Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тұрмай қалды»: еркектер айтпайтын әңгіме

17.09.2026, 7:00 160

Ер-азаматтар бас қосқан жерде сөзден сөз туып, талай тақырыптың тиегі ағытылады. Балық басында да, буы бұрқыраған моншада да, дастарқан басында да байлық пен базар, билік пен саясат, көлік пен кәсіп сөз болады. Бірақ әңгіме төсекке тіреле қалса, жаңа ғана көсіліп отырған азаматтың өзі кібіртіктеп қалады. Бірі әзілмен жалтарады, бірі «бәрі дұрыс» деп қысқа қайырады, енді бірі «жас та келді ғой» деп жылы жауып қоя салады. Өйткені еркектің бұл тұстағы мүдірісі бізде әлі күнге денсаулықтың белгісі емес, намыстың дағы секілді қабылданады. Содан ағза белгі берсе де, көп еркек белгіге емес, беделге алаңдап, дерттің дауысынан бұрын намыстың үнін тыңдайды. Ал жігіттердің жайын қылықтылар ғана емес, ақ халаттылар да жіті бақылап жүр. Себебі төсектегі өзгерістің төркіні кейде төсектен әлдеқайда әріден басталады. Осы тұста мәселені жорамалға жүктемей, уролог-андролог Чингиз Нұғмановтың пікіріне құлақ түріп, ерлердің ең көп жасыратын мәселелерінің себебі  мен  салдарын  маман  көзімен  таразылап  көрдік.

Бір  рет бой бермегенді бірден дертке балаудың қажеті жоқ. Адамның ар­қалаған жүгі де, алқымнан алған уайы­мы да аз емес. Ұйқы қанбайды, жүйке жұқарады, көңіл алаңдайды, кейде ішімдіктің де кесірі тиеді. Осындай сәтте ағзаның бір мәрте мүдіруі қалыпты жағдай болуы мүмкін. Уролог-андро­лог та бір реттік сәтсіздікті тұрақты сырқаттың белгісіне жатқыза беруге болмайтынын айтады. Ал әлсіздік ара-тұра емес, қайта-қайта қайталана бастаса, оның түбін тек төсектен іздеу тарлық етеді. Өйткені еркектік қуат бір ғана мүшенің машығына байланбайды. Оның ар жағында ми мен жүйке, қан мен қан тамыры, көңіл күй мен күнделікті тіршіліктің тұтас байланысы  жатыр.

– Эрекцияның басталатын жері – жыныс мүшесі емес, ми. Мидан шыққан жүйке импульстары жұлын арқылы өтіп, ары қарай жыныс мүшесіне жетеді де, қан ағымына байланысты тұтас реак­цияны іске қосады. Осы тізбектің бір жері дұрыс жұмыс істемесе, эрекцияның сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан потенция әлсіреген кезде бір ғана мүшені тексеріп қою дұрыс емес, адам ағзасына тұтас қарау қажет. Оның үстіне бұл мәселе – ер адам үшін өте интимдік тақырып. Кейбір азаматқа мұны тіпті дәрігерге айту ауыр тиеді. Сондықтан дұрыс диагноздың өзі асықпай сөйлесуден, адамның жағдайын толық білуден басталады, — деп  түсіндіреді  маман.

Мұның өзі талай түйінді тарқатады. Күні бойы жұмыстың жүгін арқалап, кешке несиесін, үйдің қамын, ертеңгі тірлігін ойлап қалжыраған адам табал­дырықтан аттай сала бар уайымын сырт­та қалдыра алмайды. Баста сан ой сапырылысып, жүйке жұқарып тұр­ғанда денеге «енді бәрін ұмыт та, мінсіз жұмыс істе» деген әмір жүрмейді. Оның үстіне бір рет болған сәтсіздік сол түнмен бірге ұмытылып кетпей, келесі жолы күдік болып алдынан шығуы мүмкін. Нұғманов мұны «сәтсіздікті күту синдромы» деп атайды. Яғни бір рет жолы болмаған ер адам кейінгі жақындасуда сол жағдай тағы қайталана ма деп алдын ала алаңдап, өз-өзін  іштей  қыса  бастайды.

Содан ер адам қасындағы адамға емес, өз бойына үңіліп жатады. Әр қимылын аңдап, уақытты ішінен санап, ағзасынан белгі күтеді. Жақындықтың жылуы жоғалып, төсек екі адамның табысатын тұсы емес, бір адамның өзіне-өзі сынақ тапсыратын алаңына айналады. Оның салқыны екі жаққа да тиеді. Әйел күйеуінің қашқақтай бастағанын көріп, кінәні өзінен іздейді, «көңілі қалды ма» деп күмәнданады. Ер адам болса ішіндегі шындықты айтуға қиналып, шаршауды, жұмысты, көңіл күйді көлденең тартады, кейде ашуға басады, кейде жақындасудан жалтарады. Сөйтіп бір төсекте жатқан екі адамның бірін «мені қаламайды» деген ой қажаса, екіншісін «тағы қайталанып қалса ше» деген қорқыныш жейді. Осындайда арадағы алшақтықты дәріден бұрын бір ауыз ашық әңгіме қысқартуы  мүмкін.

Осы күндері жігіттер қарнын да қалжыңға айналдырып жіберуге шебер. «Жағдай жаман емес», «тоқшылықтың белгісі» деп күліп қоямыз. Бірақ белдіктің үстінен асып түскен іштің бәрін бақуаттылыққа балау бекер. Нұғманов әлсіз эрекцияның ар жағында кейде жүрек-қан тамыры, қант диабеті, гормондық өзгеріс пен күнделікті өмір салты тұратынын айтады. Артық салмақ, темекі, ішімдік те осы тізімнің шетінде емес. Яғни денедегі бір өзгеріс кейде дәл сол жердің емес, тұтас ағзаның  хабаршысы  болып  шығады.

– Ер адамның жыныстық қызметін бөлек тұрған жүйе деп қарауға болмайды. Қан айналымы дұрыс болмаса, оның салдары бұл жерден де көрінуі мүмкін. Қант диабеті, жүрек-қан тамырларының жағдайы, гормондық өзгеріс, артық салмақ, темекі мен алкогольдің әсері ескеріледі. Кейбір дәрінің өзі эрекцияға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан бірден «маған қуат беретін дәрі керек» деп шешім шығармай, оның не себептен болғанын анықтау маңызды. Кейде адамның өзі төсек мәселесі деп жүрген өзгерістің ар жағында мүлде басқа ауру тұруы  мүмкін, — дейді  уролог.

Сондықтан дәріханадан «қуат бере­тін» бірдеңе іздеуге асыққан еркектің ағзасы шын мәнінде одан әлдеқайда қарапа­йым белгі беріп тұруы мүмкін. Қысымыңды өлше, қантыңды тексерт, салмағыңа қара, қимылыңды көбейт деген белгі. Бірақ біз көбіне оңай жа­уап іздейміз. Соңғы жылдары соның бірі – тес­тостерон. Әлеуметтік желіні ашса­ңыз, оны көтеретін ас та бар, қоспа да бар, жаттығу да бар, «ғажайып» дәрі де дайын. Бір-екі видео көрген адам өзіне-­өзі диаг­ноз қойып, бар кінәні гормонға артып қояды. Ал жыныстық құмарлық пен эрекцияның өзгерісі бір ғана көрсет­кішпен  шешілетін  есеп  емес.

Темекі мен ішімдік мәселесінде де өзімізге келгенде кеңпейілміз. «Бір-екі рюмкадан не болады?», «осынша жылдан бері тартып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. Әрине, бір тал темекі­ден ертеңі­не бәрі өзгеріп кетпейді. Бірақ ағза  адамның есебімен емес, өз заңымен жұмыс істейді. Күні бойы орындықта отырып, кешке көлікпен үйге келіп, ауыр тамақ жеп, түн ортасы­нан кейін ұйықтап, үстіне темекі мен ішімдікті қосқан адамның денесі жыл өткен сайын бұрынғы қалпында қала бермейді. Сосын бір жері сыр бергенде бар кінәні «жас келдіге» жаба салу оңай. Қырық беске жаңа  келген  азаматтың өзін кәріге санап  отыруы кейде денеден бұрын  ойдың  қартайғанын  көрсетеді.

Қазіргі жас жігіттің интимдік өмір туралы алғашқы түсінігін кейде әкесі де, дәрігер де емес, қолындағы телефон қалыптастырады. Порногра­фиялық контентке жету қазір қиын емес, бірнеше секундтың шаруа­сы. Мәселе оны көрді-көрмеді деген дауда емес. Гәп – экрандағы әдейі әсіреленген көріністі өмірдің қалыпты өлшемі деп қабылдап қалуда. Өйткені сол сәттен бастап жас жігіт өз денесін де, мүмкінді­гін де, тіпті қасындағы адамның реакциясын да экраннан көрген дүниемен өлшей бастайды. Өлшем салыстырады, уақыт санайды, өзінің «жеткілікті» не «жеткі­ліксіз» екенін іштей таразылайды. Сөйтіп шын өмірдегі жақындықтың орнына  ойдағы  жарыс  басталады.

Уролог жыныстық қатынастың ұзақтығына  алаңдап келетін ер адамдар аз емес екенін айтады. Дәрігердің пайы­мынша, мұндайда адамның өзін басқа біреумен салыстыруы мәселені шешпейді,  керісінше,  күдікті  қоюлата  түседі.

– Қатынастың қанша уақытқа созыл­ғанына алаңдап келетін ер адамдар бар. Бірақ бір адамның жағдайын екіншісіне өлшем ету дұрыс емес. Досыңның айтқаны, интернеттен көргенің немесе ересектерге арналған фильмдегі көрініс сенің қалыпты жағдайыңды анықтамайды. Мұндай дүние­де көп нәрсе әдейі әсіреленіп беріледі. Адам соны өмірдің шынайы қалпы деп қабылдаса, дені сау бола тұра өзіне күмән келті­ре бастайды. Мұнда ең маңыздысы – ер адамның өзі мен серігінің жағдайы, екеуінің де жақындықтан жайлылық сезінуі. Ал артық салыс­тыру көбіне адамның өзіне артық  салмақ  сала­ды, — дейді  маман.

Мәселенің  түйіні де осында. Экрандағы бөтен адамның «нәтижесін» өз өміріне өлшем еткен жігіт бірте-­бірте өз денесіне сенуден қалады. Бір күні уақытты салыстырады, бір күні өлшемге алаңдайды, енді бірде серігінің реакциясын экрандағы көрі­ніспен салыстырады. Сөйтіп еш жері ауырмайтын, медициналық тұрғыдан сау адамның басына «менде бірдеңе дұрыс емес» деген күдік кіреді. Сол күдік төсекте де тыныштық бермейді. Жақындықтың жылуын сезінудің орнына іштен есеп басталады. Қанша уақыт өтті, бәрі дұрыс па, тағы бола ма деген ойлар көбейген сайын табиғи сезімнің орны тарыла береді. Ақырында екі адамның арасындағы жақындық рақаттан гөрі нәтиже қуған жарысқа ұқсап  кетеді.

Осындай қысым көбейгенде  ер адам тағы да ең қысқа жол іздейді. Дәрігерге барып жағдайын бастан-аяқ айтқаннан гөрі, таныстан бір дәрінің атын сұрап алу жеңілірек көрінеді. Моншадағы жолдас «мен ішіп көрдім» дейді, жұ­мыстағы таныс басқа препаратты мақтайды, интернеттегі жарнама үшінші «ғажайыпты» ұсынады. Сөйтіп дәрігерге айтуға қысыл­ған мәселесін адам аты-жөні белгісіз сатушыға сеніп тапсырады. Ал Нұғмановтың материал­дарында айтылатын негізгі ойдың бірі – эректильді дисфункцияны  емдемес бұрын оның себебін анықтау. Өйт­кені сырты­нан  бірдей көрінген мәселе­нің түбі әр адамда  әр  жерден  шығуы  мүмкін.

Түптеп келгенде, талай мәселенің түбі бір жерден шығады. Ер адам өзінің әлсіз тұсын айтуға қиналады. Ұл баланы кішкентайынан «жылама», «шыда», «еркек бол» деп өсіреміз. Қорықса сыр бермеуге, қиналса ішіне жұтуға, ауырса тістеніп жүруге үйретеміз. Содан қырық­қа келгенде «неге дәрігерге ертерек бармадың?» деп сұраймыз. Өмір бойы осал тұсын көрсетпеуге дағдыланған адамның төсектегі мәселесін бір күнде жайып салмайтыны түсінікті. Оның үстіне бұл жерде аурудан бұрын намыс сөйлейді. «Біреу біліп қойса ше?» деген қысылу, «менде қалайша осындай мәселе болады?» деген ішкі қарсылық ер адамды дәрігерден алыс­татып, кү­мәнді  кеңеске  жақындата  түседі.

Маман да осы психологиялық бөгетке арнайы тоқталады. Оның айтуынша, жыныстық мәселені бөтен адамға, тіпті дәрігерге айту ер-­азамат үшін оңай емес. Сондықтан мұндай қабыл­дауда бір-екі сұрақпен үкім шығарып, бір дәрімен шығарып салу дұрыс  болмайды.

– Бұл – ер адам үшін өте интим­дік мәселе. Осындай қиындықпен жүрген адамның бөтен кісіге келіп, бәрін ашып айтуының өзі оңай емес. Сондықтан қабылдау­да асығыстық бол­мауы керек. Тек шағымын тыңдап қоймай, адамның жалпы жағдайын, өмір салтын, бұрынғы ауруларын, қабылдап жүрген дәрілерін де білу маңыз­ды. Кейде мәселенің түбі психологияда болса, кейде қан тамырында, гормонда немесе басқа дертте жатады. Ем де соған қарай  таңдалады. Бір адамға көмектескен тәсілді екінші адамға сол күйінде ұсына салуға болмайды, — деп түсіндіреді  Чингиз  Нұғманов.

Сондықтан, дәрігер кабинетінде ешкімнің еркектігі таразыға түспейді. Онда себеп ізделеді. Біреуіне салмақ тастау керек болады, біреуінің қанты жоғары болуы мүмкін, енді бірінің ішіп жүрген дәрісі әсер етеді. Тағы бірінің денесінде айтарлықтай кінәрат жоқ, бірақ алғашқы сәтсіздіктен қалған қор­қыныш санасы­на тікен­дей қадалып тұруы мүмкін. Осындай сан түрлі себеп­тің бәрін бір «көк дәрімен» көлегейлеу – құ­лыптың бәрін бір кілтпен ашуға тырысқанмен  бірдей.

Төсектегі мәселенің күрделілігі де осында. Ол жерге ер адамның күндізгі тірлігі түгел ілесіп барады. Жұмыс­тағы жүйкесі, ұйқысыз түні, беліне жиналған салмағы, тартқан темекісі, ішкен арағы, экраннан көрген дүниесі, әйеліне айта алмай жүрген сөзі – бәрі бірге барады. Оның үстіне бала күнінен құлағына құйылған «еркек әлсіздігін көрсетпеуі керек» деген түсінік тағы бар. Сөйтіп бір адамның денсаулы­ғына денеден бұрын намыс кедергі келтіреді. Бір түннің сәтсіздігінен қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Бірақ бір белгі қайта-қайта қайталанып, қалып­ты өмірге кедергі келтіре бастаса, оны «өтіп кетер» деп жүре беру де ақыл емес. «Ағза бір рет ескертеді, екі рет белгі бере­ді, үшінші рет талап қоя бастайды» деген заңдылықты осын­дай­да атап өткені­міз дұрыс шығар. Еркектік төсекте сүрінбеумен өлшенбейді. Сүрінгенде орныңнан тұрып, себе­бін  іздей  білумен  өлшенеді.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: