Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыстың «көлеңкесі» қай аумақта көп?

01.10.2026, 7:40 31

Қылмыс – қоғамның  ең  әлсіз  тұсын  тауып, сол жерден ішке енетін дерт. Оның ізі кейде бір адамның тағдырын өзгертсе, кейде тұтас отбасының берекесін бұзады. Бір сәттік ашуға ерген әрекет те, алдын ала ойластырылған алаяқтық та, есірткіге тәуелділіктен басталған қылмыс та ақырында адам тағдырына келіп тіреледі. Қылмыстық ахуалды тіркелген істердің санымен ғана сипаттау оңай. Алайда жалаң сан жағдайдың толық картинасын бере бермейді. Қай қылмыс түрі басым? Қай аумақта қандай  құқықбұзушылық  жиі кездеседі? Қылмыстың  құрылымы  қалай  өзгеріп  жатыр? Қоғамдық  қауіпсіздікке  нақты  қандай  қатерлер көбірек  әсер  етуде?   Мәселенің   маңызды  тұсы – осы  сұрақтарда.  Бүгінгі  мақаламызда  осы  аталған   сауалдардың  жауабын  зерделеп,  нақты  көрсеткіштерге  көз  жүгіртіп,  статистиканы сөйлетеміз.  Сонымен,  елдегі  қылмыстың  көрініс қандай?  Оның  ішінде,  Қызылорда  аймағындағы  ахуалға  да  назар  қоямыз.

Қазақстандағы биылғы ахуалға назар аударсақ, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында республика бойынша 76 526 қылмыс­тық құқықбұзушылық тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 88 433 болған. Яғни, жалпы тіркелген қылмыстық құқық­бұзушылық саны 13,5 пайызға төмендеген. Оның 62 357-сі – қылмыс, 14 169-ы қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген. Жекелеген қылмыс түрлерінде  де төмендеу байқалады. Ұрлық саны 17 106-дан 14 302-ге, алаяқтық 31 800-ден 26 133-ке, тонау 795-тен 613-ке, қарақ­шылық 63-тен 38-ге, бұзақылық 1063-тен 843-ке, бопсалау 451-ден 396-ға, зорлау 315-тен 297-ге төмендеген. Есірткіге қатысты қыл­мыстар  бойынша  да  5 924-тен 5 512-ге дейін төмендеу бар. Кісі өлтіру  фактілері  261-ден  256-ға  азайған.

Сонымен бірге, қылмыстық ахуалды жалпы төмендеу көрсеткішімен түйіндеуге болмайды. Себебі, қылмыс құрылымының ішінде әртүрлі бағыттағы өзгеріс бар. Мәселен, аса ауыр қылмыстар саны 827-ден 844-ке дейін өскен. Бұл – жалпы қылмыс саны кеміген жағдайда да адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін қылмыстардың  жекелеген  санаттарын  жіті  бақылауда  ұстаудың  қажет­тігін  көрсететін  белгі.

Байқағанымыздай, Республикалық көрсеткіш Қызылорда облы­сындағы ахуалды бағалауға белгілі бір негіз береді. Бірақ өңірдегі жағдайды ел көлеміндегі жалпы үрдіспен теңестіруге болмайтыны рас. Әр облыстың, әр ауданның әлеуметтік ортасы, халық саны, елді мекендердің орналасуы, тұрмыс ерекшелігі және қылмыс түрлерінің арақатынасы әртүрлі. Сондықтан, өңір ішіндегі көрсеткіштерді жеке қарастыруды  жөн  көрдік.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтері мен статистикалық есептері негізінде қалыптастырылған «Qamqor.gov.kz» интернет-порталында жария­ланатын ресми ақпаратқа сүйе­не отырып, аймақ­тағы ахуал­ды анықтамақпыз. Қызыл­орда облысындағы қылмыстық ахуалды бір ғана жиынтық санмен сипаттау қиын. Өңір бо­йынша сегіз айда 1922 қылмыстық құ­қықбұзушылық тіркелген. Аудандар бөлінісіне қарасақ, Аралда – 71, Қазалыда – 70, Қар­мақшыда – 56, Жалағашта – 66, Сырдарияда – 82, Шиеліде – 135, Жаңақорғанда 75 қылмыс­тық құқықбұзушылық тіркелген. Аталған жеті ауданның жиынтық көрсеткіші 555 жағдайды құрайды. Қалған бөлігі облыс орталығына тиесілі. Мұнда қала халқының саны, қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелу мүмкіндігі, халықтың тығыздығы мен әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері қатар ескерілмей, ауданаралық салыстыру жасау орынсыз. Сондықтан, бұл сандарды «қай жерде жағдай жақсы, қай жерде нашар?» деген қарапайым өлшеммен емес, әр аумақта қылмыстың қандай сипат алғанын саралау арқылы қара­ған  жөн.

Өңірдегі ең ауыр санаттың бірі – адам өміріне қарсы қылмыс. Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша Қызылорда қаласында 4 адам өлтіру фактісі тіркелген. Арал ауданында – 2, Қазалыда – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде 1 жағдай бар. Жалағаш, Қармақшы және Жаңақорған бойынша бұл санатта дерек берілмеген. Адам өміріне қарсы жасалған әрбір қылмыстың қоғамдық салмағы жоғары. Сол себепті, мұндай көрсеткішті жалпы қылмыс санының ішіндегі үлесімен ғана бағалау жеткіліксіз. Бір адамның өміріне жасалған қол сұғушылықтың өзі құқықтық статистикадағы бір жолдан әлде­қайда ауыр зардапты білдіреді. Осы себепті өңірдегі қылмыстық ахуалды талдағанда ауыр қыл­мыстардың саны мен динамикасына жеке назар қажет.

Ал мүлікке қарсы қылмыс­тардың ішінде ұрлықтың орны айрықша. Берілген мәліметтер бойынша облыстағы аталған сегіз аумақтың жиынтығында 213 ұрлық  тіркелген. Оның 138-і Қызыл­орда қаласына тие­сілі. Аралда – 9, Қазалыда – 10, Қармақшыда – 6, Жалағаш пен Сырдарияда – 7, Шиеліде – 25, Жаңақорғанда 11 жағдай анық­талған.

Ұрлық көрсеткішінің қалада шоғырлануы бірнеше мәселені қатар қарауға негіз береді. Халық саны көп әрі күнделікті қозғалыс жоғары ортада бөтеннің мүлкіне қол сұғу фактілерінің тіркелу ықтималдығы да жоғары. Бірақ мұны бірден нақты себеп ретінде қабылдау дұрыс  емес. Мұнда қылмыстың жасалу орта­сы, мүліктің түрі, тұрғындардың құқық қорғау органдарына жүгіну белсенділігі және қылмыс­тың ашылу деңгейі секілді факторлар да ықпал етуі мүмкін. Аудандық көрсеткіштерге қара­ғанда Шиелідегі 25 ұрлықтың орны бөлек көрінеді. Қалған аудандарда бұл сан 6-11 аралы­ғында.

Дегенімен, өңірдегі мүліктік қылмыстың бүгінгі сипатын ұрлықпен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Ең үлкен мәселе алаяқ­тық көрсеткішінен-ақ көріне­ді. Қылмыс­тық кодекстің 190-бабы бойынша облыста берілген дерек­тердің жиынтығында 731 алаяқ­тық фактісі бар. Оның 611-і Қызыл­орда  қаласында тіркелген. Аудандар бойынша Аралда – 7, Қазалыда – 12, Қармақшы мен Жаңақорғанда – 13, Жалағашта – 31, Сырдарияда – 9, Шиеліде 13 жағдай көрсетілген.

Алаяқтықтың саны ұрлықтан бірнеше есе жоғары. Оның үстіне қаладағы көрсеткіштің басымдығы өте айқын. Мұнда қылмыстың сипаты да өзгергенін көруге болады. Алаяқтықта күш қол­дану міндетті шартқа айнал­майды. Қылмыскер көбіне адамның сеніміне, аңғалдығына, ақпараттың жеткіліксіздігіне неме­се қаржылық сауатында­ғы әлсіз тұстарға сүйенеді. Сондықтан да болар, мұндай қылмыспен күрес полиция жұмысына ғана тірелмейді. Азаматтың цифрлық қауіпсіздігі, банк операцияларына сақтықпен қарауы, бөгде адамның сөзіне дерексіз сен­беуі, жеке мәліметтерді қорғауы да маңызды. Аудандар ішіндегі алаяқтық көрсеткішіне қарағанда Жала­ғашта – 31, Шиеліде 35 жағдай тіркелуі назар аудартады. Бұл сандар абсолюттік көлем тұрғысынан қаладағы 611 жағдаймен салыстыруға кел­мейді. Соған қарамастан, аудандық деңгейде алаяқтықтың да белгілі бір ауқымға жеткенін көрсетеді. Демек, интернет пен байланыс құралдары арқылы жасалатын алдау тәсілдері қала шеңберінде ғана қалып отырған құбылыс ретінде  қаралмайды.

Қылмыстың күш қолдану­ға негізделетін түрлеріне келсек, тонау бойынша Қызыл­орда қаласында – 21, Шиелі ауданында 1 жағдай тіркелген. Қарақ­шылықтың 2 фактісі қалада көрсетілген. Өзге аудандар бо­йынша бұл санаттарға дерек берілмеген.

Бопсалау бойынша облыс орталығында 3 жағдай тіркелген, аудандарда көрсеткіш жоқ. Мұндай қылмыстың аз санмен берілуі оның қоғамдық маңызын төмендетпейді. Тиісінше, бопсалау көбіне жәбірленушінің қорқынышына, қысымға және қауіптенуіне байланысты жасырын қалуы мүмкін. Сондықтан статистикадағы сан мен нақты қоғамдық ахуалдың арасына авто­матты түрде теңдік белгісін қоюға  болмайды.

Қоғамдық тәртіпке қатыс­ты қылмыстардың ішінде бұзақы­лық та бар. Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша Қызылорда  қаласында – 31, Шие­ліде – 2, Сырдарияда – 2, Қармақшыда – 2, Жаңақорған мен Жалағашта 1 жағдай тіркел­ген. Арал мен Қазалы бойынша дерек көрсетілмеген. Бұзақы­лықтың табиғаты мүліктік қылмыстардан бөлек болғанымен,  мұнда қоғамдық ортадағы жанжал, тәртіпке бағынбау, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнді­ретін әрекеттер көрініс табады. Қаладағы 31 жағдай бұл санаттың облыс орталығында көбірек тіркелетінін  көрсетуде.

Жыныстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы қылмыстар да ерекше назарды талап етеді. Мәселен, қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша Қызылорда қаласында – 9, Сырдарияда – 2, Қазалы, Қармақшы, Жала­ғаш аудан­дарында 1 жағдай тіркелген. Арал, Шиелі және Жаңақорған бо­йынша мәлімет берілмеген. Мұндай қылмыстарды жалпы статистикадағы бірнеше факті­нің бірі ретінде қарау орынсыз. Өйткені, оның салдары жәбір­ленушінің өміріне, психоло­гия­лық  жағдайына, отбасылық ортасына ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін.

Өңірдегі   тағы   бір елеулі  бағыт – есірткіге қатысты қылмыстар. 296-303-баптар бойын­ша барлығы 251 жағдай көрсе­тілген. Оның 135-і Қызылорда қаласында, 32-сі – Аралда, 14-і – Қазалы  мен Шиеліде, 10-ы – Қармақшыда, 8-і – Жалағашта, 15-і – Сырдарияда, 23-і Жаңақорғанда тіркелген  деп  берілген «Qamqor.gov.kz»  интернет-порталында.

Бұл жерде назар аударатын жайт – есірткі қылмыстарының аудандық таралу сипаты. Мысалы, Арал ауданында жалпы қылмыстық құқықбұзушылық саны 71 болса, соның ішінде есірт­кіге қатысты 32 жағдай көрсетілген. Жаңақорғанда жалпы саны 75, есірткі қылмыстары – 23. Шиеліде жалпы көрсеткіш 135 бол­ғанымен, есірткіге қатысты 14 жағдай тіркелген. Мұндай айыр­машылық әр ауданның қылмыс­тық құрылымында өзіндік ерекшелік  бар  екенін  ескертеді.

Қылмыс жасаған адамдардың саны да – өңірдегі ахуалды түсінудің  маңызды  бөлігі.  Берілген мәлімет бойынша Қызыл­орда қаласында – 629, Аралда – 58, Қазалыда – 58, Қармақ­шыда – 46,   Сырдарияда – 80, Шиеліде – 80, Жалағашта – 36, Жаңақорғанда 56 адам қылмыс жасағандар ретінде көрсетілген. Барлығы – 1 043 адам. Бұл көрсеткішті қылмыстық құқық бұзушылықтар санымен тікелей теңестіру орынсыз. Себебі, бір қылмыстық құқықбұзушылыққа бірнеше адам қатысуы мүмкін, сондай-ақ бір адам бірнеше құқықбұзушылыққа қатысуы ықтимал. Сондықтан 1 043 саны қылмыстың әлеуметтік порт­ретін жасауға бастапқы материал болғанымен, оны «сонша адам қоғамға қауіпті» деген қара­пайым қорытындыға айналдыру негізсіз.

Соған қарамастан, аумақтық бөлініс белгілі бір ерекшелікті көрсетеді. Қалада қылмыс жаса­ған адамдар саны 629 болса, жеті ауданның жиынтық көрсеткіші 414 адамды құрайды. Сырдария мен Шиеліде – 80 адамнан, Арал мен Қазалыда – 58 адамнан, Жаңақорғанда – 56, Қармақшыда – 46, Жалағашта 36 адам көрсетілген. Бұл жерде де халық саны мен аумақтық ерекшеліктерді қоса қарау қажет. Абсолют­тік санның өзі жеке аудан­ның қылмыс­тық ахуалын толық сипат­тай  алмайды.

Жалпы деректерді қатар қойған­да, Қызылорда облысындағы қылмыстық ахуалдың біркелкі сипатта қалыптаспағаны байқалады. Қалада алаяқтық пен ұрлықтың, сондай-ақ есірткіге қатысты қылмыстардың абсолют­тік саны жоғары. Аудан­дарда да өзіндік ерекшелік бар: Шиеліде жалпы қылмыстық құқықбұзушылық саны 135-ке жетіп, ұрлық – 25, алаяқтық 35 жағдайды құраған; Аралда есірткіге қатысты 32 жағдай тіркелген; Сырдарияда қылмыс жасаған адамдардың саны 80-ге жеткен.Осы деректердің бәрін бір ғана өлшеммен бағалау қате түсінікке әкелуі мүмкін. Мәселен, қылмыс саны көп аумақты автоматты түрде қауіпті деп атауға болмайды. Себебі халық саны, қылмыс­ты тіркеу деңгейі, азаматтардың құқық қорғау органдарына жүгінуі, аумақтың әлеуметтік және экономикалық ерекшелігі, күнделікті халық қозғалысы секілді факторлар ескерілуі тиіс. Сол секілді, белгілі бір қылмыс түрінің саны аз болғанын да ахуалдың толық оңалғанының белгісі  ретінде  қабылдауға  ерте.

Қызылорда облысының сегіз айлық статистикасы көрсет­кен негізгі мәселе – қылмыс­тың құрамы мен сипатына мұқият қарау қажеттігі. Бүгінгі қылмыс­тық ахуалда адамның өмірі мен денсаулығына қарсы әрекеттер­мен қатар, азаматтың мүлкіне бағытталған ұрлық пен алаяқтық, қоғамдық тәртіпке қатысты бұзақылық, есірткі айналымына байланысты құқық­бұзушылықтар қатар тұр. Олардың әрқайсысының алдын алу тәсілі  де  әртүрлі.

Әсіресе, алаяқтықтың 731 фактіге жетуі мен оның 611 жағ­дайының облыс орталығында тіркелуі цифрлық және қаржылық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы қатарға  шығаруда. Ұрлықтың 213 фактісі мүліктік қауіпсіздікті күшейту қажеттігін көрсетсе, есірткіге қатысты 251 қылмыс профилактикалық жұмыстың аудандық ерекшелікке бейім­делуін қажет етеді. Ал адам өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық, бопсалау секілді қылмыстардың әрқайсысы адам қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, олардың саны аз болған жағдайда да қоғамдық назардан тыс қалмауы керек.

ТҮЙІН. Қылмыс статистикасы төмендегенімен, қоғамның қырағылығы босаңсымауы керек. Өйткені әрбір санның ар жағында адам тағдыры, отбасының тыныштығы, біреудің жоғалтқаны тұр. Қылмыспен күрестің шынайы нәтижесі тіркелген фактілердің азаюымен ғана емес, қылмысқа итермелейтін себептердің әлсіреуімен өлшенеді. Сан азайған сайын сақтық азаймауы керек. Керісінше, қоғам сол цифрдың астарына үңілген  сайын жауапкершілік  арта  түсуі  тиіс.

Бұл  сараптамалық зерттеуіміздің салмағы өте ауыр екендігі рас. Қызылорда  облысындағы қылмысқа  қатысты  қысқа-нұсқа  шолу  осымен  тамам. Статистикадағы  сандар сөйлеген  қылмыс  түрлеріне осы  сегіз  ай  аралығында ақпар беріп, бірін  көзімізбен көрсек, бірі жайлы естіп білдік. Ал ендігі, біз зерттеу жүгізіп, тізбектеген тізімдер  арасына  енбегені  қаншама?!

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: