Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы – бақыт мекені

16.09.2026, 17:05 45

HALYQLINE.KZ

Қызылордада отбасы құндылықтарын нығайтуға арналған «Отбасы – бақыт мекені» атты ашық алаң – форсайт-сессиясы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында отбасы тәрбиесі, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі, ұрпақтар сабақтастығы, психологиялық ресурс, кітап оқу мәдениеті және адал азамат тәрбиесі мәселелері қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі аппараттының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Басқосуға әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, әйелдер кеңестері, «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» мекемесі, «Әкелер одағы», «Анаға тағзым» орталығы, ата-аналар қауымы, мектепішілік қамқоршылық кеңес және «Ұлағат» ата-әжелер ансамблінің өкілдері қатысты.

Алдымен «Отбасылық құндылықтар және Конституция» облыстық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. І орын Жаңақорған ауданынан Ақылбековтер отбасына, ІІ орын Жалағаш ауданынан Ахметжамиевтер отбасына, ІІІ орын Қызылорда қаласынан Әзілхановтар отбасына бұйырды.

Сондай-ақ мектеп оқушыларының ата-аналары мен әжелеріне отбасы тәрбиесіне қосқан үлесі үшін құрмет көрсетілді. Марапатталғандардың қатарында көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ бірнеше онжылдық бойы отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан жанұя мүшелері бар.

Форсайт-сессияның «Отбасы – тәрбие бесігі» бөлімінде облыстық «Әкелер одағының» төрағасы Ескендір Ержан, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Ұлағат» ата-әжелер ансамблінің жетекшісі Құрмашова Балхия және көпбалалы ана Зарипа Алмаханқызы пікір білдірді.

Қатысушылар әкенің бала тәрбиесіндегі орны, ата-ананың жауапкершілігі, отбасылық дәстүрлер, ата-әже өнегесі және мектеппен серіктестік мәселелерін талқылады.

Бағдарламадағы «STOP – RESET – GO» тренингін мектеп-лицей-интернатының педагог-психологі Зәуре Сисенбаева жүргізді. Интерактивті сабақта қатысушылар эмоцияны басқару, күйзелісті азайту және психологиялық ресурсты қалпына келтіру тәсілдерімен танысты.

«Жүректен жүрекке – ұрпаққа аманат» бөлімінде ата-аналар мен оқушылар арасында ашық сұхбат өтіп, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің маңызы сөз болды.

Кітап оқу мәдениетіне арналған «Бір шаңырақ. Үш ұрпақ. Бір кітап» бөлімінде Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы негізінде сахналық көрініс ұсынылды. Сонымен қатар «12 айда – 12 кітап» жобасының тәрбиелік мәні таныстырылды.

Іс-шара соңында оқушылар «10 қадам – Адал азамат» перформансын ұсынып, адалдық, мейірім, жауапкершілік және азаматтық ұстаным құндылықтарын сахна тілімен жеткізді. Іс-шара «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: