсіндіре алу да маңыз­ды. Рәміз туралы әңгімені тым ресми қалыпқа қамап қоюдың да салдары бар. Дайын сценарий, жаттанды құттықтау, бір үлгідегі тәрбие сағаты, мерекелік пост, әкімшілік есеп рәмізді халыққа жақындата алмайды. Керісінше, оны ресми мәтіннің ішінде қалдырып қояды. Мектеп оқушысы Әнұранды айтқанымен, оның ішіндегі елдік арманды сезінбесе, студент Ту жанында суретке түскенімен, оның жауапкершілікпен байланысын білмесе, мемлекеттік қызметші Елтаңба астында отырып халыққа немқұрайды қараса, рәміз бен өмірдің арасы алыстай  береді.

Осы араны жақындату үшін рәміздерді түсіндіру тәсілі өз­геруі керек. Сабақ пен тәрбие сағаты «Тудың авторы кім?», «Елтаңбада не бар?», «Әнұран қашан қабылданды?» деген сұрақтың айналасында қалып қоймауы қажет. Балаларға «неге көк түс таңдалды, қыран неге төменге емес, биікке қарап қалық­тап тұр, шаңырақ неге Елтаңбаның дәл ортасында, Әнұранда жер, ел, намыс, ұрпақ ұғымдары неге қатар айтылады?» деген сауалдар жиі қойыл­са, тақырыптың тынысы ашылады. Сонда оқушы рәмізді жаттамайды, ойланады. Ойланған жерде құрметтің тамыры тереңдейді.

Мұны тек тарих немесе қосымша сабаққа қалдыру жеткіліксіз. Туды дизайн тұрғысынан талдауға болады. Елтаңбаны әдебиетпен, этнографиямен, көшпелі дүниетаныммен байланыстыруға, Әнұранды музыка, мәтін, тарихи кезең арқылы түсіндіруге болады. Құқық сабағында рәміздердің мәртебесі мен оны қолдану мәдениеті айтылуы керек. Медиа сауат сабағында Ту бейнесін әлеуметтік желіде, жарнамада, бейнероликте қалай қолдануға болатыны талқыланғаны дұрыс. Сонда рәміз бір күндік тәрбие сағатының тақырыбынан шығып, бірнеше салаға тарайтын тірі ұғымға айналады. Қазір Ту бейнесі әлеуметтік желіде де, спорттық киімде де, мерекелік роликте де, сахналық безендіруде де жиі көрінеді. Бұл рәміздің халыққа жақындай түскенін білдіреді. Бірақ жақындаған сайын жауапкершілік те артса, құба-құп. Сапасыз монтаж, орынсыз графика, талғамсыз безендіру, рәмізді тек фон ретінде пайдалану оның қадірін құртатыны айқын. Құрмет тек тыйымнан құралмайды. Құрмет талғамнан, ұқыптан, мағынасын түсінуден де байқалуы  тиіс.

Рәміздердің салмағы ұлттық ұстынмен тығыз байланысты. Ұлттық ұстын дегенде мерекелік ұран емес, қоғамды ұстап тұрған ортақ құндылықтар айтылады. Тіл, жер, заң, тарих, мәдениет, еңбек, әділет, жауапкершілік, ортақ бола­шақ. Ту осының бәрін бір түске, бір бейнеге сыйғызады. Елтаңба оны шаңырақ пен кеңістік арқылы көрсетеді. Әнұран сол ойды сөз бен әуенге айнал­дырады. Сондықтан «Төрдегі Ту қаныңды тулата ма?» деген сұрақтың жауабын Тудың өзінен ғана іздеу қиын. Ту тұрған қоғам қандай? Сол қоғамда әділдікке сұраныс бар ма? Ортақ мүлікке жана­шырлық бар ма? Мемлекеттік тілге, заңға, мәдениетке құрмет бар ма? Азамат өзін осы елдің жауапты мүшесі ретінде сезіне ме? Рәміздің әсері осы сұрақтардың жауабымен бірге  өлшенеді.

4 маусым осы жағынан алғанда мерекелік күннен әлдеқайда кең мағынаға ие. Бұл күн мемлекет пен азаматтың арасындағы көзге көрінбейтін байланысты ой елегінен өткіз­уге мүмкіндік береді. Қазақстан Туы әлемдік онлайн-турнирде ең әдемі Ту ретінде бағалануы мүмкін. Бірақ ел ішіндегі негізгі міндет сол әдеміліктің астарындағы мағынаны жоғалтпауға тіреледі. Елтаңба құжат бетінде ғана қалып қоймай, ортақ шаңырақ сезімін күшейтуі керек. Әнұран стадионда ғана шырқалмай, адамның ел алдындағы ішкі жауап­кершілігімен де ұштасқаны жөн. Рәмізді қадірлеу оны биікке ілуден басталуы мүмкін. Бірақ оның шын қадірі қоғамның күнделікті мінезінен байқалады. Ту төрде тұрса да, оның мәні санаға жетпесе, ол салтанатты белгі күйінде қала береді. Ал рәміз ұлттық ұстынға айналуы үшін оны түсіндіру, дұрыс қолдану, қорғау және күнделікті өмірмен байланыстыру мәдениеті қатар жүруі керек. Төрдегі Ту қаныңды тулатып, жүректі тербетіп, патриот­тық  тудыра алады. Бірақ ол үшін Тудың биікте тұрғаны аз. Оның мәні адамның ойында, ісінде, ортақ жауап­кершілігінде  орнығуы  қажет.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: