Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы құндылығын қалай сақтаймыз?

17.09.2026, 7:40 45

Тұлғаның мінез-құлқы, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы ең алдымен отбасы ошағында қалыптасады. Сол себепті де жекелеген шаңырақтың беріктігі – тұтас ұлттың әлеуметтік тұрақтылығына тікелей ықпал ететін негізгі фактор.

Қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Демографиялық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, елдегі отбасылар санының өскені байқалады. Бірақ санның артуы отбасы институтының нығайғанын білдіре ме? Қазіргі уақытта қазақстандық отбасылар қандай құндылықтар мен кедергілерді бастан кешіріп отыр? Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан отбасы саясатының пәрменділігі қандай? Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2021-2025 жылдар аралығында неке саны күрт азайып, ажырасулар саны ұлғайған. Себебі неде? Неке саны неге азаюда? Ал, неке жасы неліктен ұзаруда? Бүгінгі мақаламызда осы мемлекеттік отбасы институтының  құлдыраған  тұстарын  таразыладық.

Отбасы институты қоғамдағы ең көп айтылатын құнды­лықтардың бірі болғанымен, оның бүгінгі ахуалы туралы сөз қозғалғанда мақтау мен насихаттың арасынан нақты мәселенің өзі көрінбей қалатын тұстары бар. Отбасы туралы жиі айтамыз, отбасы құндылығын дәріптейміз, жастарға шаңырақ көтерудің маңызын түсіндіреміз. Алайда отбасының беріктігін анықтайтын әлеуметтік жағдайлар, некенің тұрақтылығы, жас жұбайлардың тұрмыстық және психологиялық дайындығы, ажырасудың себептері секілді күрделі мәселелерге  келгенде  әңгіме  әлдеқайда  қысқара  түсуде.

Ашығын айту керек, отбасы институты уақытпен бірге өзге­ріп жатыр. Бұрын қоғам белгілеген қалыпқа бейім­делу басым болса, бүгін жеке таңдау мен өмірлік жоспардың салмағы артты. Неке жасы ұзарды, жастардың баспана мен тұрақты табысқа қатысты талабы күшейді, әйелдің білім алып,  кәсіби тұрғыда қалыптасуына деген ұмтылысы артты. Мұның бәрі – отбасы құрылымына  ықпал  ететін  факторлар.

Мұндай  мәселеге жастардың отбасын құруға асықпауын алға тартуымыз мүмкін, әрине. Алайда, тереңірек қарасақ, бүгінгі қоғамның өзі отбасыға қоятын талапты күрде­лендіріп жібергенін аңғаруға болады. Жас жұбай­дан материалдық тұрғыдан мығым болуды, жеке баспаналы болуды, тұрақты қызметте орнығуды, ата-ананың көңілінен шығуды, бала тәрбиесіне дайын болуды күтетін орта қалыптасты. Ал осы талаптардың бәрін қатар орындау жас адамның өміріндегі некені таби­ғи қадамнан ұзақ дайындықты қажет ететін шешімге айналдырып отыр. Сондықтан отба­сы институтындағы өзгерісті жастардың мінез-­құлқынан ғана іздеу – үлкен қоғамдық үдерісті тар  шеңберге сыйғызу.

Соңғы жылдары елімізде демографиялық үдерістер мен отбасы институтының құры­лымында айтарлықтай өзгерістер байқалуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстанда тіркелген неке саны едәуір азайған. Егер 2021 жылы 140 мыңға жуық отбасы құрылған болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 115 мыңға дейін төмендеген. Талдаушылар мен демографтар бұл құбылысты түрлі фактормен түсіндіруде.

Сарапшылардың пікірінше, бұл тенденция­ны тек жағымсыз жағынан бағалауға болмайды. Неке санының азаюы немесе оның кейінге шегерілуі – ең алдымен еліміздегі мүмкіндіктердің кеңеюімен, экономиканың дамуымен және жастардың білім алуға деген ұмтылысы­мен тығыз байланысты. Жастар сапа­лы білім алып, мансап жолын қалыптастыруға көбірек көңіл бөлген сайын, отбасын құру жасы да заңды  түрде  кейінге  жылжиды.

Некеге тұру жасының ұлғаюы – тек Қазақ­станға ғана емес, бүкіл әлемге тән жаһандық тенденция. Соған қарамастан, отбасы инс­титуты терең дағдарысты бастан кешіріп жатқан Оңтүстік Корея сияқты елдермен салыс­тырғанда, Қазақстандағы жағдай әлде­қайда оңтайлы әрі позитивті сипатқа ие дейді демограф  ғалым Аяулым Сағынбаева өз парақшасында.

– Қазақстандық қоғамдық даму институтының соңғы зерттеу нәтижелеріне сүйен­сек, қазіргі  жастар арасында отбасы құнды­лық­тары жоғары  бағаланады. Бүгінгі жас буын – прагматик, сондықтан бұрынғыдай ойланбай шаңырақ  көтермейді, отбасын құруға деген көзқарасы бөлек деген түсінік бар. Десе де, зерттеу қорытындысы  көңіл  қуантады. Жас­тардың 80,1%-ы отбасылы  болып, ата-ана атануды өздерінің  бас­ты  өмірлік миссиясы деп санайды. Бұл дегеніміз – еліміздегі жаңа буынның  саналы  әрі жауапты  екенінің  көрінісі.  Олар құн­дылықтар пирамидасында отбасын бірінші орынға қояды. Сонымен қатар, біз – ұлттық өмірлік философия­мыздан ажырамай, адамзат  тарихындағы  басты  міндеттерімізді  адал орындап  келе  жатқан  қоғамның  бір  бөлшегіміз, — дейді  А.Сағынбаева.

Дегенмен, мазалайтын өзге де сандар бар. Соңғы жылдардағы деректерге үңілсек, ажырасу көрсеткішінің өсуі байқалады. Мәселен, 2023-2024 жылдары елімізде ажырасулар саны 40 мың айналасында болса, кейінгі жылы бұл көрсеткіш 40 мыңнан 45 мыңға дейін өскен. Бұл қоғамдағы отбасылық құндылықтар мен әлеуметтік қолдау механизмдерін қайта қарау­ды  талап  ететін  өзекті мәселелердің бірі болып  қала  бермек.

Ұлттық статистика деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркелген. Ел бойынша жалпы некелесу коэффициенті – 1000 адамға шаққандағы көрсеткіш 5,69.  Өңірлер  арасындағы  көрсеткішке  назар аудар­сақ, некелесу  деңгейі  Астана  қаласында – 6,75,   Қарағанды   облысында –  6,32,   Шығыс Қазақстан  облысында  6,27  көрсеткішіне  жеткен. Ал ең төменгі коэффициент Қызылорда облысында – 5,06 деңгейінде қалыптасқан.

Неке қиюдың басым бөлігі қала тұрғындарының үлесіне тиесілі. 2025 жылы қалалық жерлерде 78,9 мың неке тіркелсе, бұл жалпы көрсеткіштің 68,1 пайызын құрады. Ауылдық елді  мекендерде 37 мың неке тіркеліп, олардың  үлесі – 31,9 пайыз.

Статистика отбасы құру жасының да бір­тіндеп  ұлғайып  келе  жатқанын  көрсетеді.  2025 жылы  алғаш рет некеге тұрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас, әйелдердің орташа жасы 25,3 жасқа жеткен. Алғаш рет некеге тұрғандардың үлесі ерлер арасында 77 пайызды, әйелдер арасында 78 пайызды құраса, бұдан  кейінгі некеге тұрғандардың үлесі ерлерде 22 пайыз, әйелдерде 21 пайыз деңгейінде тіркел­ген.

Сонымен қатар, неке қию маусымдық сипат­қа да ие. Өткен жылы отау құрудың ең көп саны жаз айларына сәйкес келген. Атап айтқанда, маусымда – 11 848, шілдеде – 12 955, тамызда 12 418 неке тіркелген. Яғни жазғы үш айда ел бойынша 37 мыңнан астам жұп заңды түрде отбасын құрған. Ұлттық статистика дерегіндегі неке құрылымында этностық құрам да көрініс тапқан. Мәселен, 2025 жылы тіркелген некелердің 80,4 пайызы моноэтностық , ал 19,6  пайызы  ұлтаралық  неке  болған.

Алайда, отбасы институтының жағдайын бағалауда некелесу көрсеткішімен қатар ажырасу статистикасына да назар аударуды қажет ететіні анық. Атап айтқанда, 2025 жылы елімізде 45,7 мың ажырасу тіркелген. Оның 34 мыңы, яғни 74,4 пайызы қалалық жерлерге, 11,7 мыңы немесе 25,6 пайызы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Ел бойынша жалпы жылдық ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 көрсеткішті көрсетуде. Өңірлер арасындағы айырмашылық мұнда да айқын байқалады. Мәселен, ажырасудың ең жоғары коэффициенті Павлодар облысында – 3,43, Қарағанды облысында – 3,41, Солтүстік Қазақ­стан облысында 3,28 деңгейінде тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында – 1,03. Ажырасулардың некеде тұру ұзақтығына қарай бөлінуі де назар аударуға тұрарлық. 2025 жылы ажырасудың ең үлкен үлесі, яғни 35 пайызы 1-5 жылға жуық уақыт бірге тұрған отбасыларға тиесілі болды. Некеде 5-9 жыл болғандар арасындағы ажырасу үлесі 24 пайызды құраса, некеге тұрғаннан кейінгі алғашқы жылдың ішінде ажырасқандардың үлесі  8  пайызды  құраған.

Некенің азаюы мен ажырасудың болуының артында әлеуметтік-экономикалық жағдай, баспана мәселесі, табыс тұрақтылығы, отбасылық жауапкершілік, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынас мәдениеті және қоғамдағы отбасы туралы түсініктің өзгеруі секілді бірнеше фактор тоғысады. Сондықтан бүгінгі бұл статистика «жастардың отбасын қала­мауы» деген біржақты тұжырымнан гөрі, отбасы құрудың уақыты, оған қойылатын талаптар және құрылған шаңырақтың беріктігі туралы кеңірек  мәселені  күн  тәртібіне  шығармақ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан бойынша 2025 жылы неке қию коэффициенті 5,69 болса, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 5,06 деңгейінде қалды. Бұл санның өзі Қызылорда жастары отбасы құрудан жаппай бас тартып жатыр дегенді білдірмейді. Әлбетте, статистика мұндай тұжырым жасауға негіз берме­йді. Дегенмен, көрсеткіштің төмендігі өңірдегі демографиялық үдерістерге, жастардың өмір сүру жағдайына және отбасы құру моделі­нің өзгеруіне мұқият қарауды талап етеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінде Қызылорда облысының 2025 жылғы жан ба­сына шаққандағы жалпы өңірлік өнімі 3,6 млн теңге шамасында болған. Бұл көрсеткіш рес­публикадағы көптеген өңірден төмен. Десе де, өңіріміздегі жағдайды елдің жалпы үрдісінен бөліп қарау да қиын. Жастардың өмір сүру кеңістігі өзгерді, білім алу мерзімі ұзарды, еңбек нарығында орнығу уақыты созылды, тұрақты табысқа қол жеткізу отбасы құру ше­шіміне тікелей  әсер  ететін  факторға  айналды.

Әлеуметтік  мәселелерден  бөлек, отбасы­лық ішкі ахуалдың да әсері неке саны мен оны бұзу статистикасына біз ойлағанан жоғары үлесін тигізеді. Отбасылық жанжал, қысым, соққыны былай қойғанда, бұл факторлардың өзі  отба­сы институтының құлдыраған құры­лысын айт­пасақ  та айқындап тұрғаны өкінішті. Бұл  тақырып – өз  алдына  бөлек  мәселе.

Одан бөлек, тойдан кейінгі өмір туралы әңгіме көп жағдайда кейінге шегеріледі. Ортақ қаржыны кім басқарады, үй шаруасы қалай бөлінеді, бала тәрбиесіне көзқарас қандай? Осындай маңызды мәселелерді ерлі-зайыптылардың алдын ала талқылауы отбасының тұрақтылығына әсер етеді.

Отбасы күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының базасында кезең-кезеңімен енгізіп жатқан бағдарлама туралы әңгімелейміз. Тиісті бұйрық қабылданды. Оқудан некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптар, некені тіркеуге өтініш бергендер, сондай-ақ некеде тұрғанына бес жылдан аспаған ерлі-зайыптылар өте алады. Қатысу ерікті.

– Біз бұл жұмысты болашақ ерлі-зайыптылардың отбасын саналы түрде құруына көмектесу үшін бастадық. Адамдар некеге өздерінің қалыптасқан әдеттерімен және бірге өмір сүру туралы түсініктерімен келеді. Бұл ретте отбасы бюджетін жүргізу, міндеттерді бөлу және бала тәрбиесі мәселелері келіспеушілік туындағанға дейін талқыланбай қалуы мүмкін. Неке­ге дейінгі оқыту осы мәселелерді мамандардың қолдауымен алдын ала талқылауға мүмкіндік бере­ді. Біз жұптардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті түсінгенін, өз құқықтарын  және бір-бірімен келісімге келе білгенін қалаймыз. Министр­лік үшін бұл – отбасылық жанжалдар мен ажырасулардың алдын алу бағыттарының бірі. Сондықтан біз оқытуды Отбасын қолдау орталықтарында енгізіп жатырмыз, мұнда адамдар некеге дайындық кезеңінің өзінде-ақ жүгіне алады, — деп түсіндірді Мәдениет және  ақпарат  министрлігі.

Бағдарлама алдын ала сынақтан өткізілген. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ Халық қоныстану қорымен (ЮНФПА) бірлесіп Астана  мен Шымкент  қалаларында 40 жұпқа тегін  тренинг өткізіп, 2025 жылы     300 жұп оқудан өтті. Енді бекітілген әдістемелік нұсқаулық Отбасын қолдау орталықтарында сабақ­тарды қалай ұйымдастыру және оларға ма­мандарды  қалай  тарту  керектігін  айқындайды.

Бағдарлама бес модульден тұрады. Әр модуль белгілі бір мәселелер тобына арналған: Серіктестік және жауапкершілік; Отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық; Құқықтық сауаттылық және отбасылық-­тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу; Қаржылық сауаттылық; Эмоционалдық ин­тел­лект  және  отбасындағы  қарым-қатынас.

Айта кету керек, еліміздің барлық өңірінде «Отбасын  қолдау орталықтары» жұмыс істейді. Соңғы мәлімет бойынша олардың саны 160-қа жеткен. 2026 жылдың басынан бері орталық­тарға 50 мыңнан астам өтініш түскен. 43 мың­нан  астам  отбасы  кешенді кеңес алса, тағы 6 мыңға жуық отбасы мамандардың тұрақты бақылауы мен сүйемелдеуіне алынған. Мұнда қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда медициналық көмек пен уақытша баспана да қарастырылады. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша тәулік бойы 111  байланыс  орталығы  жұмыс  істеуде.

Неке  санының  азаюы  мен ажырасудың көбеюі қоғамға ой салатын көрсеткішке айналды. Бұл сандардың ар жағында баспана, табыс, жауапкершілік, қарым-қатынас мәдениеті секілді сан түрлі мәселе тұр. Сондықтан отбасын нығайту саясаты жас жұбайлардың тойға дейінгі дайындығынан бастап, кейінгі әлеуметтік қолдауға дейін жалғасуы қажет. Берік отбасы туралы көп айтуға болады, ал оны сақтауға жағдай жасау – әлдеқайда  маңызды  міндет.

 Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: