Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда күннен қуат өндіретін ауқымды жоба жүзеге асуға жақын

01.10.2026, 6:40 22

Бір  кездері  Аралдың  басты  байлығы теңіз  болса, қазір  оның  экономикалық мүмкіндігі  әлдеқайда  кеңейіп  келеді. Жергілікті  табиғи  ресурсты  өңдеу, кәсіпкерлікті  дамыту, жаңа  өндірістер ашу, туризмді  қалыптастыру  және  күн энергиясын  игеру – осының  барлығы өңірдің  жаңа  келбетіндегі  негізгі бағыттар.

Әрине, кез  келген  инвестициялық жоба  нақты  нәтиже  бергенде  ғана өзінің толық экономикалық мәнін көрсетеді. Ол үшін жоспарланған өндірістер уақытында іске қосылып, жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі маңызды.

Десе де, қазіргі қозғалыстың өзі Аралдың жаңа мүмкіндіктерге бет бұрып келе жатқанын айқындайды. Бұған біз ауданға  жасаған  айшықты  іссапарымызда  көз  жеткізгендей  болдық.

Жасыратыны жоқ, өңірдің табиғи жағдайы ұзақ уақыт бойы оның экономикалық тыныс-­тіршілігін айқындады. Теңіздің тартылуы өңірдің қалыптасқан шаруашылық жүйесіне елеулі өзгеріс әкелгенімен, ауданның әлеуеті мұнымен шектеліп қалған жоқ. Олай деуге себеп, бүгінде ерекше назар аударуға болатын жобаның бірі – жаңартылатын энергия көздерін  дамыту.

Аралдың табиғи ерекшелігі десе, көбіміз бірден теңізді немесе шөлейтті даланы ойға аламыз. Бірақ, бұл өңірдің тағы бір үлкен таби­ғи ресурсы бар. Ол – күн сәулесі. Осы кезде Арал қаласында қуаттылығы 30 мегаватт бола­тын күн электр станциясы салынып  жатыр. Жобаны «Альхена» ЖШС жүзеге асырып жатқанын да жаза кетейік. Нысанға салынатын инвес­тиция көлемі 8,2 млрд теңге болса, жоба үшін 65 гектар жер телімі бөлінген. Кәсіп­орынды 2026 жылдың IV тоқсанында іске қосу жос­парланып отыр. Станция толық жұмыс режи­міне  көшкен  кезде 20 тұрақты  жұмыс  орны  ашылады.

Жобаның Арал үшін мәні мұнымен ғана шектелмейді. Бір жағынан, өңірге жеке инвес­тиция тартылса, екінші жағынан, жергілікті жерде жаңа технологияға негізделген энергетикалық нысан пайда болады. Бұл аудан эконо­микасын әртараптандыруға бағытталған бастамалардың бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік  береді.

Күн электр станциясының құрылысындағы жұмыс ауқымы нысанның техникалық параметрлерінен анық байқалады. Мұнда барлығы 40 мыңнан аса фотоэлектрлік панель орна­тылады. Панельдердің күн сәулесін тиімді қабыл­дауына жағдай жасау үшін 7 500-ден астам трекер жүйесінің тірегі қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының  шамамен  80  пайызы  орындалған.

Трекерлердің ерекшелігі – панельдердің орналасу бағытын күннің қозғалысына қарай өзгерте  алатынында. Мұндай жүйе күн сәуле­сін барынша тиімді пайдалануға  мүмкін­дік бере­ді. Демек, станция үшін Аралдың ашық  аспаны мен  күн сәулесі жай ғана табиғи  жағдай  емес, электр  өндіруге пайдаланылатын негізгі  ресурс­қа  айналады.

Жаңартылатын энергия көздерінің тағы бір ерекшелігі – электр энергиясын өндіруде дәстүрлі отынды жағуға тәуелділіктің болмауы. Сондықтан, мұндай жобалар энергия өндірумен қатар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту бағытындағы технологиялық шешімдердің  бірі  саналады.

Экологиялық мәселесімен әлемге танылған Арал үшін бұл бағыттың өзіндік маңызы бар. Табиғи ортаға әсері салыстырмалы түрде төмен технологияларды  өндірістік мақсатта пайдалану өңірдің  қазіргі даму  бағытымен де үндеседі.

Жобаның басты көрсеткіштерінің бірі – оның инвестициялық көлемі. «Альхена» күн электр станциясына 8,2 млрд теңге қаржы салынб­ақ.

Мұндай қаржының экономикаға әсерін тек салынып жатқан нысанның құнымен бағалау жеткіліксіз. Кез келген ірі жоба құрылыс материал­дарына, тасымалға, монтаж жұмыс­тарына, инженерлік қызметтерге және түрлі мамандардың еңбегіне сұраныс қалыптас­тырады. Яғни, станция құрылысының эконо­микалық  әсері нысан іске қосылғанға дейін-­ақ байқалады. Құрылыс жұмыстарына қажетті қызметтер мен жұмыс күші жергілікті кәсіпкерлік ортаға да қосымша мүмкіндік беруі ықтимал.

Ал станция пайдалануға берілгеннен ке­йін оның жұмысын үздіксіз қамтамасыз ететін маман­дар қажет болады. Осы тұста жоспарланған 20 тұрақты жұмыс орнының сапалық сипаты  назар  аудартады.

Күн электр станциясы сияқты технология­лық нысанды басқару үшін электр энергетикасы, техникалық қызмет көрсету, авто­маттандыру, бақылау және қауіпсіздік бағыттарында мамандар керек. Демек, жобаның еңбек нарығы­на әсері тек жұмыс орын­дарының санымен емес, сұранысқа ие болатын мамандықтардың  сипатымен  де  өлшенеді.

Бұл – Арал жастары үшін де маңызды. Өңірде жаңа технологияға негізделген өндіріс­тер көбейген сайын инженерлік-техникалық бағыттарға қажеттілік артады. Энергетика, электр жабдықтары, автоматтандыру және техникалық қызмет көрсету сияқты салаларда мамандарға  сұраныс  қалыптасуы  мүмкін.

Бұл ретте күн энергетикасын аудан эконо­микасының жалғыз даму бағыты ретінде қарас­тыруға болмайды. Аралда балық шаруа­шылығы, кәсіпкерлік, өндіріс, туризм және инфрақұрылым бағыттарында да жобалар жүзе­ге асуда. Энергетика саласының осы қатарға қосылуы өңір экономикасының біртіндеп  әртараптанып  келе  жатқанын  көрсетеді.

Инвестицияның жаңа өндірістерге келуі, кәсіпкерлік жобалардың көбеюі және техноло­гиялық нысандардың салынуы аудан үшін жаңа экономикалық байланыстар қалыптас­тырады. Ал олардың нақты нәтижесі жұмыс орындары, өндіріс  көлемі  және жергілікті экономиканың  қозғалысы  арқылы  көрінеді.

Күн электр станциясы – осы тұрғыдан теңдессіз жоба. 8,2 млрд теңге инвестиция, 30 МВт қуат, ондаған мың панель және жаңа инженерлік жүйе мұның барлығы Арал ауданының эконо­микалық  әлеуеті  деуге  болатындай.

Шынын айту керек, табиғи жағдайды жаңа технологиямен ұштастыру арқылы өңірде бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер пайда­ға асуға  жақын. Сондықтан, Аралдағы күн электр станциясының құрылысына тек энергети­калық  жоба  ретінде  қарау  аздық  етеді.

Егер жоба жоспарланған мерзімде іске қосыл­са, Арал ауданының кең даласында  электр  энергиясын өндіретін жаңа нысан пайда болады. Ал оның экономикалық мәні өндірілетін қуатпен ғана емес, өңірге алып келген инвес­тициясымен және жаңа жұмыс орын­дарымен  де  өлшенеді.

Кез келген ауданның экономикалық әлеуе­тін бағалағанда инвестиция көлеміне ғана емес, сол қаржының қандай жобаларға бағытталып  жатқанына  да  назар  аудару  керек.

Аралда бұл бағытта бірнеше жоба қатар жүзе­ге асуда. Биыл құны 5,8 млрд теңгені құрайтын үш өндірістік жобаны кезең-­кезеңімен іске қосу жоспарланған. Соның ішінде  «Qazaq Camel» ЖШС-нің құны 3 млрд теңгелік түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауы­ты мен «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің құны 1,8 млрд теңге болатын жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру жобалары іске қосылды.Бұл жобалардың ерекшелігі – Аралдың жергілікті мүмкіндігін экономикалық өнімге айнал­дыруында.

Мәселен, түйе шаруашылығы үшін Арал ауданының  табиғи-климаттық жағдайы қолайлы. Енді түйе сүті тек ауыл шаруашылығы өнімі ретінде қалмай, өңдеуден өтіп, қосымша құны жоғары өнімге  айналатын  мүмкіндік  пайда  болды.

Сол сияқты, тұз өндірісі де – өңірдің табиғи ресурсын кәсіпкерлік бағытта тиімді пайда­ланудың мысалы. Яғни, инвестиция Аралға сырттан келіп ғана қоймай, жергілікті шикізатты өңдеп, жаңа өндіріс қалыптастыруға жол ашып  отыр.

Өндірістің тағы бір бағыты – мотоцикл құрастыру. «Тоғыс-Аралотын» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 1 млрд теңге. Зауыт ғимаратының құрылысы аяқталып, сұранысқа қарай мотоцикл құрастыру жұмыс­тары жүргізілуде. Жоба аясында 15 адамды жұмыс­пен қамту жоспарланған. Мұның өзі Арал экономикасының біртіндеп тек дәстүрлі салаларға сүйенбей, жаңа өндірістік бағыттарға бет  бұрып  келе  жатқанын  көрсетсе  керек-ті.

Автокөлікке қызмет көрсету және газ инфра­құрылымы бойынша да кәсіпкерлік жоба­лар жүзеге асуда. «Алаш Метан» ЖШС Арал қаласының маңынан автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясын ашты. Жоба­ға 600 млн  теңге  инвестиция салынып, 10  жаңа  жұмыс  орны  құрылды.

Ал «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің көпфункционалды жол бойындағы кешен салу жобасының құны – 1 млрд теңге. Жоба толық іске қосылған жағдайда 15 адам тұрақты жұмыс­пен  қамтылмақ.

Өйткені, кәсіпкерлік дамыған жерде тек бір ғана нысан пайда болмайды. Оның айналасында  тасымал, құрылыс, жөндеу, техникалық қыз­мет, сауда, логистика, тамақтану және бас­қа  да  қызмет  түрлеріне  сұраныс  қалыптасады.

Осы жобалардың әрқайсысы Арал эко­номи­касының жаңа қырын қалыптастырады. Бірі – ауыл  шаруашылығы  өнімін  өңдеуге, бірі – балық шаруашылығын  дамытуға, енді бірі – қалдықтарды қайта  өңдеуге  бағытталған.

Арал ауданындағы инвестициялық жобалар­дың барлығын біріктіретін ортақ мәселе – жұмыс орындары. Экономикалық көрсеткіштердің өсуі тұрғындардың күнделікті өміріне нақты әсер еткен кезде ғана оның маңызы арта түседі. Ал оның ең түсінікті өлшемдерінің бірі – адамның  жұмысқа  орналасуы.

Қазірдің өзінде іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан жобалардың арасында онда­ған  жаңа  жұмыс  орны  қарастырылған.

Мотоцикл құрастыру жобасы – 15 адамды, газ құю станциясы – 10 адамды, балық шаруа­шылығы – 12 адамды, тұрмыстық қатты қалдық­тарды қайта өңдеу жобасы – 10 адамды, күн электр станциясы 20 адамды жұмыспен қамтуды  көздейді.

Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке қарағанда шағын көрсеткіш болуы мүмкін. Бірақ бір аудан көлемінде жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарының қатар пайда болуы – еңбек нарығы­ның біртіндеп кеңейіп келе жатқанының  айғағы.

Сонымен бірге құрылыс кезеңіндегі уақытша жұмыс орындарын да ескерген жөн. Ірі нысандардың құрылысына құрылысшылар, жүргізушілер, монтажшылар, инженерлер, электр мамандары  және басқа да жұмысшылар тартылады. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін оның тұрақты қызметін қамтамасыз ететін  мамандар  қажет  болады.

Осылайша, инвестицияның әсері екі кезеңде көрінеді: алдымен құрылыс пен іске қосу кезінде еңбекке сұраныс пайда болса, кейін тұрақты өндіріс пен қызмет көрсету кезеңі басталады.Бұл, әсіресе, жастар үшін маңызды. Өйткені, жаңа өндіріс пен технологиялық жобалардың көбеюі  мамандық  таңдауға  да  әсер  етеді.

Ауданның инвестициялық тартымдылығы инфрақұрылымның дамуымен де тығыз байланысты.Соңғы екі жылда ауданда 54,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 61,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Жол, су, газ, электр желілерінің жаңаруы да – кәсіпкерлік  үшін маңызды. Өйткені, бизнеске өндіріс орнын салу ғана емес, оған апаратын жол, тұрақты электр энергиясы, су, газ  және басқа да  инженерлік инфрақұрылым қажет.

Осылайша, Арал қаласындағы қуаттылығы 30 мегаваттық  күн электр станциясы айтарлықтай жаңалық болмақ. Дала төсіне жайылған мыңдаған панель өңірдің жаңа кезеңінің белгісіндей. Оның ар жағында инвестиция, технология, кәсіпкерлік, жаңа мамандықтар және жұмыс орындары тұр.

Демек, Аралдың  көкжиегінде  енді  тек теңіздің емес, жаңа  экономиканың  да белгілері көріне бастады. Кеше теңізден тіршілік іздеген өлке бүгін күннен қуат алуға, жаңа  кәсіпке  жол  ашуға  ұмтылып  отыр.

Бұл – Аралдың  өзгермелі  тағдырының  тағы  бір  белесі.  Ал  сол белестің  ең  маңызды  нәтижесі – табиғи мүмкіндіктің  экономикалық  мүмкіндікке, инвестицияның кәсіпке, ал  кәсіптің  халық  үшін  жаңа  жұмыс орындарына  айналуы.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

Қызылорда-Арал-Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: