Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚЫН мен ӘКІМ (Эссе)

10.09.2026, 7:20 58

Ақыны іздесе әкімін,

Тұратын пәтері тар шығар.

Әкімі іздесе ақынын,

Өлеңнен хабары бар шығар.

(Журналистік  фольклордан)

Әдетте ақын атаулы әкімқаралар­дан алты шақырым аулақ жүреді. Жалпы, осынау екі ұғым бір-бірімен онша үйлесе бермейді. Ақын деген – өлеңін өндірте жазып, өз бетінше тір­шілік кешіп жатқан, адам баласына аса зия­ны жоқ пенде. Өз мінезі өзінде. Өз кейпі өлеңінде. Өз әлемін өбектейді. Өз қиялын өрбітеді. Әкім түгілі әкімдіктің де қайда екенін білмейді. Ал әкім деген – үнемі шаруашылық пен өндірістің арасында шапқылап, жанығып жүретін адам. Ол жақынын іздемесе,  ақынын  іздей  қоймайды.

Баяғыда бір ауданға Алматы жақ­тан бес-алты ақын келіпті. Сірә, шығармашылық сапар болса керек. Оларды күтіп алып, бар жағдайын жасау аудан әкіміне тапсырылады. Еркін­діктің елшісіне айналған серілер мен перілер биліктің ырқына көне қоймай, үлкенді-кішілі бишікештер­дің әбден ығырын шығарып жібер­се керек. Сонда әлгі әкім үш-төрт күннен кейін: «Ойпырм-ай, мына бес-­алты ақынды басқарғаннан аудан басқарған оңай  екен ғой», — депті. Демек, әкімнің өзі ғайыптан тайып өлең жазатын адам болмаса, шайтан мінез шайырдың жан-дүниесін ұға қоймасы анық. О бастан басы ашық нәрсе: әкім мен  ақынның  басы  бір  қазанда  қайна­майды.

Шаһизада шайыр да биліктегілерге көп үйірсектей бермейтін. Олардың да мұны жанына жақындатқысы кеп, емешесі құрып тұрғаны шамалы еді. Ертелі-кеш  ширығып:

…күндейсің  бе  көктегі  айды,

тілдейсің  бе – оттама!

ақындарды  соттамайды,

өлтіреді  тек  қана;

көр-лақатты  қалғып  құшып,

күзетіңдер  мүрдесін –

құлпытастан  қарғып  түсіп,

қашып  кетіп  жүрмесін… —

деп  өршеленіп өлең жазған адамды кім қасына жолатушы еді. Оның үстіне өзі баяғыда-ақ «Әкімнен атақ сұрап, есік бағып, Әркімдей жүгірмедім  өшіп-талып» деп мәселенің басын ашып алған болса, «Тарпаңдау, тұлпар тектес мінезім бар, Тұнықтан су ішетін кешіп барып» деп психологиялық автопортретін кейіптеп, поэтикалық декларациясын жарияласа, жұрт білетін Шәки шайыр мен жергі­лікті билік бесігінің арасында қандай маңызды мәміле жүруі мүмкін деген екіұшты  ойға  кететініміз  де  рас.

Шаһизада шайыр әкімдіктің ішіне кірмесе де, сыртынан барлап, жергі­лікті биліктің әулеті мен сәулетін салыс­тыра жүреді. Еңселі кеңселердің не қарекет қылатыны, не мақсат қояты­ны маңайы мен маңдайынан-ақ белгілі. Арал жақты аралап қайтқан ақын өлеңінің мына бір шумағы – сол сезімталдығы мен суреткерлігінің көрінісі:

Әкімияттың  тұғырынан,

Көзді алдайды қайым шағың:

Жардай атан жұмырынан,

Жұқпай  өткен  жайын  шаһым.

