Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары күшейтілді

16.09.2026, 17:25 24

HALYQLINE.KZ

Күздің салқыны сезіле бастаған тұста тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе жылу беру маусымында пеш пен газ, электр жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау аса маңызды. Осыған байланысты Қызылорда облысында 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары күшейтілді.

Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу бағытында кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бейбітхан Спановтың айтуынша, биыл да әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздігіне назар аударылып отыр.

«Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу мақсатында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстар 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үйлерін аралау арқылы жүргізілді. Биыл мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді өзектендіру нәтижесінде облыс бойынша әлеуметтік осал топқа жататын 5 864 азаматтың тізімі нақтыланған. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар және өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігі шектелген бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар. Пештер мен түтін мұржаларын жылыту маусымы басталғанға дейін тексеріп, тазалау қажет. Сонымен қатар жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, жанғыш заттарды пештер мен жылыту құралдарына жақын орналастырмау керек», — деді Бейбітхан Спанов.

Профилактикалық аралау кезінде мамандар тұрғындарға пештерді, газ және электр жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндірді. Әсіресе ақаулы немесе қолдан жасалған жылыту құрылғыларын пайдаланбау қажеттігі ескертілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: