Қоғам белгілі бір құбылыстың салдарын анық көргенде, оның себебін тез арада тоқтатуға ұмтылады. Әлеуметтік желіге қатысты бүгінгі алаңдаушылық та осы табиғи реакциядан туындауда. Баланың экран алдында ұзақ отыруы, жасына лайықсыз контентке тап болуы, кибербуллингке ұшырауы, бейтаныс адамдардың ықпалына түсуі, жалған ақпаратқа сенуі – ата-ана үшін де, мемлекет үшін де елеулі қауіп. Сондықтан жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігін заңмен реттеу туралы ұсыныстың қоғамда талқылануы заңды. Алайда, мәселенің күрделілігі – әлеуметтік желінің баланың өміріне әлдеқашан еніп қойғанында. Ендігі сауал «баланы желіден қалай алып шығамыз?» дегеннен гөрі, «бала кіріп қойған цифрлық кеңістікті қаншалықты қауіпсіз ете аламыз?» деген деңгейге көтерілді. Бүгінгі мақаламыз да осы мәселенің маңайында болмақ.
Расын айту керек, әлеуметтік желінің әлегімен түрлі оқыс оқиға болуда. Әсіресе, кәмелетке толмаған балалар арасында бұл желінің жақсы жағымен қатар, зияны да бар екенін жасыра алмаймыз. Әлеуметтік желінің табиғатын түсіну үшін баланың телефонға неге қайта-қайта оралатынынан бұрын, платформалардың неге оны ұстап қалуға мүдделі екенін қараған жөн. Қазіргі цифрлық ортада адамның назары – экономикалық ресурс. Пайдаланушы платформада неғұрлым ұзақ отырса, оның алдында соғұрлым көп контент, жарнама және коммерциялық ұсыныс пайда болады. Осы модельде баланың жасы мен психологиялық осалдығы әрдайым бірінші орында тұрмайды. Алгоритм пайдаланушының нені көретінін оның бұрынғы әрекетіне қарай болжайды. Бір тақырыпқа қызыққан балаға соған ұқсас мазмұн қайта ұсынылады. Былай қарасаңыз, бұл – ыңғайлы жүйе. Бірақ дәл осы механизм баланың ақпараттық көкжиегін тарылтып, белгілі бір мазмұнды қайта-қайта тұтынуына да ықпал етуі мүмкін. Осы жерде мәселе «телефон көп қолданылды» деген қарапайым есептен күрделірек сипат алмақ. Мәселен, бала белгілі бір ақпаратты өз еркімен таңдағандай көрінгенімен, оның алдына келесі ақпаратты ұсынатын жүйе – алгоритм. Демек, цифрлық кеңістіктегі баланың таңдауы мен оған ұсынылатын контент арасында көрінбейтін технологиялық сүзгі бар.
UNICEF-тің Қазақстандағы «Kids Online» зерттеуі 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы, 11-12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында жеке аккаунты бар екенін көрсеткен. Бұл ретте көптеген платформаның ең төменгі жас шегін 13 жастан белгілеуі назар аудартады. Яғни, мәселе әлеуметтік желіге енді еніп келе жатқан ұрпақ турасында емес. Балалардың едәуір бөлігі цифрлық кеңістікті әлдеқашан күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Қауіп те соған сәйкес түрленді.
Бұрын ата-ана баласының кіммен араласатынын, қайда жүргенін, қандай ортаға тап болғанын белгілі бір дәрежеде бақылай алатын. Қазір баланың әлеуметтік ортасы үйдің қабырғасынан әлдеқайда асып кетті. Оның құрдастары да, бейтаныс адамдар да, түрлі контент өндірушілер де бір экранның ар жағында отыр.
Кибербуллинг, сексуалдық бопсалау, онлайн-арбау, жеке мәліметтердің таралуы, жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейнелер – бұлардың барлығы қазіргі цифрлық қауіптердің қатарында. Қазақстанда өткен 2026 жылғы ұлттық конференцияда да осы мәселелер арнайы талқыланып, балаларды қорғау үшін ерте анықтау, шағымдану тетіктері, психологиялық қолдау және ата-аналар мен мамандардың цифрлық сауатын арттыру қажеттігі айтылды.
Осы ретте, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігіне назар аударып, бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу қажеттігін көтерді. Депутат келтірген дерекке сәйкес, балалардың 88 пайызы смартфон қолданады, ал 28 пайызы бос уақытын негізінен гаджетпен өткізеді.
– Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған зерттеуіне сәйкес, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын балалардың үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен. Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық, — деді Ж.Әшімжан.
Сонымен қатар, балалар арасындағы әлеуметтік желідегі буллинг көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10-18 жастағы балалардың әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшырау көрсеткіші 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін жеткен. Депутат әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдаланудың баланың оқуына, спортпен айналысуына, кітап оқуына және отбасымен қарым-қатынасына бөлінетін уақытты қысқартатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл зейін қою мен ақпаратты терең қабылдау қабілетіне де кері әсер етуі мүмкін.
ПРЕЗИДЕНТ НЕ ДЕДІ?
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы шектеу қою бастамасын қолдаған болатын. Алайда депутат тек заң қабылдаумен шектелмеу керектігін айтып отыр. Ең маңызды мәселе – баланың жасын цифрлық кеңістікте қалай анықтау, жеке деректерді қалай қорғау және жалған аккаунттар арқылы шектеуді айналып өтуге қалай тосқауыл қою.
Балаларды цифрлық ортада қорғау мәселесі тамыз айында өткен педагогтердің республикалық тамыз конференциясында да көтерілді. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетингтің бала дүниетанымына ықпал ететініне назар аударды. Сондай-ақ, 2018 жылдан бері қолданыстағы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.
Осы жұмыс аясында Үкімет 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп, маусым айында Парламентке енгізді.
Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Президент бұл бастаманы тағы да қолдап, ең бастысы заңды қабылдау ғана емес, оның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
– Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке контентті сүзгілеу шараларын қабылдап, балалар SIM-картасын қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.
– Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Әділет» фракциясының депутаттары осыған байланысты Үкіметке төмендегідей төрт ұсыныс жолдады:
1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау;
2. балалардың жеке және цифрлық деректерін қорғау;
3. мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауатты жүйелі оқыту;
4. әлеуметтік желінің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БАЛАЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚАЛАЙ ШЕКТЕП ЖАТЫР?
Балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігіне қатысты талаптар әлем елдерінде біртіндеп күшейіп келеді. Алайда әр мемлекеттің ұстанымы әртүрлі. Бірі нақты жас шегін енгізсе, енді бірі мұндай шешімнің құқықтық және техникалық тетіктерін талқылап жатыр.
Аустралия 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуына және қолданыстағы парақшасын пайдалануына шектеу қойды. Мұнда жауапкершілік балаға немесе ата-анаға емес, әлеуметтік желі платформаларына жүктелген. Олар кәмелетке толмағандардың тіркелуіне жол бермейтін тетіктерді енгізуге міндетті. Дегенмен, алғашқы тәжірибе шектеудің орындалуы оңай еместігін көрсетті. 2026 жылғы зерттеулердің бірінде сауалнамаға қатысқан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің басым бөлігі тыйым енгізілгеннен кейін де әлеуметтік желілерді пайдаланып жүргенін айтқан. Бұл мәселенің тек заң қабылдаумен шектелмей, жас мөлшерін сенімді анықтайтын технологиялық тетіктерді қажет ететінін көрсетті.
Ал, Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу туралы заң қабылданғанымен, әлі күшіне енбеді. Конституциялық кеңес мұндай талаптың сөз және ақпарат еркіндігіне шамадан тыс әсер етуі мүмкін екенін, сондай-ақ жас тексеру барысында жеке деректерді қорғауға қатысты кепілдіктер жеткіліксіз екенін алға тартты. Осыдан кейін заңды қайта қарау мәселесі көтерілді.
Ұлыбритания 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізуді 2027 жылдың көктемінен бастап қарастырып отыр. Бұған қоса, 18 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілердегі кейбір функцияны, соның ішінде тікелей эфир мүмкіндігін пайдалануға қосымша талаптар қойылуы мүмкін.
Еуропалық одақ деңгейінде әзірге барлық елге ортақ 16 жас шегі белгіленген жоқ. Оның орнына Еуропалық комиссия пайдаланушының нақты туған күні мен жеке деректерін платформаға толық бермей-ақ, белгілі бір жасқа толғанын растауға мүмкіндік беретін цифрлық жас тексеру құралын әзірлеп жатыр.
ТЫЙЫМНАН БҰРЫН ТӘРТІП пен ТҮСІНДІРУ ҚАЖЕТ
Балалар психологі Кәмшат Советқызының пікірінше, балаларға желіні қолдануға тыйым салар кезде бірнеше психологиялық фактіні ескеру қажет.
– Ең бірінші, бұл жас – баланың «Мені», яғни жеке-даралығы қалыптасуы жылдамдайтын, тәуелсіздікке деген ұмтылысы артатын және достарымен қарым-қатынас орнататын кезең. Ал желі – мектеп тапсырмаларын орындау, ақпарат алу, өз қызығушылықтарын зерттеу және өзін таныту үшін пайдаланатын бір әлемі. Сондықтан телефонға толықтай тыйым салуды жасөспірім әлеуметтік ортасымен байланысының үзілуі ретінде қабылдауы мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік желілерде көбіне шынайылықтан алыс көріністер өте көп және олар баланың жас деңгейін ескермейді. Көбіне өзіндік бейнесі жаңа қалыптасып келе жатқан балалар үшін өзіне сын көзбен қарау – онсыз да болатын жағдай. Оның үстіне, олар өздерінің күнделікті өмірін әлеуметтік желідегі мінсіз бейнелермен салыстырған кезде, сыртқы келбеті, жетістіктері немесе әлеуметтік өмірі туралы жағымсыз ойлар қалыптасуы мүмкін. Балалардың өз мүмкіндігіне қарай емес, сыртқы әлеммен өзін салыстыруы және өзін жеткіліксіз сезінуіне әлеуметтік желілердің үлкен әсері бар. Басқа адамдардың өмірін үнемі бақылау адамның бір нәрседен құр қалып жатқандай сезінуіне әкелуі мүмкін, — дейді психолог К.Игембаева.
Әлеуметтік желіге шектеу қою мәселесі қоғамда әртүрлі пікір қалыптастырып отыр. Бір тарап баланы цифрлық ортадағы қауіптен қорғау үшін нақты жас шегі қажет десе, екінші тарап тыйымнан бұрын баланың интернетті дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін алға тартады. Осы тұрғыда мектеп тәжірибесіндегі жағдайға назар аударып, педагогтің пікірін білген едік. Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағыныш Мұхитқызының айтуынша, қазіргі оқушының әлеуметтік желімен қарым-қатынасы мектептен де анық байқалады.
– Жасөспірім үшін лайк, пікір, жазылушы саны құрдастары арасындағы беделдің бір көрсеткішіне айналып барады. Әлеуметтік желідегі жылдам кері байланыс балаға қызық болғанымен, оны экранға тәуелді етуі мүмкін.
Мектептегі өзекті мәселелердің бірі – кибербуллинг. Сыныптағы келіспеушілік әлеуметтік желіге ауысқанда, бала одан оңайлықпен алыстай алмайды. Сондықтан балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірумен қатар, әлеуметтік желідегі мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Меніңше, әлеуметтік желіге толық тыйым салу мәселені шешудің жалғыз жолы емес. Жасөспірімге тыйым салынған нәрсе керісінше қызығушылық тудыруы мүмкін. Сондықтан баламен ашық сөйлесіп, интернетті не үшін және қанша уақыт пайдаланатынын бақылау қажет. Бұл ретте ата-ананың үлгісі ерекше маңызды. Үйде ересектер телефонға көп уақыт бөлсе, баладан экран уақытын қысқартуды талап ету қиын. Сондықтан цифрлық тәртіп отбасынан басталуы керек, — дейді Сағыныш Мұхитқызы.
САНҒА СЫЙМАҒАН ҚАСІРЕТ
«Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, елімізде кәмелет жасына толмаған балалардың 21 пайызы кибербуллингке ұшыраған.
Мәселен, 2025 жылы Қазақстанда 199 бала мен жасөспірім өз өмірін өзі қиған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,7%-ға көп. 199 бала – бұл шамамен жеті сыныптың толық құрамы. Олардың 64-і он бес жасқа да толмаған еді. 2025 жылы суицидтен болатын жалпы өлім көрсеткіші, керісінше, төмендеді: 100 мың адамға шаққанда 7,21-ден 6,78-ге түсті. Яғни, ересектер арасында бұл көрсеткіш азайған кезде, балалар арасында ол өсіп кеткен. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспар 2023-2025 жылдарға есептелген болатын. Өткен жыл – сол жоспардың соңғы жылы, ал сол соңғы жылдың қорытындысы 13,7 пайыздық өсім болып шықты. 199-дың қасында екінші сан бар, ол 405 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Бұл сан алғашында жұбаныш беретіндей көрінер, өйткені тірі қалғандар қаза тапқандардан екі есе көп болып шығады. Бірақ оны бөліп қарасаңыз, санның шындыққа сай келмейтіні бірден байқалады. Ресми тізімге тек полицияға немесе реанимацияға дейін жеткен жағдайлар ғана ілігеді. Әке-шешесі байқап қалып, ешкімге айтпаған әрекет те, баланы жекеменшік психологқа апарумен аяқталған әрекет те, үй ішінде «абайсызда болды» деп аталған әрекет те ресми есепте мүлде жоқ. Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанушылары ересек адамдардан балалық шағы туралы сұрағанда, олардың 37%-ы үй ішіндегі үлкендерден физикалық не психологиялық зорлық көргенін айтқан. Сол топтың 10,3 %-ы өлім туралы ойға, кейде тіпті әрекетке дейін жеткенін мойындаған.
Жоғарыда атап өткен 199 ажалдың 116-сы оңтүстік өңірлерге тиесілі, яғни жартысынан көбі сол жақта тіркелген. Түркістан облысы 37 жағдаймен бірінші орында тұр, одан кейін Жамбыл облысы – 18, Алматы қаласы – 16 және Астана 14 жағдай. Осы сандарға қарап оңтүстікті негізгі ошақ деп қорытуға болатын сияқты. Түркістан облысы – елдегі халқы ең көп өңір, сондықтан ондағы суицидтен болатын жалпы өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 3,49-ды құрайды, ал бұл республикалық орташадан төмен. Ең жоғары көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 14,86-ны Солтүстік Қазақстан облысы құрайды, бірақ бұл өңір абсолютті сандар бойынша жасалған тізімдердің ешқайсысына енбеген.
Есепте қаза тапқан 199 жағдайдағы 136 ұлдың 120-сы, ал 63 қыздың 53-і толық отбасында өскені көрсетілген. Ал аяқталған суицидтердің 70%-да себебі есепте анықталмаған күйінде қалған, яғни он баланың жетеуінің неге өмірден кеткені белгісіз. Мұнда сот-медициналық сараптама туралы айтылып отырған жоқ, өйткені ол көбіне-көп өз міндетін атқарады және суицид пен өзге себепті ажырата алады. Қалған 30%-да мынадай себептер көрсетілген: отбасының ауыр материалдық жағдайы мен баспана мәселесі 11 ажалға, ата-анамен және туыстармен қақтығыс 13 ажал мен 126 әрекетке, буллинг 2 ажалға, психикалық зорлық тағы 2 ажалға себеп болған. 2025 жылы буллинг фактісі бойынша 438 іс тіркеліп, жауапкершілікке 272 адам тартылған. Солардың 71,3 %-ы ең жеңіл жазамен, яғни ескертумен ғана шектелген, қалған 28,7 пайызы айыппұл төлеген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицид туралы медиаматериалдардың өзі суицидтің алдын алуға да, керісінше осал аудитория үшін қауіпті күшейтуге де ықпал етуі мүмкін екенін ескертеді. Зерттеулерден кейін халықаралық ұсынымдар суицидтің әдісін егжей-тегжейлі сипаттамауды, оны бір ғана оқиғамен түсіндірмеуді, өлімді романтизацияламауды және трагедияны сенсацияға айналдырмауды талап етеді. Оның орнына көмекке жүгіну мүмкіндігін, дағдарыстан шығу жолдары бар екенін және суицидтің алдын алуға болатынын көрсету ұсынылады.
Балалар мен жасөспірімдерге келгенде бұл талап тіпті қатаң. Жастар медиадағы суицид оқиғаларымен өзін сәйкестендіруге және еліктеуші мінез-құлыққа анағұрлым осал. Сондықтан нақты әдісті, орынды, өлім алдындағы жазбаларды, тым эмоциялық фотоларды немесе «осының бәріне бір ғана адам, бір ғана оқиға себеп болды» деген қарапайым сценарийді жариялау қауіпті болуы мүмкін.
Демек, әлеуметтік желіге шектеу қою мәселесін «тыйым салу» мен «еркіндік» арасындағы тартысқа тіреп қою жеткіліксіз. Әлеуметтік желідегі мәселе экран уақытымен өлшенбейді. Кибербуллинг, онлайн қысым, баланың психологиялық күйіне әсер ететін контент пен оның соңы қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін екені цифрлық ортаның қауіпсіздігіне әлдеқайда байыпты қарауды талап етеді. Сондықтан әлеуметтік желіге жас шегін белгілеу маңызды болғанымен, оны жалғыз шешім деп қабылдау қауіпті. Заң баланы платформадан алыстатуы мүмкін, бірақ оны қысымнан, буллингтен және ақпараттық қауіптен қорғау үшін мемлекет, мектеп, ата-ана мен платформаның ортақ жауапкершілігі қажет. Бала қауіпсіздігі цифрлық саясаттың қосымша тармағы емес, негізгі өлшеміне айналмайынша, кез келген шектеудің нәтижесі күмәнді күйінде қалмақ.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөз арқылы дайындаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!