Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі тұрғындары тегін медициналық кеңес алды

07.10.2026, 15:30 45

Қызылорда облысында «Біліміміз – Елімізге» әлеуметтік жобасының қорытындысы шығарылды. Жоба аясында Шиелі ауданының 400-ден астам тұрғыны дәрігерлерден тегін кеңес алды. 40-қа жуық пациент қосымша тексерілуге және республикалық клиникаларда күрделі ем түрлерін алуға жолданды. Менторлық кездесулерге 600-ден астам оқушы мен студент қатысты, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жобаның негізгі іс-шаралары 2 қазанда Шиелі ауданында өтті. Бұл күні жергілікті тұрғындарға медициналық қабылдау ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттерге арналған менторлық кездесулер өткізілді.

Шиеліде Астана мен Алматы қалаларынан келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері жұмыс істеді. Олардың қатарында балалар кардиохирургиясы, интервенциялық кардиология, акушерия және гинекология, урология, оториноларингология, эндокринология, инфекциялық аурулар және психология салаларының мамандары болды.

Бір күн ішінде мамандар 400-ден астам пациентті қабылдады. Кеңес беру қорытындысы бойынша 40-қа жуық адам қосымша тексерілуге және республикалық медициналық орталықтарда күрделі ем түрлерін алуға жолданды.

Сонымен қатар «Болашақ» Қауымдастығының мүшелері аудан оқушылары және колледж студенттерімен кездесулер өткізді. Қатысушылар мамандық таңдау, шетелде білім алу мүмкіндіктері, ағылшын тілінің маңызы, кәсіби даму және жеке мотивация мәселелерін талқылады.

Жалпы менторлық кездесулерге 600-ден астам оқушы мен студент қатысты.

3 қазанда жоба қорытындысы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетовпен өткен кездесуде таныстырылды. Кездесу барысында Шиелі ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ «Болашақ» түлектер қауымдастығының қызметі мен негізгі жобалары таныстырылды. Тараптар денсаулық сақтау, білім беру және жастармен жұмыс істеу салаларындағы одан әрі ынтымақтастықты, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің кәсіби әлеуетін өңірлердегі әлеуметтік бастамаларға тарту мүмкіндіктерін талқылады.

Жобаны «Болашақ» қауымдасты «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырды.

«Біліміміз – Елімізге» жобасы 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты  «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің білімі мен халықаралық тәжірибесін ел игілігіне бағыттау.

Жобаның медициналық бағыты төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманың негізін қалаған белгілі дәрігер-аритмолог, “Болашақ” түлегі Ғани Төлепбергенов биылғы жылдың басында өмірден өтті. Осы жолғы сапар оның қатысуынсыз алғаш рет ұйымдастырылды. Әріптестері мен қауымдастық мүшелері сапарды Ғани Төлепбергеновтің рухына арнап, оның медицина саласындағы еңбегі мен кәсіби мұрасын ұлықтау мақсатында жобаның медициналық бағытына дәрігердің есімін беру туралы шешім қабылдады.

Фото: turkystan.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: