Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Іңкәр сезім» көрерменге жол тартты

14.09.2026, 17:10 43

HALYQLINE.KZ

 «Қала күні» мерекесіне орай бір айлық іс-шаралар легі бастау алды. Соның аясында Қызылорда «Жастар театры» III маусымын ашып, көрерменге «Іңкәр сезім» музыкалық қойылымын ұсынды. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Театр – өнердің барша түрі тоғысатын, адам жанына ой салып, сезімін тербейтін киелі мекен. Бүгінгі кеш те қала мәдениетінің жаңа тынысын танытатын, өнерге құрмет пен көрерменге деген ықыласты тоғыстырған ерекше салтанат болды.

Қызыл кілем үстімен Сыр елінің мақтаныштары – өнер майталмандары, көрерменнің сүйікті артистері, осы маусымның басты кейіпкерлері мен құрметті қонақтары жүріп өтті. Атап айтатын болсақ, «Қызылорда қалалық Жастар театрының» көркемдік жетекшісі әрі негізін қалаушы ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов және «Жастар» театрының әртістері. Сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген театр және кино майталмандары Әсет Иманғали, Ержан Жарылқасынұлы, Данияр Базарқұлов, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының бір топ артисі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темір бастаған Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының актерлары мен өнер шеберлері.

Театрға келген көрермендер Берік Ахмедтің «Іңкәр сезім» атты музыкалық қойылымын тамашалады. Шынайы махаббатқа толы қойылымда сезім мен сенім, асқақ арман, биік мақсат ұғымдары көркем түрде бейнеленді. Адам өміріндегі мейірім мен ізгілік құндылықтары дәріптеліп, отбасы қадірі мен адамдық қасиеттердің маңызы ұсынылды.

«Іңкәр сезім» қойылымы бір ғана оқиғаны баяндап қоймай, көрерменді адамның ішкі жан дүниесіне үңілдіретін, жүрекке жақын сезімдерді сахна тілімен жеткізетін таңғажайып туынды болды. Қойылым барысында көрермен жанды дауыста орындалған әндер, би, поэзиялық шығармалар мен монологтарды тамашалай алды. Әсерлі сахналық көріністер музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалып, қойылымның көркемдік мазмұнын аша түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: