Кеше елорда төрінде Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік академиялық филармониясымен қос тарапты меморандум аясында Сыр елі өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты гала-концерті өтті. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Қасиетті Сырдан арнайы келген өнер шеберлері арқа жұртшылығына халқымыздың бай мәдени мұрасын, дәстүрлі музыкасын, жыраулық өнерін, күй мен бидің озық үлгілерін ұсынды. Концерт Сыр бойының төлтума өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық руханиятты дәріптеуге және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды. Мәдени кешті Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мәдениет және өнер саласының жанашырлары тамашалады.
Музыка мерекесінде Сыр мәдениеті мен өнерінің насихатшылары, аймақтың руханият өкілдері, өнер ұжымдары мен әртістерінен құралған шығармашылық делегация ұлттық нақыштағы ән-күй, Қорқыт мұрасы, жыраулық дәстүр, халық әндері мен Абай шығармаларын орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Құрмет» орденінің иегерлері Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Руслан Ахметов, Сымбат Тасбергенова, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Әділхан Қуаңбаев, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Бақдәулет Қарғабаев, Марат Сүгірбай, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бисенбек Төлеубай, Ақылбек Табынбаев, Айсұлу Әбді, Рано Сабанкулова, Жаннұр Аманбай өнер көрсетіп, сахна төрінен табылды. Сондай-ақ «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияның көркем үлгілерін ұсынып, концерттің мазмұнын байыта түсті. Ансамбльдің бас балетмейстері – «Шапағат» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Г. Мырзабаева, көркемдік жетекшісі – М. Тойбазарова.
Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.
Кеш жүргізушісі – Амандық Жаппарбердиев.
Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгесінің иегері Азиза Іздіқұлова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!