Бірақ бұдан біздің кейіпкеріміз әкімдік  жүйенің  ішкі тынысынан мүлде  хабарсыз  адам екен деген  ой тумау­ы тиіс. Ол – бейкүнә кейіпке еніп, бұйығып жүретін секілді көрінгенімен, пәленің бәрін білетін ақын. Жазған өлеңдерінде де кейбір әуле­кі әкімдердің бедерлі бейнесі көзге шалын­ады. Бұл олардың оспадарсыз әрекетін көріп, кәдімгідей кіжінеді («Айналаға әміріңді жүргізіп, Ақылды боп көріну де бір қызық!»), тірші­ліктің тұрлаусыз екенін еске салады («Анда-санда сынайды екен бұл өмір, Азаматты ағаш атқа мінгізіп»), зама­нына сай адамның кескін-кейпін сынап-мінейді («Құзырында құлақкесті қауымың, Ахиллестей айдындап тұр дәуірің!»), аяқ астынан билікке жетіп, құбақандай құбылған парықсыз пенденің бетпердесін ашады («Әлпе­тіңнен кім екенің көрінді, Әкім болмай жүр екенсің, бауырым»). Ол мұнымен де шектелмейді. Әлгі әкімге өмірдің ащы сабағын ұқтыруға тырысады, түзу жолға түсіруге ниеттенеді («Ел-жұртыңның ертеңіне – ер ке­піл, Ессіз даңқтың дақпыртына сенбе құр!»), адам баласына жасаған жақсылығың да, жамандығың да ертеңгі күні алдыңнан шығатынын айтады («Өңменіңнен өтіп кеткен сөздерің, Өзіңді іздеп табады, рас… Көр де тұр!»).

Соған қарамастан оның басын бағалаған, абыройын асқақтатқан әкімдер де болмай қалған жоқ. Алғаш жақынырақ жанасқан әкімі Бақберген Досманбетов-тұғын. Қызылорда қаласының басшысы. Оған да жанасайын деп жанасқан жоқ. Реті солай келді. Бақберген ағаның орынбасары ретінде Шәкеңді жұмысқа шақырғанымызды жұрт біледі. Содан біздің әкімдік Қызылорда қалалық телекомпаниясының директоры Шаһиза­да Әбдікәрімовтің күніге бір соғып кете­тін тұрақты мекеніне айналды. Біресе әкімге барады, біресе, мені жағалайды. Жалпы, сол жылдарда Қызыл­орда арнайы экономикалық аймағының штабына айналған қалалық әкімдікке жиі келіп тұратын екі адам бар еді. Екеуі де – шығармашылық адамы. Екеуі де–  екпінді. Екеуі де өлең жазады. Екеуі­нің  де  есімі  «Ш»  әрпінен  басталады.

Біріншісі – Шайхыслам Серікбаев, еті тірі, ер көңілді ақсақал. Екпіні бет қаратпайды. Бұрын әжептәуір қызмет істеген. Қазіргі қызметі де ешкімнен кем емес. Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының басшысы. Ірілі-­ұсақты басылымдарға мақала жазып тұрады. Белгілі бір қордың сыйлығын иеленген. Газеттегі жарияланым­дарының соңында сол сыйлықтың лау­реаты екенін көрсетеді. Әкімдікке келген сайын төрт-бес мәселені төтесі­нен қояды. Әрқайсысын нығыр­лап тұрып түсіндіреді. Шайхыслам аға тау жыққандай алапат қимылымен бері қарай беттеп келе жатқанда, қала­лық  әкімдіктегілер  етек-жеңін  жинап  отырады.

Қайсарлығы мен қыңырлығы жағынан бұл Шәкеңнен кем түспейтін тағы бір айбарлы ағам бар. Ол – «Боздақтар» кітабының басылымдарын құрастырушы, белгілі журналист Мырқы Исаев. Кезінде «Сыр бойы» газетін басқарған әйгілі бас редактор Ұзақ Бағаевтың өзі «Қырқың – бір төбе, Мырқым – бір төбе!» деп сүйсіне сипаттаған қарымды қаламгер. Сол Мырқы ағам Шайхыслам аға бірқатар шаруа шешіп кеткен күннің ертеңіне әкімдіктің босағасынан аттай­ды. Әлеует­ті әріптесімді есік алды­нан қарсы алып, қолтығынан сүйеп, төрге әкеліп отырғызамын. «Иә, амансыңдар ма?», — дейді ол алдымен. Содан соң бірден келген жұмысына көшеді. «Мына «Боздақтарға» деп бөлген бөлмелерің тап-тар. Сыймай отырмыз. Отыр ғой ана Шайхыслам төрт бөлмені жайлап. Моланың бастығы…». Ескерткіштерді қорғау қоғамын айтқаны. Күліп жібере жаздаймын. Мұқият тыңдап, мінезді һәм жігерлі ағаларымның арасына жік салмайтын оңтайлы жол іздеуге тырысамыз. Бірақ өрлігі де, ерлігі де жетерлік Мырқы ағам әкімдіктің табалдырығын тоздыра бермейді. Ал Шайхыслам ағам көп ұзамай тағы да төбе  көрсетеді. Елдің  шаруасы… ердің шаруасы… жердің  шаруасы…

Үлкен Шәкеңнен кейін әкімдікке ең  көп  бас  сұғатын  адам – кіші Шәкең – Шаһизада Әбдікәрімов. Оны жиі келесің деп кінәлай алмайсың. Өйткені күнделікті қызметінің өзі әкімдіктің бағыт-бағдарына байла­нысты. Әкімге кіреді. Бізге соғады. Содан кейін қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ибадулла Құттықожаев пен қала әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Рүстемовтің қызмет бөлмелерінде біраз айналып қалады. Күнде осы. Сөйтіп ол да бірте-бірте ақындықтың аурасынан сытылып шығып, әкімдіктің әуресімен тыныс­тайтын  болды.

Қызылорда қаласының әкімі Бақберген Досманбетов оны еркелетудей-ақ еркелетті. Себебі, ағамыз сөз қадірін жақсы біледі. Баяғыда жас күнінде Мәскеуге оқуға аттанар алдында Қызылорда пединститутының филология факультетінде оқыған. Курстастары – елге танымал ақындар Надежда Лушникова мен Серік Сейітмағамбетов. Әйгілі Надежда апамның ел ішіне таралып кеткен «Бақ­берген-ау, Бақберген, Қызды көрсе, шап берген», — деген екі ауыз өлеңінің кейіп­кері қарамағында қызмет істейтін қарымды ақынның жай-кү­йін қапы­сыз ұғатын. Ұғатын да оған қамқор көзбен қарайтын. Ізетті інісін үнемі  қалжыңмен  қажайтын.

Бірде «Жалын» журналына ғой деймін, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың ұзақ сұхбаты жария­ланыпты. Шартарапқа танылған Шықаңның «Қазір қазақ жұртында қандай тәуір ақындар бар?», — деген сипаттағы сауалына байланысты біз­дің Мұхаң бір топ шайырлармен бірге Шаһизада Әбдікәрімовтің есімін де атайды. Тек атап қана қоймайды. Ақын інісінің бірқатар өлеңін талдап, поэзиясының иіріміне мейлінше терең­дей түседі. Осыған орай атақты Айтматов та сөз сабақтап қояды. Сұхбат­тың осы тұсын оқыған Бақберген ағам қатты риза болды. Шәкеңнің шын шайыр екенін білсе де, тап осылай шоң Шыңғыс пен мәрт Мұхтардың әсерлі әңгімесіне арқау болады деп ойлай қоймаған сыңайлы. Сонда да сөздің аяғын әдемі әзілге бұрып, әріптестерінің арасына тұздық тас­тайды:

– Бүгін Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың сұхбатын оқыдым. Жап-жақсы пікірлесіп отырған екеуінің әңгімесі біраздан соң бітіп қалады да, тақырыпты дереу өзгертіп, біздің  Шаһизада  туралы  сөйлеседі…

Тағы бірде әкіміміз жиналыс үстінде қала телеарнасының жұмысына сын айтты. Жұмыстың тұралап жатқан тұстарын атап өтті. Шәкең басын төмен салып, тұнжырап отыр. Тұнжырамай қайтсін?! Шынында да, еңсені езіп, есеңгіретіп жіберетін ескертпелер айтылып жатыр еді. Бір кезде Бақберген аға телекомпанияның төр­ағасына  қарап:

– Әй, сен, мен ұрысты екен деп, еріңді бауырыңа алып тулап кетіп қалып  жүрме! Жұмысымыз жаңа басталып жатқанда масқара болмайық. Бәрібір өзіңнен басқа орныңа қоятын адамым  жоқ! — демесі  бар  ма?

Бәріміз күліп жібердік. Ол, алды­мен, сол әзілі арқылы шынында да ширығыңқырап отырған арқалы ақынды сабасына түсірді. Екіншіден, өзінің кеңдігін көрсетті. Үшіншіден, қарамағындағы қызметкерінің басын бағалайтынын анық аңғартты. Төртіншіден, шығармашылық адамына деген қадір-құрметін танытты. Біз соның  бәрінен  үздіксіз  сабақ  алар  едік.

Шәкең екеуміз қалалық әкімдік жүйесінде қызмет істеген жылдарымызда талай жобаны жүзеге асырдық. Телекомпания жұмысын жолға қойдық. Жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тығыз байланыс орнаттық. Әкіміміздің іскер басшы ретіндегі имиджін қалыптас­тырдық. Бірақ менің докторантураға кетуіме байланысты бір ғана бастама­ны соңына дейін жеткізе алмадық. Біз ДБС деп аталатын еркін пікірталас клубын құруды жоспарлағанбыз. Бұл негізінде Демократия, Бизнес, Саясат деген ұғымдардың бас әріптерінен құралған атау еді. Түптеп келгенде, өзімізді  қанаттандырып, зор сенім артып, талайдың қолы жетпейтін қыз­меттің тізгінін ұстатқан Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы деген ардақты азаматтың елеулі есімін тұспалдап тұрғанымыз жасырын емес-ті. Солай болған күннің өзінде мұны ешкім де дәлелдей алмайтыны анық. Тіпті әкіміміздің өзі де күдіктене қоймас еді. Бәрібір реті келмеді. Сәтті болар жобаны іске асырудың сәті түспеді. Біз кеткен соң ДБС-тің дыбысы да шықпай  қалды.

Әлі күнге дейін жұрттың жадында жүрген тағы бір жобамызды ұмытып бара жатыр екенбіз. Қала әкімдігінің бастамасымен «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы…» деген ерекше кеш өткіз­дік. Бұл жолы Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінің сахнасына кәсіби әнші-күйшілер емес, түрлі меке­менің басшылары көтерілді. Көңілді кешті Қызылорда қаласының әкімі Бақберген Досманбетовтің өзі ашты. Содан соң өнер додасы басталды да кетті. Сонымен, сол күні сахнаның сәнін келтірген кімдер дейсіздер ғой? Міне, қараңыз… Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас­тығы Бақыт Есмағанбетов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Аманкелді Жұматаев, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Евгений Хан, Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің проректоры Амантай Шәріп, облыстық міндетті медициналық сақтандыру қорының директоры Аманхан Сәдуақасов, «Сыр шарабы» акционерлік қоғамының президенті Айтжан Әмірсейітов, «Яксарт» фирмасының президенті Аралбай Қозыбақов сынды өңірге кең танымал азаматтар өнер көрсетті. Ән де айтылды, гитара да шертілді. Өзге тілдегі әуендер де көрерменді баурады. Қыс­қасы, ешқайсысы да кәсіби әртістерден кем түскен жоқ. Жиылған жұрттың ықыласында шек болмады. Концерт бастан-аяқ таспаға түсірілді. Шәкең­нің телемаман ретіндегі тындырған ауқымды  шаруасының  бірі  осы  еді.

Сол күндер бүгінде сағынышқа айнал­ды.

Тегінде, бұл тұстағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың да біздің кейіп­керімізге көзқарасы теріс болма­ғанын айтуға тиіспіз. Бекең Шаһизада Әбдікәрімов басқаратын қалалық телекомпанияның жұмысын үнемі оң бағалады. Кейін «Қоғам ТВ»-ға айнал­ған кезде де қамқорлығын аяған жоқ. Бізге де, Шәкеңе де өзінің сенімді серігі Бақберген Досманбетов командасының өкілдері ретінде құрметпен қарағаны рас. Менің «ТЭЦ құлаған қыс» деген эссемде баяндалғандай, жылу орталығының төбесі опырылып түскенде  әзіл-шынын  араластырып:

Қазандық оны біраз мазалады,

Орынын үш-төрт айдай тазалады.

Басқаша бір шешімнің жөнін

таппай,

Сержан мен Бауыржанды

жазалады, —

деп толғағанымыз болмаса, екеуміз де Бекеңнің алдынан кесе өтпедік. Оған деген ынта-ықыласымыз бөлек болды. Мемлекетшіл менеджер, қоғамшыл қайраткер, білікті басқарушы Бердібек Сапарбаевтың облыс әкімі ретіндегі алғашқы командасында қызмет істегенімізді мақтан  тұтатынымыз  анық.

Қызылорда облысын сәл кейі­ні­рек басқарған Икрам Адырбеков те Шаһизада шайырды жанына жақын тартты. Арқалы ақынның ешкімнің ұстанымына ұқсамайтын еркін ой-­тұжырымдарына құлақ қоятын. Білім-­білігін бағалайтын. Кейде қаптаған шаруасының арасынан өзі уақыт тауып, кейіпкерімізбен кездесіп, әсерлі әңгімеге  өріс  ашатын.

Ал енді нақ осы Икрам Адырбек­ұлынан соң облыс тізгінін қолға алған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жөні бөлек. Ол жас күнінен жасындай жарқылдап шыққан ширақ шайырды жақсы білетін. Шығармашылығымен де жете таныс еді. Журфакты жиырма екі жылда бітіргенінен де хабардар-тын. Баспасөз бен тележурналистикада айрықша із қалдырған әлеуетті әріптесін құрметтейтін. Сондықтан оған салғаннан қамқорлық көрсетті. Мәслихатқа жол ашты. Мемлекеттік марапатқа ұсынды. Жанына жақын тартты. Мұхаң оны кабинетіне шақыртып алып, сағаттап әңгімелесетін. Жалпы, Сыр бойындағы  бүкіл  қаламгер­дің абыройын асқақтатқан Мұхтар Абрарұлы Шаһизада ағасын да айрықша қадір тұтты. Руханият көшбасшысының ыстық ықыласына әбден разы болса керек, әкімдерге арнап жөні түзу өлең жаза қоймайтын қыңыр мінез ша­йыр ширығып отырып, мынадай өлең  жазды:

Уай,  Құл-Мұхаммедтің  ұрпағы,

Ақыл  мен  сезім  бұрқағы.

Атылып  шығып  шығанға,

Абырой-дәрпің  шырқады.

Ауласы  аулақ  күпірден,

Абыздай  бойын  күтінген.

Алаштың  арда  бір  ұлы,

Аузынан  алтын  түкірген.

Шынын айту керек, оған Мұхаңның әкімдігінен гөрі сыйлас іні-дос екендігі қымбатырақ еді. Азаматтығын ардақтады. Кісілігін кейіптеді. Тектілігіне тәнті болды. Көргенділігіне көңілі толды. Сосын төгілмей қайт­сін?! Әрине, Шаһизада шайырдың Сыр өңіріндегі абырой-беделі бұрын да ешкімнен кем емес-ті. Мұхтардың аялы алақаны оны одан бетер биіктетіп жіберді. Баяғы билердің болмысы мен жыраулардың жосығы бойынша Мұхаң мен Шәкең Сырдың бойын жағалап, үнемі тізе қосып, бір-біріне кеңес айтып, ертелі-кеш бірге жүрді дей алмаймыз. Оған екеуінің де уақыты жоқ екені айдан анық. Бірақ олардың рухани тұрғыдан жақын болғанына бүкіл ел куә. Керісінше, ақын мен әкім бір-біріне кедергі келтірмеуге тырысып баққан сияқты. Анда-санда кездеседі, әдебиеттің әңгімесін айтады. Мұхаңның оқымаған кітабы жоқ, миының мүйісінен кез келген деректі суырып алып, ағыла жөнеледі. Бұл содан шабыт алады. Сол шабытының шәрбаты кеудесінен өлең болып құйы­лады. Іні-досының ірілігі тілінен төгілген толғамын кесек турамасына қоймайды. Базар бабасынша ой тербеп, семізін сөздің сөйлейтін Шаһиза­да ақын Мұхаң туралы мақамын былайша  жалғайды:

Адалға  ғана  тиесі,

Алланың  берген  сыйы  осы:

Аспаннан  түскен  кітаптың,

Жердегі  жалғыз  иесі!

Төбеңнен  төніп  тылсым  көк,

Сұрайды  сенен  кімсің  деп.

Ізіңе  інжу  іркіліп,

Ілесіп  теріп  жүрсін  көп!

2008 жылы Оңтүстік өңірден «Көксарай» су қоймасын салуға шешім қабыл­данған кезде Сыр бойының жұртшылығы қарсылық білдірді. Әсіресе мәслихат депутаттары табандап тұрып алды. Биліктің дүмбісі төбеден төнгеніне қарамастан облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед бірден халық жағына шықты. Үндеу әзірлеп жатқан депутаттармен бірлесіп, мәселені жан-жақты талқылауға қатысты. Ақыры, билік дегенін істеді. «Көксарай» салынды. Бірақ бұлар өз ұстанымдарының дұрыстығын дәлелдей алды. Әлі күнге дейін әдепкі пікірлерінен қайт­қан емес. Сөйтіп, қиын-қыстау күндерде ақын мен әкім баррикаданың бір жағында болды. Талайды сарсаңға салған «Көксарай» тақырыбы ойға оралса, екеуі де күрсінеді. Әйтсе де, ақынның күрсінісі бөлек. Оның қапалы көңіл күйі өлең болып өріледі, мұң болып төгіледі, шер  болып  сөгіледі.

Қилы-қилы  заман  көшкен,

Кең  даламның  тақыр  шөлі.

Қанаттас  ел  жағаңда  өскен,

Қақтап  сауып  жатыр  сені.

Мен  де  отырмын  ыңыранып,

Өшкен үміт. Өлі маңай…

Қусам  ба  екен  құрық  алып,

«Көксарайды»  бері  қарай…

Шәкеңнің алпыс жылдығы Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған кезде өтті. Ол да руханиятқа жақын адамның бірі ретінде шайыр­ды шеттеткен жоқ. Алты Алаштың ақындары бас қосқан тойға өзі арнайы келіп қатысты. Қорқытты қадірлеген әулеттің өкілі сол Қорқыт кесенесінің маңайында өмірге келген шайырға арнап, жүрекжарды сөзін айтты. Сол сәтте бүкіл Сыр жұрты: «Ақыны ізде­се әкімін, Өзгеден көңілі қалғаны, Әкімі іздесе ақынын, Ақынның бақыты жанғаны», — деп сүйсінді. «Ақыны ізде­се әкімін, Кеудеге қайғы-шер толғаны, Әкімі іздесе ақынын, Бұл елде береке болғаны», — деп тебіренді. Соған тәнті болған біз де әзілмен әрлеп  сөз  саптаған  болдық:

Әкімдерден таба алмаса жарасым,

Ақын біткен батыратын қарасын.

Ал сен болсаң жақындатып келесің,

Ақиқат пен акиматтың арасын.

Бәрібір әкімдікке кіндігі байланып қалған жері жоқ. Шақырса, барады. Ортақ шаруаға жексе, тартына қоймайды. Ал өздігінен ешкімнің мазасын алмайды. Әкімге де, әркімге де салмақ салмайды. Қалай болғанда да, ол – әкімін іздеген ақын емес, әкімі іздеген ақын! Ендеше, іздегенде табылып  тұрсын  дейміз  де…

Бауыржан  ОМАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: