Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзгенің өлшемімен өмір сүру. Отарлық сана қоғамға қалай әсер етеді?

17.09.2026, 8:20 46

Рас, адам кейде өзіне тиесілі нәрсені бағалау үшін де өзгенің көзіне қарайды. Өз тілінде сөйлегенде қымсынып, басқа тілде сөйлегенде өзін заманауи сезінуі, өз мәдениетін «қарапайым» көріп, сырттан келген дүниеге таңдануы немесе өз еліндегі дүниені бағалау үшін оның шетелде мойындалуын күтуі – сырт көзге ұсақ көрінетін, бірақ қоғамның тереңінде жатқан құбылыс. Мұндай мінезді бір ғана адамның талғамы немесе жеке таңдауы деп түсіндіру оп-оңай. Алайда оның ар жағында тарихтан, саясаттан, білімнен және мәдени иерархиядан қалыптасқан қоғамдық психология жатуы мүмкін екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Отаршылдықтың ең күрделі салдары – оның билік жүйесі құлағаннан кейін де адамның санасында белгілі бір өлшеммен сақталуы. Өйткені отарлау тек жерді немесе ресурсты иеленумен шектелмейді: ол кімнің мәдениеті жоғары, кімнің тілі беделді, кімнің тарихы маңызды деген түсініктерді де қалыптастырады. Уақыт өте келе сол өлшемдерді сырттан таңылған қағида қылып емес, адамның өзі қабылдаған қалыпты шындық қылып көруі мүмкін.

Бүгінде әлемнің көптеген елінде дәл осы мәселе – постколониалдық қоғамның өз болмысын қайта қарауы өзекті болып отыр. Қазақстан үшін де бұл жат тақырып емес. Тәуелсіздік саяси жүйені өзгертті, бірақ қоғамның тарихи жады, тілдік ортасы, мәдени талғамы мен өзін бағалауы бір күнде өзгере қойған жоқ. Ендеше, отарсыздану дегеніміз өткеннің саяси мұрасынан арылу ғана ма, әлде адамның өзіне деген көзқарасын өзгерту де осы үдерістің бір бөлігі  ме?  Талдап,  таразылап  көрдік.

Адамның қай тілде сөйлейтіні көбіне оның жеке таңдауы сияқты көрінеді. Бірақ тіл таңдауы әрдайым тек адамның қалауынан туындай ма – осыны көбі ескере бермейді. Үйдегі тіл, мектептегі тіл, жұмыс­тағы қарым-қатынас, ақпарат алатын орта, тіпті белгілі бір тілдің қоғамдағы беделі – мұның бәрі адамның тілдік мінез-құлқына ықпал етеді. Сондық­тан да тіл мәселесін тек грамматика немесе комму­ни­кация құралы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Тіл – қоғамдағы тарихи өзгерістер­дің, әлеуметтік қатынастардың және мәдени беделдің де көрсеткіші.

Қазақстандағы жағдай бұған жақсы мысал бола алады. 2021 жыл­ғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша бес жастан асқан халықтың 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Алайда сол санақ негізінде жасалған мемлекеттік құжатта қазақ тілін күнделікті өмірде қолданатынын көрсеткендердің үлесі 49,2 па­йыз екені келтіріледі. Яғни қазақ тілін білу көрсеткіші мен оны тұрақты  әлеуметтік  ортада  пайдалану  көрсеткіші  бірдей  емес.

Бұл жерде бірден «қазақ тілін білмейтіндер» немесе «қазақ тілін қолданбайтындар» деп қоғамды екіге бөлу дұрыс болмас еді. Өйткені Қазақстан – көптілді қоғам. Сол 2021 жылғы санақта бес жастан асқан тұрғындардың 44,9 пайызы екі тілді, 28,6 пайызы үш тілді меңгергені көрсетілген. Демек, көптілділік – қазақстандық қоғамның нақты әлеуметтік ерекшеліктерінің  бірі.

Бірақ  мәселенің  басқа  қыры бар. Егер адамның бірнеше тілді білуі оның мүмкіндігін кеңейтсе, онда бұл – артықшылық. Ал белгілі бір тілді білу әлеуметтік өмірдің кейбір саласында анағұрлым пайдалы болып, екінші тілдің қолданылу аясын тарылтса, онда тіл мәселесі біртіндеп әлеуметтік мәртебе мен мүмкіндік мәселесіне айналады. Қазақ­станның тіл саясатына қатысты ресми талдаулардың өзінде орыс тілінің іскерлік ортада, халықаралық қатынастарда және қызмет көрсету салаларында кең қолданылатыны, ал интернеттен ақпарат іздеуде халықтың 65,7 пайызы орыс тілін пайдаланатыны көрсетілген.

Постколониализм мәселесі дәл осы тұста пайда болады. Қазақстандағы тілдік ахуалды автоматты түрде «отарлық сана» деп түсіндіру ғылыми тұрғыдан тым қарапайым болар еді. Алайда тілдің қоғамдық салмағының тарихи тұрғыдан біркелкі қалыптаспа­ға­нын  зерттеу – постколо­ниалдық талдаудың маңызды бағыт­тарының бірі. Назарбаев Универ­ситетінің зерттеушісі А.Бисенова постколониалдық теория ұғымдарының қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени жағдайына қаншалықты сәйкес келетінін арнайы қарас­тырып, посткеңестік кеңістікке бұл теориялық ұғымдарды механикалық түрде көшіре салудың өзінде пікірталас бар екенін атап көрсетеді. Яғни Қазақ­станды постколониалдық қоғам ретінде сипаттаудың өзі – дайын жауап емес, зерт­теу­ді  қажет  ететін  мәселе.

Ал философ Рүстем Қадыржанов мәселені бұдан да ертерек тіл мен әлеуметтік ықпал тұрғысынан  көтерген.

– Қазақстандағы постколониалдық жағдайдың ерекшелігі – орыс  тілінің тәуелсіздік алғаннан кейін де қоғамдағы ықпалын сақтауы және қазақ элитасының едәуір бөлігінің орыс­тілді ортадан шығуы. Айта кететін жайт, постколониа­лизмнен толық арылу қысқамерзімді  үдеріс  емес, — дейді  ол.

Осы жерде мәселені «қазақ тілі мен орыс тілінің қайсысы жақсы?» деген тар шеңберге түсіріп алмау керек. Негізгі сұрақ басқа: қоғамдағы тілдердің әлеуметтік мүмкіндігі бірдей ме және адам тіл таң­дауын шын мәнінде еркін жасай  ма?

Мысалы, қазақ тілін меңгерген адамның сол тілде мем­ле­кеттік қызмет алуы, білім алуы, жұмыс істеуі, ғылыми немесе кәсіби ақпаратқа қол жеткізуі қаншалықты оңай? Ал орыс тілін меңгеру адамға қандай қосымша әлеуметтік мүмкіндіктер береді? Егер екі тілдің қоғамдағы қызметі әртүрлі болса, онда тіл таңдауының артында жеке талғаммен бірге әлеуметтік  есеп  те  тұруы  мүмкін.

Демек, деколонизацияны тек бұрынғы отарлық биліктің саяси мұрасын қайта бағалау деп түсіну жеткіліксіз. Оның бір қыры – адамның өз тілін әлеуметтік тұрғыдан еркін таңдай алатын жағдай қалыптастыру. Ал бұл таңдау нақты өмірде қаншалықты еркін? Осы сұраққа жауап іздегенде ғана постколониализм абстрактілі теория болудан қалып, күнделікті әлеуметтік шындыққа айналады.

Отаршылдықтың  ең күрделі салдары кейде тілден де, саясаттан да анық байқалмайды. Ол адамның өзін және айна­ла­сын бағалау өлшеміне сіңіп кетуі мүмкін. Қандай мәде­ниет «өркениетті», қан­дайы  «артта қалған», қандай тіл «бедел­ді», қандай тіл «ауылдың тілі», қандай білім «сапалы», қандай өмір салты «заманауи» деген түсініктердің өзі тарихи жағдайлардың ық­палымен қалыптасады. Ал белгілі бір өлшем қоғамда ұзақ уақыт үстемдік етсе, кейін оны ешкім арнайы түсіндіріп жатпайды, адам оны қалыпты нәрсе ре­тін­де  қабылдай  бастайды.

Постколониалдық теория осы жасырын механизмге назар аударады. Француз отаршылдығының адам психология­сына әсерін зерттеген Франц Фанон отарланған адамның өзін қабылдауында отарлаушы қоғам қалыптастырған мәдени өлшемдердің рөлін ерекше қарастырды. Оның 1952 жылы жарық көрген Black Skin, White Masks еңбегінің негізгі мәселелерінің бірі – отарланған адамның үстем мәдениеттің тілін, мінез-құлқын, эстетикасын меңгеру арқылы әлеуметтік мойындауға ұмтылуы. Фанон үшін бұл – мәдени еліктеумен қатар, адамның өзін кім ретінде сезінетініне әсер ететін психол­огиялық  процесс.

Әрине, Қазақстан қоғамын Фанон зерттеген Африка­дағы француз отарлауымен теңестіру орынсыз. Қазақстанның тарихи тәжірибесі – Ресей империясы мен Кеңес Одағының құрамында болған күрделі, өзіндік ерекшеліктері бар тарих. Сондықтан Фанонның тұжырымдарын Қазақстанға дайын күйінде қолдану ғылыми тұрғыдан дұрыс болмайды. Бірақ оның қойған сұрағы біз үшін де маңызды: адам өз құндылығын анықтағанда қандай өлшемге  сүйенеді?

Бұл сұрақтың жауабы күнделікті өмірдің өзінен көрінуі мүмкін. Мәселен, белгілі бір нәрсенің шетелдік екені оның сапалы екеніне автоматты түрде кепіл болмаса да, қоғамда «сырт­тан келген дүние жақсырақ» деген түсінік кездесе­ді. Сол сияқты қазақ тіліндегі өнімнің мазмұны нашар болғандықтан емес, тек қазақша болғаны үшін оған күмәнмен қарау немесе жергілікті мәдени құбылысты «ауылдық» деп қабылдау да әлеуметтік стереотиптің көрінісі болуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлардың әрқайсысын бірден «отарлық сана» деп атау да дұрыс емес. Өйткені тұтыну­шылық талғамға нарық, баға, сапа, жарнама, жаһандық мәде­ниет және адамның жеке тәжірибесі қатар әсер етеді. Сондықтан мәселені жекелеген адамның таңдауынан емес, сол таңдаулардың артында қандай әлеуметтік иерархия тұрғанынан  іздеген  жөн.

Қазақстандағы ұлттық бірегейлікке қатысты зерттеулер қоғамның өзін төмен бағалай­тын тұтас орта қалыптасты деген қарапайым пікірді жоққа шығаратын деректер де бар екенін көрсетеді. Мысалы, Назар­баев Университетінің зерттеушісі Дина Шарипова жүргізген зерттеуде Қазақстанның 16 өңірінен 1600 адам қамтылып, респонденттердің 93 пайызы Қазақстан азаматы болғанын мақтан тұтатынын айтқан. Зерттеу ұлттық бірегейліктің азаматтық және этникалық қырларын, тіл мен діннің бұл бірегейлікті қалыптастырудағы  орнын  қарастырған.

Бұл – маңызды дерек. Себебі егер адамның өзіне деген бағасын сыртқы өлшем толығымен анықтайды десек, қоғамдағы ұлттық мақтаныштың мұндай жоғары көрсеткішін түсіндіру қиын болар еді. Демек, Қазақ­стандағы жағдайды «халық өзін төмен санайды» деген бір ғана формуламен түсіндіру мүмкін емес. Бірақ ұлттық мақтаныш­тың болуы мәдени тәуелсіздік мәселесін автоматты түрде шешпейді.

Адам өз елін мақтан тұтып, сонымен бірге өзінің күнделікті мәдени таңдауында сыртқы өлшем­ге сүйенуі мүмкін. Ол Қазақстанды жақсы көре отырып, қазақ тілінде сапалы ғылыми контент аз деп ойлауы мүмкін. Ұлттық тарихты құрметтей отырып, өз тарихын шетелдік зерттеуші айтқанда ғана оған ерекше мән беруі ықтимал. Өз мәдениетін сақтай отырып, заманауилықтың белгісін міндетті түрде сырттан іздеуі  де  мүмкін.

Осы жерде постколониал­дық теорияның тағы бір ма­ңызды түсінігі алға шығады. Эдвард Саид өзінің әйгілі Orientalism еңбегінде Батыстың Шығысты сипаттау тәсілдерін талдай отырып, «Шығыс» тура­лы түсініктердің бейтарап сипаттама ғана емес, билік пен білімнің арақатынасымен байланысты екенін көрсетті. Яғни бір өркениеттің екіншісін қалай сипаттайтыны сол сипат­талған қоғамның өзін-өзі түсінуіне  де  әсер  етуі  мүмкін.

Саидтің теориясын Қазақ­станға қолданғанда да сақтық қажет. Қазақстанды дәл классикалық шығыстанушы дискурстың нысаны ретінде ғана қарастыруға болмайды. Дегенмен, оның әдісі бізге пайдалы бір сауал береді: біз өзіміз туралы түсініктерді қайдан алдық?

Бұл сұрақтың маңызы әсіресе мәдениет пен білім саласында артады. Егер белгілі бір қоғамда ондаған жыл бойы ғылымның, кәсіби білімнің, жоғары мәдениеттің және қоғамдық беделдің негізгі тілі бір тіл болса, сол тілдің беделі кейін саяси жағдай өзгергеннен кейін де бірден жоғалмайды. Өйткені тілдің артында институттар, әдебиет, ғылыми қор, мамандар, кәсіби орта және әлеуметтік капитал тұрады. Сондықтан тілдік иерархияны тек адамдардың «талғамымен» түсіндіру  жеткіліксіз.

Қазақстанның ресми құжаттарында да бұл айырмашылық байқалады. 2021 жылғы халық санағы бойынша бес жастан асқан тұрғындардың 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгергенін көрсеткенімен, қазақ тілін күнделікті өмірде қолданатынын айтқандардың үлесі 49,2 па­йыз болған. Бұл жерде мәселе «80 пайыз қазақша сөйлейді» немесе «49,2 пайыз ғана сөйлейді» деген екі қарама-қайшы тұжырымның бірін таңдауда емес. Керісінше, тілді білу мен оны қоғамдық өмірде пайдалану арасында айырмашылық барын  түсінуде.

Дәл осы айырмашылық әлеу­меттік бедел мәселесіне алып келеді. Адам тілді тек грамматикалық ережелер үшін үйренбейді. Ол тілдің өзіне қандай мүмкіндік беретінін де бағалайды. Егер белгілі бір тілмен жақсы жұмыс табуға, сапалы ақпаратқа қол жеткізуге, кәсіби ортаға енуге немесе жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болуға болады деген түсінік орнықса, адамның сол тілді таңдауы таби­ғи. Бұл жерде жеке адамды кінәлау ештеңе шешпейді.

Керісінше, қоғам өзіне: «Неліктен бізде осындай әлеуметтік иерархия қалыптасты?» деген сұрақ қоюы керек. Қазақстандағы деколониалдық пікірталастарды зерттеп жүрген ғалым Ғалым Жүсіпбек те мәселені тек өткеннің тарихы ретінде емес, билік, мәдениет және білімнің қазіргі қатынастары арқылы қарастырады. Оның ғылыми қызығушылықтарының қатарында сыни теория, ориентализм және деколо­ниалдық  перспектива  бар.

Ал қазақстандық зерттеу­шілер М.Қосын, А.Құлжанова және А.Кабдолланова «отар­лауға қатысу» ұғымын қарастыра отырып, отарлық модернизация үдерістерінде жергілікті қоғамның өзі де белгілі бір рөл атқаруы мүмкін екенін талдайды. Бұл жерде сөз халықты немесе жеке адамдарды «отарлаушының сыбайласы» деп айып­тау туралы емес. Керісінше, белгілі бір әлеуметтік тәр­тіптің орнығуына жергілікті элиталардың, институттардың және қоғам мүшелерінің әртүрлі деңгейде қатысуы мүмкін екенін  түсіндіру  туралы.

Бұл тұжырымның бүгінгі күн үшін маңызы зор. Өйткені отарлық мұра туралы сөз болғанда барлық жауапкершілікті сыртқы күшке аудару оңай. «Бәріне отарлау кінәлі» деген түсінік кез келген қазіргі проблеманың тарихи себебін түсіндіретін дайын жауап сияқ­ты көрінеді. Бірақ мұндай тәсіл қоғамның өз ішіндегі өзгеріс­терді түсіндіруге мүмкіндік бермейді.

Белгілі бір мәдени өлшемді сырттан әкелген болуы мүмкін. Бірақ оны ондаған жыл бойы кімдер қайталады? Қай институттар бекітті? Қай кезде қоғамның өзі оны қалыпты нәрсе деп қабылдай бастады? Ал тәуелсіздік алғаннан кейін оның қай элементтері сақталды, қайсысы  өзгерді?

Отарсыздану мәселесін дәл осы сұрақтар күрделендіреді. Сондықтан «отарлық сана» деген ұғымды адамның жеке басы­на тағылатын айып ретінде емес, әлеуметтік механизмді сипаттайтын ұғым ретінде қарас­тырған жөн. Мысалы, бір адам қазақ тілінде сөйлемеуді таңдаса, оны автоматты түрде «отарлық сананың құрбаны» деу – үстірт пікір. Оның отбасы басқа тілде сөйлейтін болуы мүмкін, өзі сол тілде білім алған шығар немесе жұмыс ортасы соны талап ететін шығар. Ал егер тұтас қоғамда қазақ тілінде сөйлеу адамның кәсіби немесе әлеуметтік мүмкіндігін төмендетеді деген тұрақты түсінік қалыптасса, мәселе жеке таңдаудан  әлдеқайда  кең.

Дәл сол секілді шетелдік мәде­ни өнімді ұнату да отарлық сана емес. Әлемдік мәде­ниет­пен араласу – жаһандан­ған қоғамның табиғи сипаты. Проб­лема адам шетелдік дүние­ні ұнатқанында емес, өз мәдениетін бағалау үшін міндетті түрде сыртқы мойындауды қажет еткен жағдайда туындауы мүмкін.

Бұл – өте нәзік шекара. Себебі, деколонизацияны дұрыс түсінбесек, бір стереотиптің орнына екіншісін қоюымыз мүмкін. Бұрын «шетелдік жақсы» деген түсінік үстем болса, енді «шетелдік болғаны үшін жаман» деген кері түсінік пайда болуы ықтимал. Екеуінің де ортақ кемшілігі – адамның өз бетінше таңдау жасау қабілетін шектеуі.

ТҮЙІН. Қорытындылай келе, тілге деген көзқарас пен адамның өзін бағалауының арасында көзге бірден түсе бермейтін байланыс бар деген тұжырымға келдік. Адам күнделікті өмірде қай тілге жүгінеді, сол тілдің айналасында қандай орта қалыптасқанын көреді, соған қарай өз мәдениетінің де орнын пайымдайды. Уақыт өте келе қоғамдағы осындай ұстанымдар адамның талғамына, тарихи жадына, өз болмысына деген сеніміне ықпал етеді. Сондықтан отарсыздану ең алдымен өткенге баға беруден бұрын, бүгінгі таңдауларымыздың астарында қандай түсініктер тұрғанын аңғарудан басталса керек. Өз тіліне еркін сүйеніп, өз мәдениетіне сеніммен қарап, әлемнің озық тәжірибесін талғаммен қабылдай алған қоғамның рухани іргесі де берік болады. Мұндай сана қалыптасқан кезде тәуелсіздік мемлекеттік мәртебеден қоғамдық мінезге айналады. Өз өлшемін өзі қалыптастырған ел ғана өз болашағын  да  өз  қолымен  айқындай  алады.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: