Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ журналисі АҚШ телеарнасында басшылық қызметке тағайындалды

04.11.2026, 11:15 51

Қазақстандық журналист Талғат Алманов АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасында Executive Reporter қызметіне тағайындалды. Енді ол америкалық журналистердің жұмысын үйлестіріп, жаңалықтар редакциясының қызметіне жетекшілік етеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Талғат Алманов жаңа қызметі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған. Оның міндетіне журналистер мен продюсерлердің жұмысын үйлестіру, ақпараттық материалдардың сапасын қадағалау және жаңалықтардың көрерменге уақтылы жетуін қамтамасыз ету кіреді.

Сонымен қатар қазақстандық журналист басшылық қызметке ауысқанымен, шығармашылық жұмысын тоқтатпайтынын айтқан. Ол алдағы уақытта да телевизиялық репортаждар әзірлеп, журналистік зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Талғат Алманов қызметке орналасқан ABC 7 (WKBW-TV) – АҚШ-тағы ABC ұлттық тележелісінің Буффало қаласындағы жергілікті серіктес арнасы. Телеарна Нью-Йорк штатының батыс бөлігіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларды, соның ішінде Буффало қаласы, Эри округі мен Ниагара-Фолс өңірінің жаңалықтарын жариялайды.

Қазақстандық журналистің АҚШ медиасындағы тәжірибесі бірнеше жыл бұрын басталған. Ол Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған. Бұған дейін Джорджия штатындағы Atlanta News First телеарнасында журналист әрі продюсер болып жұмыс істеген. Сондай-ақ отандық телеарналардың бірінде АҚШ-тағы меншікті тілші қызметін атқарған.

Талғат Алманов 2024 жылы Turkystan.kz басылымына берген сұхбатында америкалық журналистиканың жұмыс ерекшеліктеріне тоқталып, ақпаратты тексерудің, кәсіби еркіндік пен журналистік жауапкершіліктің маңызын атап өткен болатын.

Оның америкалық телеарнадағы жаңа қызметі қазақстандық журналистердің халықаралық медиакеңістікте кәсіби тәжірибесін кеңейтіп жүргенін көрсетеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: