Қазір әкенің отбасындағы орны бұрынғыдан кеңейіп келеді. Бір кездері әкенің басты міндеті отбасын асырау, үйдің материалдық жағдайына жауап беру деп қабылданса, бүгінде бала тәрбиесіне араласу, оқуын қадағалау, онымен ашық сөйлесу, қиын кезде жанынан табылу да әкелік жауапкершіліктің бір бөлігіне айналып отыр. Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2026 жылғы зерттеулері осы өзгерісті аңғартады.
Зерттеу нәтижесінде ер азаматтардың 57,2 пайызы әке болуды өміріндегі ең маңызды міндет деп бағалаған. Тағы 31,5 пайызы әкелікті өміріндегі басты дүниелердің бірі санайды. Жалпы алғанда, ерлердің 88,7 пайызы бала тәрбиелеуді өміріндегі негізгі рөлдерінің бірі деп есептейді.
Бұл сандар әке болуға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Әке енді үйге табыс әкелетін адам ретінде ғана емес, баласының күнделікті тіршілігіне араласатын, оның мәселесін бірге шешетін, кеңес беретін әрі қорғайтын жақын адам ретінде қабылданып келеді.
ҚҚДИ жүргізген зерттеуде әкелердің балаға қолдауы нақты әрекеттер арқылы көрінетіні де айтылған. Олар баласының мәселесін шешуге көмектеседі, кеңес береді, қорғайды, мектептегі жағдайына араласады. Сонымен бірге әке мен бала арасындағы ашық эмоционалдық қарым-қатынастың да күшейіп келе жатқаны байқалған.
Зерттеушілер қазіргі әкелердің үш үлгісін бөліп көрсеткен. Біріншісі – дәстүрлі әке. Мұнда ер адамның негізгі міндеті отбасын қамтамасыз ету деп қаралады. Екіншісі – іс жүзінде белсенді әке. Мұндай әке баласының оқуына, бос уақытына, күнделікті тіршілігіне тұрақты араласады. Үшіншісі – белсенді әке-серіктес. Бұл үлгіде әке бала тәрбиесі мен отбасылық жауапкершілікті анамен бірге бөліседі.
Сапалық зерттеуге қатысқан азаматтардың арасында іс жүзінде белсенді әке үлгісі жиі кездескен. Яғни көптеген әке баласының сабағына көмектесіп, бос уақытын бірге өткізіп, мектептегі жағдайынан хабардар болуға тырысады.
Ең үлкен өзгерістің бірі әке мен бала арасындағы қарым-қатынастан байқалады. Бұрын әкені көбіне тәртіп талап ететін, соңғы сөзді айтатын адам ретінде қабылдау басым болса, қазір баланың ойын тыңдайтын, сөйлесетін, бірге уақыт өткізетін әкелер көбейіп келеді.
Әрине, отбасыдағы әкенің материалдық жауапкершілігі жоғалған жоқ. Бірақ оған енді балаға уақыт бөлу, оның өміріне араласу және эмоциялық қолдау көрсету секілді міндеттер қосылып отыр. Қазіргі әке институтындағы басты өзгеріс те осында.
ҚҚДИ зерттеуі көрсеткендей, әке болу біртіндеп «отбасын асырау» түсінігінен «баламен бірге болу» түсінігіне қарай ойысып келеді. Бала үшін әкенің үйде болуы ғана емес, оның өміріне шын мәнінде араласуы маңыздырақ бола бастаған.
Дереккөз: Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2026 жылғы зерттеулері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!