Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарқ етіп жанған, жарығым-ай!

17.09.2026, 6:00 32

Көп жасамай, көк орған,

Жарасы үлкен жас өлім.

Абай

Алла адамды баласымен сынамасын деп жатады. Бүгінгідей  мамыражай заманда, беймарал тіршілік кешкен кезде аяқ астынан қайғы­ға тап болып, қасірет-мұң шеккенде хакім Абайдың төтеннен келген қазаға, тойымсыз ажал мен аяусыз өлімге қатыс­ты айтқандарына жүгінеді екенсің. Себебі бұл ахуал­ды данагөй данышпаннан артық жеткізгендер арғы, бергі дәуірде некен-саяқ. Мыңмен жалғыз алысқан ақын бұл турасындағы  көңіл  күйін:

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге

салады ол?, — деп өзекті өртер  өксікпен  жеткізеді.

Осы күйзелісті күйді айналдырған төрт айдың ішінде арыстай азаматымыздан қапияда айырылып, көзден жас сорғалаған сәтте өз ба­сы­мыздан өткізген жайымыз бар. Қолдан келер шара болмай дал болғанымызды, әуре-­сарсаңға түскенімізді, ақ сүт берген анасы Айзада мен өмірлік жары Шынардың, асқар тау әкенің бастан кешкенін баяндап, жеткізудің  өзі – қияметтің  қияметі.

Болашағынан зор үміт күткен, халқының қамқоршы­сы болады деген, Ресейде оқып, білім алған сүйікті ұлы Әбдірахман (Әбіш) нау­қастанып жатқанда дала ділмары: «Ия, Құдай, бере гөр, тілеген тілекті. Қорқытпай орнық­тыр, шошыған жү­ректі. Тән саулық қалқама, қабыл боп көз жасы» деген үмітпен бойға сенім, жанға жұбаныш орнықтырар ақ тілек пен шынайы пейілді кестелі тілмен жеткізге­нін қайтерсің?! Ия, біз де нақ осындай ынтызар күйді бас­тан өткердік. Дәрігерлердің ем-шипасымен жазылар, жас ғой, қатарға қосылар деген сергек сенімнің жетегіне ердік. Ақынның кеселді дерттің тырнағына іліккен Әбдірахманға қаламдас серігі Кәкітай атынан жазған хатында: «Жүректің сөзін сөйле, тіл, жалғаны жоқ бояма. Қу көсе қандай өзімшіл, бір сынамай қоя ма?» деп абыр­жулы жай-күйін Алланың жіберген сынағы ғой деп ұғынады. Біз де нақ осындай хал кештік.

Алайда төрелеп емес, төтеннен келген дерттің ушыққаны соншалық, ақыры араны тоймайтын, қызуы шоқтай қаритын, демінен үскірік аяз есетін қазаға әкеп ұрындырды. Айналасында құрақ ұшып, шыр-пыр болып жүрген біздер қолдан келер қайранымыз болмай, салымыз суға кетті. Емен ағашымыз опырылып құлады. Қалың елге қайғы шектірген ардақты ұлының өліміне қатысты ақын: «Кешегі өткен ер Әбіш, елден бір асқан ерек-ті. Жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек-ті» деп перзентінің артық мінезіне, қадір-қасиетіне жоғары баға бере келіп, ішкі тұжырымын «Ұзақ өмір не берер, көрген, білген болмаса? Жатқан надан не білер, көңілге сәуле толмаса?»  деп  түйіндейді.

Түпкі мақсатына (отау құрып, ұрпақ сүю, білім алып, елге қызмет ету, өмірде­гі өз орнын табу, т.б.) жете алмай, арманда кеткен оғыланына: «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады. Көрген, білген өкінді, мін тағар жан болмады» деп мұраты асыл, арманы асқақ Әбішінің қазақ аспанының көгінде құйрық­ты жұлдыздай ағып өткенін көңілге медет тұтады. Әр жолынан қайғы-қасіреттің ызғары есіп тұратын жоқтау жырын: «Көргені мен білге­ні, жүзге келген шалдан көп. Бізге уайым жегені – арман­да боп қалды деп» деп опти­мистік құлшыныспен түйіндеп аяқтауы Асқары­мыздың да көрген, білгені мен атқарған қыруар халықтық іс-қызметімен  сай  келуі дәтке қуат  берді.

Жасынан теміржолшы мамандығын таңдаған, қатардағы жұмысшыдан техника қауіпсіздігі инженеріне дейін көтерілген Асқар Қараш­аұлы (1983-2026 ж) 2017 жылдың қаңтарынан қазіргі «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлістігінің Алматы филиалы төраға орынбасары (16.07.2025 ж төраға) болып сайланған жылдары Алматы-­Достық-Алтынкөл-Отар бағытындағы теміржол меке­мелерінде еңбек ететін 13 мың кәсіподақ мүшесіне, оның отбасына материалдық және әлеуметтік қамқорлық жасауда қыруар іс тындыр­ғанына қызметтес достары жанды куәгер. Тәубе, шүкір дейміз!

Осының өзі ата-анасына дана Абайдың Әбдірахманға «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің» деп айт­қанына дәлме-дәл келген­дігі қуантады. Мұнымен бірге ақынның Әбіштің жары Мағышқа айтқан жұбатуындағы: «Жылағанды тоқтатып, ынсап қылсақ жарайды. Қойма­саң, қайғы ауыр боп, тұл бойыңа тарайды. Жылама, Мағыш, жылама, Алладан өлім тілеме! Қолдан ұшқан ақсұңқар қайтып келіп қонбайды» деп сабырға шақыруы бізге де демеу болды. Парлап ұшқан ақсұңқарымыздың қайта оралмасына қанықтық. Алдымызда Асқардан қалған үш перзентті ержеткізіп, қатарға қосу міндеті тұрғанын сезіндік. Осы ізгілікті жолда Алладан күш-қуат бере гөр деп  жалына  сұрадық…

Әдетте бал тамған тілден, у да тамары бар ғой. Жылай берсең, жас тыйылмайды, жаза берсең, сөз таусылмай­ды. Алысқа сермемей, тереңіне бойламай, «Сап, сап көңілім, сап көңілім!» (Абай) деп тоқтайын. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың «Өмір деген бір жарқ еткен найзағай. Өмір деген бір күндік сәуле екен ғой!» деген тебіренісін барынша мәнді ұғынғандай болдық. Жан жарасын жазар уақыт неткен ұшқыр еді? Жарқ етіп жанған, жалындап ерте сөнген жарығымның мына өмірден озғанына да қырық күн таяныпты. Қиын шақта, қасіретті сәтте қайғымызды бөліскен, жұбату сөзімен демеген қабырғалы Жетісу (Қаратал, Талдықорған) мен Сырдың (Қазалы, Арал, Төретам) барша ағайын-жұртына алғыс сезімімді білдіргім келеді. Перзентінен ерте айырылған біздей болып, қабырғаларыңыз сөгілмесін! Ұл-қыздарымыз жәутеңдеп, мұңға батпасын! Қуаныш­ты күндеріміз, бақытты сәтте­ріміз көп болсын! Алла тағала маңдайға сыймай кеткен, сабағынан ерте үзілген Асқарымның алдын пейіш, артын кеніш ете гөр! Жазбамды Абай атамыздың өзіне айт­қан:

Өмір берген Құдайым,

Ажалын да беріпті.

Сақта дейміз қайтеміз

Ілінген жалғыз тіректі.

Тағдырына тәбдил жоқ,

Тәуба қылсақ керек-ті, —

деген  жұбатуымен  аяқтаймын.

Қараша  ҚАРАМАН,

Алматы  облысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: