Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсардың» қайсарлығы қайда қалды?

10.09.2026, 8:40 41

Қызылордалық команданың атауынан ат үрки­ді. «Қайсар» сөзінің өзі қайтпас қайсар мінез­дің, батырлық пен жігердің баламасы екені бәрімізге мәлім. Өкініштісі сол, «Сыр спортының атын шығарамыз», «су жаңа ста­дионда Еурок­убок ойындары өтеді» деген уәде жабулы қазан күйінде қалды. ҚПЛ небәрі бес турдан кейін мәресіне жетеді. Ал бірер уақыт бұрын «Қайратты» әбігерге салып, турнирдің ортаңғы жағына қоныстанған «Қайсар» бүгінде кестеде соңғы тұр. «Мақұл, несіне ашынамыз, «Қайсар» онсыз да жарытып  жүрген жоқ қой» дегеннің өзінде басшылық біршама легионер алып, барша жанкүйерді үміттендіріп қойған. Былтырғы сүреңсіз ойыннан соң трансфер  сұрадық, одан  қалды  «Кумыковтың  орнына жөні дұрыс бапкер келсін» дестік, басшылық екеуін де орындады. Дегенмен, нәтиже сонда да көңіл көншітпейді. Керісінше, «Қайсар» өңкей  қазақпен жақсырақ ойнаған секілді көрінеді. Жә, одан бұрын «қасқырлардың» ішкі химиясы, бір-бірімен байла­нысы да тұрақсыз сықылды, ол жайлы да кейінірек тарқатармыз. Қысқасы, әңгі­ме  «қымсынбаған»  «Қайсар»  жайлы.

Қызылордалық команданың лига ішінде жеңіске жете алмай келе жатқанына екі айға жуық уақыт болды. Әйтеуір, Қазақ­стан кубогында финалға жетіп, қуантып қойды. Бірақ ҚПЛ-дағы жағдай әдеттегідей сол күйі. Нақтырақ сандарды сөйлетейік. «Қайсар» ҚПЛ-да кезекті  қарсыласын соңғы рет маусымның 28-і күні жеңген. Мау­сымның соңында «Ертісті» жеңгеннен кейін «Қайсар» жеңіс дәмін татпады. Ал лигадағы соңғы бес матч одан сайын адам шошытады. Команда қоржынында 0 жеңіс, тіпті тең ойын жоқ. Бүкіл ойында жеңіліс тап­қан. Содан бері «Қайсар» жанкүйерлері маусым басында келген Ферапонтовтың кетуін талап етті. Қысқасы, коман­даның ішкі «асханасында»  хаос­тың  көкесі  болып  жатқандай.

Бәрінен бұрын кәсіпкердің қолына өткен «Қайсардың» тек қазақ ойыншыларымен өнер көрсетеміз деген ашық саясатына қарсы шығып, трансфер талап еткен­дердің ұнжырғасы түсті. Виктор Мозес, Эзекель сынды шетел, топ-5 лига көрген ардагер аяқдопшылардың келуі команданың  өрлеуіне  сеп  болады  деп  үміттенгенбіз.

Жоғарыда атап өттік, лиганың бітуіне тек бес тур қалды. Ал қазіргі қарқынмен «Қайсар» бұл ойындардың ең болмағанда біреуін жеңуі мұң болып тұр. Оны қойшы, егер шынымен «қасқырлар» лиганың соңғы орнынан көтеріле алмаса, Бірінші лига­ға «топ» етіп ұшып кеткелі тұр. Ал енді елестетіңіз, сонша сенген «Қайсары­мыз» Мозес секілді жұлдыз ойыншылармен, 11 мың адам сиятын УЕФА категориясына сай мінсіз стадионда Бірінші лиганың ойындарын  қабылдап  жүрсе… Тіпті  ұят.

Төте сұрағымыз кейбіреуге қате болып, «неге наразысы несі?» деп қойып қалуы мүмкін. Иә, наразы болмай немене? Фанаттардың сүреңсіз ойыннан мезі болғаны бесенеден белгілі. Қатарынан бес ойын жеңіліп, турнирлік кестеде соңғы орында тұрған соң нақты біреуді кінәлап, олқылығын тізудің мәні де жоқ секілді көрінеді. Бірақ ең жетіспейтіні физикалық әлеует екені көзге оттай басылады. Жанкүйерлердің көпшілігінің пікірі де осыған саяды. Ойыншылар ойынның соңына дейін төзімділік көрсетпейді. Кейде матчты жақсы бастап, гол салып, одан қалды камбэкке біртабан жақын қалғандай көрінеді де, кенет соңғы минутқа тақаған тұста гол жіберіп алады. Осы орайда команданың шыдамдылығынан тыс мінездің жоқтығы да көзге көрінеді. Осындайда командаға жігер беріп, алаңды, команданы бақылауында ұстай алатын Думан  Нәрзілдаев, Айбол  Әбікен  сияқты  ойыншыларды  аңсайсың…

Инстаграмдағы клубтың парақшасына зер салсақ, жанкүйерлердің Бірінші лиганы іштей қабылдағанын түсінесің. «Бірінші лига құтты болсын», «11 мұғаліммен ұтып кететін сияқтымын «Қайсарды» деген секілді пікірлер өріп жүр әр посттың астында. Және де жанкүйерлердің соңғы ойындағы ең шүйліккен тұсы – команда шабуылшылары Ағзамбаев пен Жақсылық арасындағы түсініксіз кикілжің. Екеуара нақты нені бөлісе алмағаны белгісіз, бірақ жанкүйерлер қос ойыншының бір-біріне жұдырық ала жүгіргенін кәсіпқой футболшыға сай әрекет санамайды. Алайда басым көпшілік – Нұрәлі Жақсылықтың жағында. Команданың ең жас ойыншыларының бірі болса да, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген жас ойыншыға Нұрдәулет Ағзамбаевтың шүйлігуін орынсыз дейді олар.

Шығыс Қазақстаннан ат терлетіп, Қызылордаға аталмыш ойын үшін табан тіреген бір жанкүйердің пікірі  тіпті  елжіретті.

– Мен «Қайсардың» емес, «Алтайдың» жанкүйері болсам да, Ағзамбаев, сенің тірлігің­ді түсінбедім. Командаң ұтылып жатыр, бірігіп жұдырықтай жұмылатын шақта өз коман­даласыңа жұдырық ала жүгіргенің дұрыс емес. Мен «Қайсар» мен «Алтай» ойна­ған кезде Қызылордаға жалғыз өзім барып, командама қолдау көрсеттім. Сонда байқағаным, қызылордалықтардың қаншалықты футболды сүйетінін көзім шалды. Ал сенің бұл тірлігің – «Қайсардың» жанкүйерлерін сыйлама­ғаның­ның белгісі. Мүмкін «Қайсар» сенің командаң емес шығар, ондай жағдайда  өзіңді  де, жанкүйерлерді  де  қинамай,  орныңды  босатсаңшы, — деген dulat_asembaitegi  никті  азамат.

Рас, әзірге команданың жай-күйі нашар. Ойын да, химия да, оған бас бапкердің кенет ауысуын қос – бәрі көңіл көншітпейді. Қызылордалық жанкүйер ретінде командаға соңына дейін болысып, «таңғажайыпқа» сенбеске амал жоқ. Лайым бәрі оңалып, клубқа жөні түзу ойыншылар мен басшылық  келеді  деп  сенеміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: