Шиелі ауданында тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі – «Базар» арығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері және жауапты сала басшыларымен бірге Шиелі кентіндегі «Базар» арығын бетондау жұмыстарымен танысты.
Шиелі кентінде 36 мыңнан астам тұрғын тұрады. Елді мекенге «Сырдария» өзенінен 22 бекет арқылы келетін «Базар» арығы кент тұрғындарын аяқсумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жоба аясында ұзындығы 5 514 метр арыққа темір-бетонды науалар орнату жоспарланған. Көктем мезгілінде 1,2 шақырымы аяқталып, қазіргі уақытта қалған бөлігі жалғастырылуда. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС жүзеге асыруда. Бетондау жұмыстары қазан айында толығымен аяқталады.
Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін су ысырабының алдын алу, су ағысының тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғындарды аяқсумен қамту сапасын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, ашық арықтардың ретке келтірілуі кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға және абаттандырылуына оң әсерін тигізеді.
Жұмыс барысын бақылау кезінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасын басты назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ нысандағы жұмыстарды белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіп, жобаны белгіленген мерзімде сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті.
«Базар» арығының жаңғыртылуы Шиелі кентінің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!