«Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады».
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ғана айтқан сөзі. Президент сөздің парқын түсініп айтатыны анық. Ендеше, БАҚ-тын 35 жылдан бері үлкен өзгеріс күтіп жүрген бір саласы қарқынды дамуы керек. Шыны керек, бүгінде мерзімді БАҚ-та ірілі-ұсақты мәселе көп. Бәрін тізбелеп шықсаң, таусылып қалардайсың. Түйткілін түгел естісең, төбе шашың тік тұрады. Қайтпек керек?
«Газетті кім оқиды?» деген сұрақ алдымызға жиі-жиі кесе-көлденең қойылып жүр. Бұған жауап та жоқ емес. Бірақ, «сөз ұқпайтындардан күнде жеңілемін» демекші, кейде оларға түсіндіріп отыруға еш зауқын соқпайды. Мәселе бар, оны ешкім жоққа шығармайды» деп осыдан тура 1 жыл бұрынғы «Газет-журналға қызыл көрген құзғындай шүйлігетіндер мақаламызда жазған едік.
Бұл тақырып туралы журналист және баспасөз жанашыры Оралхан Дәуіттің айтары бізден де көп болып шықты.
«ГАЗЕТТЕР ҰРЛАНБАС ҮШІН БАСПАХАНАҒА КЕЗЕКШІЛІККЕ ТҮСЕТІНБІЗ»
– «Қазір газет керек пе?». Өте қорқынышты сұрақ. Биыл осы журналистикада келе жатқаныма 30 жыл толыпты. Күндердің күнінде дәл осындай сұрақ алдымнан шығады деп ойламаппын.
Мен еңбек жолымды бастаған 1996 жылы газеттер ұрланбас үшін баспаханаға кезекшілікке түсетінбіз. Яғни, баспаханада газеттер қолды болып, базарлар мен киоскілерде саудасы қызып жататын. Енді бүгін соның бәрін айтсаң, адам сенбейді, — дейді журналист.
Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіттің айтуынша, газет мәселесі ақпарат құралдарында аз талқыланған жоқ. Десе де, қоғам бұл мәселенің себептерін саралағанда үнемі біржақты кетеді.
«Газеттің мәселесі ақпарат құралдарында аз талқыланған жок. Бірақ біз үнемі біржақты кетеміз. Газет туралы сөз бола қалса, біз алдымен «газетке жазылмады» деп жұртты кінәлаймыз, «газетті дер кезінде жеткізбейді әрі бағасын көтерді» деп поштаны, «қағазды қымбаттатып жіберді» деп баспахананы кінәлаймыз. Үнқағаздың бүкіл проблемасы осы үшеуінде ғана тұрған сияқты.
Ал енді әңгіменің ашығын айтайықшы, біз қазір қандай газет шығарып жүрміз? Мен бұл жерде бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік газеттерді айтып отырмын.
Көп адамдар «Бюджеттен қаржыландырылатын газеттерге рақат, мемлекет көмектеседі, шығынын көтереді, барлық жағынан көмектеседі» деп ойлайды. Билік тарапынан үлкен колдаудың бар екені рас», — дейді ол.
ГАЗЕТКЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАС СОЛ КҮЙІ ӨЗГЕРМЕЙ ҚАЛДЫ…
Кейіпкеріміз бұл мәселені елдегі жалпы өзгерістермен байланыстырады. Оның сөзінше, тәуелсіздік жылдарында көптеген сала жаңарғанымен, газетке қойылатын талап пен оған артылған міндет өзгеріссіз қалған.
– Биыл елімізде көк байрағымыздың желбірегеніне 35 жыл толып отыр. Осы уақытта көп нәрсе өзгерді. Өстік, өндік, жетілдік. Қай жаққа қарасаң да қаланың да, даланың да жаңарып жатқанын көресің. Яғни, барлық салада өзгеріс, реформа. Бірақ неғып екенін қайдам, газет саласының жұмысы, газетке деген көзқарас сол күйі өзгермей қалды.
Сонау кеңес заманында газетке артылған міндет қандай болса, тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл болды, сол міндет әлі сол күйі тұр. Технология дамып, ақпарат жеткізудің сан түрлі жолдары пайда болса да газетке артылған жүк сол күйі мызғымады.
Әлі күнге дейін газеттер «басшылар анда барды, мында барды» деген ақпараттарды жазады. Әлі күнге дейін газеттер «әкімдікте мынандай жиналыс болды, жиында пәленшелер сөз сөйледі, соңында пәленше жиналысты қорытты» деген ұзақ-сонар мақалалар береді, — дейді баспасөз жанашыры.
Мәселе мұнымен ғана шектелмейді. Мемлекеттік газеттер мұндай жиналыстарды жарияламай отыра алмайды. Бірақ ақпараттың газет арқылы оқырманға жету жылдамдығы қазіргі медианың мүмкіндігімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
«Мемлекеттік газет ол жиналыстарды бермей отыра алмайды. Сонда қараңыз, дүйсенбі күні болған жиналысты жариялаған газет түнде баспаханада басылып, сейсенбі-сәрсенбі күні облыс орталығына тарап, бейсенбі-жұма күндері аудан орталықтарына жететіні, ары қарай ауылдарға қашан жететіні, былайша айтқанда мұндай жаңалықтарды газет ешқашанда жылдам жеткізіп, басқа ақпарат құралдарының алдын орай алмайтынын түсінетін адам бар ма?
Аптасына үш рет емес, бес рет шықсаң да дүйсенбі күні болған жиналысты оқырман бейсенбі күні оқып отырса, оған дейін бұл жаңалықты әлеуметтік желілер, түрлі сайттар әлдеқашан жеткізіп тастаған болса, онда газетке мұндай ақпарат берудің не керегі бар?! Біз кімді алдаймыз? Бұдан газетке де, оқырманға да қандай тиімділік бар?», — дейді «Ақ жол» газетінің бас редакторы.
КОНКУРССЫЗ ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАР КҮН КӨРЕ АЛМАЙДЫ
Оның сөзінше, мемлекеттік газеттердің негізгі қаржылық тірегі – мемлекеттік сатып алу конкурстары. Алайда бұл жүйе газетті қаржыландырып қана қоймай, оның мазмұнына да әсер етіп отыр.
– Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік газеттер мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, қаржы алады. Шынын айту керек, конкурссыз облыстық газеттер күн көре алмайды. Бірақ дәл осы конкурстар газеттерге қаржылық мүмкіндік беріп жатқанымен, оның мазмұнын, сапасын, көркін бұзып, журналистердің шығармашылық қабілетіне орасан зор зиян келтіріп жатқанын мойындайтын кез келді, — дейді журналист.
Мемлекеттік тапсырысқа қандай материалдар кіретіні де осы мәселенің өзегінде тұр.
«Мемлекеттік тапсырысқа қандай мақалалар жатады? Мұның бәрі – оң имидждік макалалар. Әкімдікте өткен жиналыстардың барлығы, әкімдердің аудандарға барған іссапарлары, басқа да іс-шаралар, бәрі осы тақырыпқа кіреді. Бірақ ішінде сын жазуға, кемшілікті көрсетуге болмайды.
Облыс әкімі бір ауданға барған кезде жиналыста «Атқарылған тірліктерге көңілім толмады» деп айтса, мақаланың тақырыбын «Облыс әкімінің неге көңілі толмады?» деп қойсаң, бітті, бұл мақала мемлекеттік тапсырысқа жатпайды. Бұл оң имидждік мақала емес.
Тек тақырыбы ғана айқайлап, ішінде атқарылған шаруалар ғана айтылған болса да мемлекеттік тапсырыстың тізімінен сызып тастайды. Олардың талабы бойынша мақаланың тақырыбы «Ауданда атқарылған шаруа көп» деп тұруы керек. Ал осындай тақырыппен оқырман тарта аламыз ба?», — дейді Оралхан Дәуіт.
«ӨРКЕНДЕГЕН» МАҚАЛАЛАРҒА АЛДЫМЕН ОРЫН БЕРУГЕ МӘЖБҮРСІҢ
Кейіпкеріміздің айтуынша, мемлекеттік тапсырыстың кейбір тақырыбының көлемі де редакция жұмысына салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда журналистер бір материалды бірнеше рет өзгертіп, қажетті көлемге жеткізуге мәжбүр болады.
– Мемтапсырыстың кейбір тақырыбының көлемі өте үлкен болғандықтан жыл бойы журналистер бір жазған мәліметін мың мәрте өзгертіп, тіпті абзац-абзацымен қайтадан көшіріп, сылдыр сөзбен көлем қуып, тақырыбын игеру үшін мақаласын көпіртіп жататыны да жасырын емес. Дәл осыдан мемлекеттік ақпараттандыру саясаты тиімді болып, бұрынғыдан артып кеткенін өз басым байқамадым.
Қалай айтсақ та мемлекеттік тапсырыс газеттің мазмұнын, сапасын құртып жатыр. Осыдан кейін газетті ашып қалсаң, қаптаған есептер, атқарылған тірліктер, жиналыстар, іс-шаралар. Газеттің әрбір бетін тиімді пайдаланбасаң, мемтапсырысты беріп үлгере алмайсың. Сондықтан осындай «өркендеген» мақалаларға алдымен орын беруге мәжбүрсің, — дейді жазушы.
Оралхан Дәуіт мемлекеттік тапсырыстың газет дизайнына да әсер ете бастағанын айтады.
«Енді соңғы кездері мынандай «сұмдық» шықты. Газет тілінде «воздух» деген термин бар. Бұл – газет бетіндегі бос жерлер. Мысалы, бір бетке тұтасымен берілген мақаланың тақырыбын үлкен қып қоясың да қасына үлкен сурет саласың. Макет әдемі болуы үшін сурет пен тақырыптың арасында әжептеуір бос жер қалады. Бұл шынында тынысыңды ашатын жер.
Газет те тауар сияқты ғой. Көрген кезде оқырманның көзі тоюы керек. Ашып қалған кезде әр беттің әдемі макеті көз арбап, бірден өзіне тартуы керек», — дейді журналист.
МЕМТАПСЫРЫС ГАЗЕТТІҢ КӨРКІ мен КЕЛБЕТІНЕ ДЕ КЕРІ ӘСЕР ЕТІП ЖАТЫР
Десе де, «Ақ жол» газеті бас редакторының сөзінше, соңғы кезде мемлекеттік тапсырысты қабылдап алушылар газет бетіндегі осындай бос кеңістікті де есепке алмайды.
– Соңғы кездері мемлекеттік тапсырысты қабылдап алушылар, осы «воздух» дегенді есептемейтін болды. «Бос жерге не үшін ақша төлеуіміз керек?» деп сызғышпен өлшеп, бос жердің бәрін есептен шығарып тастайды.
Онсыз да тапсырысты игере алмай жатқан біз не істейміз? Амал жоқ, беттің тақырыбын кішкентай қып қоямыз. «Воздух», бос жер деген мүлдем қалдырмауға тырысамыз. Тағы бір айтары, беттегі сурет интернеттен алынса, оны да есептемейді. Амал жоқ, интернеттен алынған суреттерді кішірейтеміз.
Осылайша, бір бетке тұтасымен берілген мақаланың тақырыбын кішкентай қыламыз, сурет те кішкентай, бәрі бір-бірімен жабысып, ешқандай кеңістік, «воздух» жоқ, әйтеуір «құбыжық» беттер шығып жатыр. Яғни, мемлекеттік тапсырыс газеттің мазмұны мен сапасына ғана емес, көркі мен келбетіне де кері әсер етіп жатыр деген сөз, — дейді Оралхан Дәуіт.
Соған қарамастан, журналистер оқырманға қызықты әрі сапалы газет ұсынуға тырысып келеді. Бірақ мұнда да уақыт пен кадр мәселесі алға шығады.
«Әрине, ақпараттық жүйе қалам ұстаған ағайындарды осындай қадамғамәжбүрлеп жатса да бәрінің мақсаты – лайықты газет шығару. Яғни, оқырман тартатынгазет шығару үшін біздің тілшілер бар күш-жігерін салуда.
Нөмір сайын мәселе көтерген мақалаларды алдымен беруге тырысамыз. Арнайы айдарларымыз да бар. Бірақ шынын айту керек, мемлекеттік тапсырыстан тілшілердің қолы тие бермейді.
Әр тілшіге тақырыптар бөлініп берілген. Нөмір сайын әр тілші 2-3 бет мақала беру керек. Одан бөлек қаншама жиналысы, басқа да жазатын дүниелері бар.
Қазіргі редакцияда баяғыдай кең штат жоқ. Біраз орындар қысқарып кеткен. Тілші аз, жұмыс көп. Газет аптасына үш рет шығады. Яғни, тілшінің ізденуге, ақпарат жинауға, кеңінен көсіліп, мақаланы құлпыртып жазуға ешқандай мүмкіндігі де жоқ, уақыты да жоқ», — дейді журналист.
МЕМТАПСЫРЫС ТІЛШІЛЕРДІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҮМКІНДІГІНЕ ДЕ ТҰСАУ САЛУДА
Оралхан Дәуітті әсіресе мемлекеттік тапсырыстың журналистің шығармашылық еркіндігіне әсер етуі алаңдатады.
– Мені қорқытатыны соңғы кездері тілшілер тек мемтапсырыстың мақаласын жазуға ғана маманданып бара жатыр ма деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттік тапсырыстың көлемі бітпей, ешқандай тыныштық жоқ екенін бәрі де біледі. Амал жоқ, бар күшті соған салады.
Бұл журналистің психикасына да әсер етеді ғой деймін. Өйткені мәселе көтерсе де батыл айта алмай, нақты сынай алмай, сылап-сипап, әйтеуір жауын-жауынның арасымен өтіп, мейлінше дау болмайтын тақырыптарды қаузап, жауыр болған дүниелерді көтеруге тырысатынын байқаймын. Яғни, мемтапсырыс тілшілердің шығармашылық мүмкіндігіне де тұсау салуда, — дейді кейіпкеріміз.
Журналист газетке жазылу, баспахана мен пошта мәселелері де маңызды екенін жоққа шығармайды. Бірақ оның пікірінше, ең алдымен мемлекеттік тапсырыс жүйесіне өзгеріс қажет.
«Әрине, газетке жазылу, баспахана, пошта мәселесі бұл да – үлкен проблема. Бірақ бұл салада ең алдымен мемлекеттік тапсырыс жүйесін дұрыстауымыз керек. Мемтапсырыс керек, бірақ талабын, ережесін өзгерту керек. Қазіргі ережеден газет көркеймейді.
Бұған облыстық әкімдік немесе ақпарат және қоғамдық даму басқармасы кінәлі емес. Газет жұмысынан түк хабары жоқ ревизор келіп тексереді де: «Сонда сендер интернеттен алынған біреудің суретіне немесе мынау газеттің бос тұрған жерлері үшін редакцияларға ақша төлеп отырсыңдар ма?» деп шаңын қағып, айыппұл салып кетеді.
Бұлар не істейді? Амал жоқ, тәртіпті қатайтып, әр нәрсеге шұқшия түседі», — дейді баспасөз жанашыры.
«НАНҒА ТОЙҒАН АДАМҒА «ТАҒЫ ДА АЛ» ДЕП АЙТУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?»
Аудандық және қалалық газеттердің жекешелендірілуі де күткен нәтижені бермеген. Оралхан Дәуіттің айтуынша, бастапқы мақсат жеке газеттердің бәсекеге қабілетті болып, оқырман тартуына жағдай жасау болғанымен, іс жүзінде олардың көбі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болып қалды.
– Қазіргі аудандық, қалалық газеттердің бәрі жекешеленіп кетті. О баста ниет дұрыс болған. Жеке газеттер ізденіп, оқырман тарту үшін сапасын, мазмұнын кеңейтіп, ақпарат айдынында төрден орын алып, бір мықтының тәп-тәуір бизнесіне айналуы керек еді.
Бірақ жағдай мүлдем басқаша болды. Бәрі мемтапсырысқа байланып қалған. Ешқайсысы да заманға сай бейімделе алмады. Әлі күнге өлместің күнін кешіп келеді.
Жекешелендіру қаупі облыстық газеттерге де төнді. Бірақ әйтеуір, кейінге шегеріліп, әупіріммен аман қалды, — дейді баспасөз білгірі.
Енді бүгінгі газеттің қандай болуы керектігі туралы мәселе туындайды. Журналист бұл жерде оқырманды газетке күштеп жаздыруды емес, оның мазмұны мен сапасын өзгертуді маңызды санайды.
«Жалпы бүгінгінің газеті қандай болуы керек? Мемлекеттік газеттер қалай шығуы керек? Кейде «Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері неге газетке жазылмайды, газет оқымайтын мұғалім балаға қалай сабақ береді?» деп байбалам салуымыз да маған жалған ұран сияқты боп көрінеді.
Қазір ақпарат заманы, қолында ұялы телефоны бардың бәрі ақпарат алып жатыр. Енді өзіңіз ойлаңызшы, өзі нанға тойып отырған адамға тағы да нан ал деп айту қаншалықты дұрыс?
Онсыз да телефонынан сәт сайын ақпарат ағылып жатқанда аптасына бір мәрте әрең келетін газетке жазыл деп қалай мәжбүрлей аламыз? Яғни, бізге газетке жаздырудың басқа жолдары керек. Қазіргі оқырманға басқа сападағы газет керек», — дейді ол.
МЕМТАПСЫРЫС ЖҮЙЕСІН ТОЛЫҚТАЙ ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК
Баспасөз жанашырының ойынша, облыстық газеттер жедел ақпарат қуғаннан гөрі сараптамаға басымдық беруі керек.
– Меніңше, газеттерді аптасына қанша мәрте шығарсаң да ақпаратты жылдам жеткізу мүмкін емес. Сондықтан облыстық газеттер аптасына екі немесе бір рет шығып, негізінен сараптамалық дүниелерге ден қоюы керек.
«Әкім анда барды, мында барды» деген ақпараттардан гөрі әр саланың жұмысын сараптап, әкімдіктің әрбір жиналысы мен сапарына басқа қырынан келуі керек деп ойлаймын. Негізі тілшінің мүмкіндігі, уақыты болса әр жиналыста айтылған дүниелерден сараптама шығаруға болады.
Сондықтан «Жиналыс болды, пәленше сөз сөйледі, түгенше жагдайды түсіндірді, соңында мынандай қорытынды қабылдады» деген жаттанды мақаладан гөрі сол жиында көтерілген мәселеге тереңірек барып, түбін қазып жазуы керек, — дейді Оралхан Дәуіт.
Алайда газет шығу жиілігін азайтуға редакцияның өзі де мүмкіндік таппай отыр. Себебі, мемлекеттік тапсырыс көлемін орындау үшін аптасына бірнеше рет шығу қажеттілігі туындайды.
«Әрине, газеттің шығу жиілігін редакцияның өзі де шешім қабылдап, азайта алады. Бірақ мемтапсырысты үлгере алмайтын болғандықтан амал жоқ, аптасына үш мәрте шығуға мәжбүр болып отыр.
Сондықтан тағы да айтарым, мемтапсырысты, жалпы бұл жүйені толықтай қайта қарау керек. Мемтапсырыстың қазіргі жүйесі газетті ақырын-ақырын мәңгілік ұйқыға жіберетін у сияқты боп елестейді», — дейді «Ақ жол» газетінің бас редакторы.
«ГАЗЕТТІ ЖАУЫП, САЙТҚА КӨШІРУ КЕРЕК» ДЕГЕНДІ АЙТУ МАҒАН ДА ОҢАЙ ЕМЕС
Оралхан Дәуіт қазіргі уақытта газеттің маңызды бір жолайрыққа келгенін айтады. Оның пікірінше, мемлекет баспа газеттерін сақтауды қаласа, нақты шешімдер қабылдауы керек. Ал басқа бағыт таңдалса, сайттарға көшу процесі де жоспарлы түрде жүзеге асуы тиіс.
– Қалай айтсақ та, газет жолайырыққа келді. Тағы да айтамын, мемлекеттің қолдауынсыз газеттер күн көре алмайды. Егер біздің үкімет газетті керек деп тапса, бұған байланысты нақты шешімдер қабылдауы керек.
Ал егер газеттің болашағына күмәнмен қарайтын болса, онда газеттерді біртіндеп сайтқа көшіру жағын қарастыруы керек. «Міне, келесі жылы облыстық газеттердің 30 пайызы сайтқа өтуі керек, арғы жылы тағы 30 пайызы, үшінші жылы толық көшуі керек» деген сияқты нақты жоспарлар керек, — дейді ол.
Журналист газеттен бас тартып, оны бірден сайтқа көшіру оңай шешім емес екенін де атап өтті.
«Газетті жауып, сайтқа көшіру керек» дегенді айту маған да оңай емес. Бірақ газеттің жай-күйіне бейжай қарап, осылай керіліп-созылып жүре берсін, әйтеуір өліп қалмаса болды, сен тимесең, мен тиме деген ұстаным дұрыс емес.
Қазір барлық нәрсеге шынайы қарайтын заман. Жыл өткен сайын газеттердің таралымы азайып, тынысы тарылып бара жатқанын жасырудың қажеті жоқ. Егер газеттерге мемлекеттік қолдау болмаса, әлдеқашан жабылып қалар еді. Сондықтан бізге газет сайтын күшейте беру керек», — дейді Оралхан Дәуіт.
«ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАР ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУІРІНІҢ БАСТАУЫНДА ТҰР»
Сонымен бірге журналист газет саласындағы барлық мәселені тек мемлекеттік тапсырыспен байланыстыруға болмайтынын да айтады.
– Әрине, газеттің бүкіл мәселесі бір мемтапсырыспен ғана бітпейтіні анық. Жалақының аздығы, кадр тапшылығы, газетке шыққан сын мақалаларға ешқандай мекеменің жауап бермейтіні, меншікті тілшілер мектебінің жойылғаны, қаламақы мәселесі мұның әрқайсысы – өз алдына бір үлкен мәселе, — дейді ол.
Соған қарамастан, газет-журналдардың болашағына қатысты үміт те жоқ емес. Журналист бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін атап өтті.
«Әзірге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Түркістан» газетінде берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады» деп айтқаны көңілге үлкен медет», — дейді баспасөз жанашыры.
Журналист газет саласында нақты реформа қажет екенін айтып, бұл бағытта Құрылтай мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне үміт артатынын жеткізді.
– Елімізде Құрылтай құрылып, жұмысын бастады. Арман Қырықбаев сияқты осы саланың шаруасын бес саусағындай білетін іскер маман Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Заңды өзгерту керек пе, әлде ішкі ережелерді өзгерту керек пе, әйтеуір газетке байланысты нақты реформа керек. Біз Құрылтай мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен үлкен үміт күтеміз, — деп сөзін түйіндеді Оралхан Дәуіт.
Қалай десек те, мемлекет мерзімді БАҚ-тан бас тартудың механизмін тапқанша, редакциялар райынан қайтпай, тілшілер тірлігін жалғастыра береді. Бірақ, газет-журналдарға басқаша көзқарастың керек екенін жоғарыда жан-жақты жаздық. Жалпы, «сын болуы керек, бірақ ол шын болуы керек» деген тәмсілді ұстансақ, осы баспасөздің қазанында қайнап жүргендердің сөзін ой елегінен өткізген еш әбестік болмас.
Рыскелді ТӘЖІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!