Қазақстанға танымал фототілші Юрий Беккер 68 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып «Қайрат» футбол клубы жеткізді. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі оның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Юрий Беккердің есімі Қазақстан фотожурналистикасының жарты ғасырлық тарихымен сабақтас. Ол кәсіби еңбек жолында елдің саяси, қоғамдық, мәдени және спорт өміріндегі талай маңызды сәтті таспаға түсірді. Ұзақ жыл ҚазТАГ агенттігі мен «Казахстанская правда» газетінде еңбек етті. Спорттық фоторепортаждың шебері ретінде де кеңінен танылды.
Фототілшінің ең әйгілі жұмысы 1987 жылғы маусымда Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың сотында түсірілген. «Төртеудің соты» аталған процесте Юрий Беккер Қайрат Рысқұлбеков пен бірге айыпталған жігіттерге үкім оқылған сәтті фотоға түсірді. Кадрда сотталушылар кеудесін тік ұстап тұрса, судьяның басын төмен салған сәті бейнеленген.
Билік өкілдері суреттен сотталушылардың қайсар, ал судьяның олардың алдында бас иіп тұрғандай көрініс тапқанына ашуланған. Тарихи кадр баспасөзде жарияланғаннан кейін Юрий Беккер партия қатарынан шығарылып, жұмысынан қуылған. Фототілшінің өзі осы суреттің кесірінен ұзақ жыл қысым көргенін кейінгі сұхбаттарының бірінде айтқан еді.
Сурет шетелдік басылымдарға да тарап, Желтоқсан оқиғасының ең танымал кадрларының біріне айналды. Қайрат Рысқұлбековтің сот залындағы соңғы суреттерінің бірін тарихқа қалдырған фототілші сол кезеңнің шындығын бір кадрға сыйғызды.
Юрий Беккердің фотожурналистикадағы еңбегі «Құрмет» орденімен бағаланған. Ол кәсіби қызметінің елу жылында Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалар мен белгілі тұлғалардың мыңдаған суретін түсіріп, кейінгі ұрпаққа баға жетпес фотошежіре қалдырды.
Коллаж: Halyq–AI
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!