Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада медресеаралық Құран байқауы өтті

18.09.2026, 11:00 53

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласындағы «Ербатыр ата» мешітінде медресеаралық Құран байқауы өтті. Марқұм Жұмахан Өтегенұлының рухына бағышталған рухани сайысқа Қызылорда облысындағы Қарилар дайындау орталықтары мен қайырымдылық мекемелерінен 25 шәкірт қатысты.

Байқаудың ашылуында Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, үміткерлерге сәттілік тіледі.

«Бүгінгі байқаудың басты мақсаты – Құран Кәрімді жаттаған шәкірттердің білімін шыңдау, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және үздіктерін анықтау. Құранды жаттау – үлкен еңбек. Сондықтан осы жолда ізденіп жүрген барлық шәкіртке сәттілік тілеймін», — деді бас имам.

Екі күнге жалғасқан сайыста қатысушылар Құран Кәрімнің 30, 15 және 5 парасын жатқа оқу номинациялары бойынша бақ сынады. Үміткерлердің Құранды жатқа білу деңгейі, тәжуид ережелерін сақтауы, қырағаты мен мәнерлеп оқу шеберлігі бағаланды.

Қазіргі уақытта өңірде Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында Құран жаттаушыларды дайындайтын орталықтар мен қайырымдылық мекемелері жұмыс істейді. Онда шәкірттер Құран жаттаумен қатар діни сауаттылығын арттырып, рухани тәрбие алады.

Байқауға қатысушылардың өнерін білікті ұстаздардан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Құрамда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Азамат Абжалов, қалалық «Ербатыр ата» мешітінің ұстазы Бекзат Жүсіпұлы және «Қазалы» Қарилар дайындау орталығының ұстазы Исмайл Омарұлы болды.

30 ПАРА БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗДАР:

I орын – Қызылорда қаласындағы «Белкөл» медресесінің шәкірті Мұхтаров Абылайхан Темірханұлы (500 000 теңге);

II орын – Шиелі медресесінің шәкірті Зиноров Саид (300 000 теңге);

III орын – Қазалы медресесінің шәкірті Зейнұла Нұрмұхаммед Нұржанұлы (200 000 теңге).

15 ПАРА БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗДАР:

I орын – Қазалы медресесінің шәкірті Бақытбекұлы Теңгіз (300 000 теңге);

II орын – Шиелі медресесінің шәкірті Мырзахметов Дәулет (200 000 теңге);

III орын – Шиелі медресесінің шәкірті Бердікеев Бағдулет (150 000 теңге).

5 ПАРА БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗДАР:

I орын – Шиелі ауданының шәкірті Артыков Юсуф (200 000 теңге);

II орын – Қызылорда қаласының шәкірті Бақыт Жәнібек (150 000 теңге);

III орын – Шиелі ауданының шәкірті Махмұт Жансерік (100 000 теңге).

Сонымен қатар осы номинация бойынша «Көрермен көзайымы» аталымына Қызылорда қаласының шәкірті Шынболат Нұрислам (50 000 теңге) ие болды.

Байқау қорытындысында барлық жеңімпаз арнайы марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, игі іс-шараға Жұмахан Өтегенұлының жұбайы мен ұрпақтары демеушілік көрсетті. Жұмахан Нысанбаев небәрі 40 жылдық ғұмырында бірнеше салада еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азамат болған.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: