Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы қорғау жүйесі қағаздағы міндетпен ғана өлшенбейді

11.06.2026, 8:20 64

Қазір жасөспірімдердің құқықтық мәртебесі, бала қауіпсіздігі, оқушылар мен бүлдіршіндердің қорғалу деңгейі қоғамда жиі көтеріліп жүр. Бұны қозғауға себеп көп. Кейінгі уақытта кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты зорлық-зомбылық, жыныстық қолсұғушылық, адам өліміне әкелген ауыр қылмыстар туралы дерек көбейді. Шиелі ауданында канал шлюзінен қыз баланың мәйіті табылған оқиға, Қызылорда облысында балаларға қатысты қылмыстар жөніндегі хабарлар жұрттың алаңын күшейтті. Ресми мәліметтер де бұл тақырыптың салмағын көрсетіп отыр. Еліміз бойынша 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекетінің 225 фактісі тіркелген.  2025 жылы қылмыс құрбаны болған кәмелетке толмағандар саны 3,5 мыңнан асқан. 2026 жылдың алғашқы төрт айында балаларға қарсы құқықбұзушылық құрбандарының саны тағы артқанын байқадық.

Мұндай деректерден кейін бала құқығы күйіп тұрған тақырып деп айту парызымыз ғой. Әр оқиға заңның, мектептің, полицияның, әлеуметтік қызметтің, жергілікті биліктің және отбасы институтының қалай жұмыс істеп тұрғанын қайта қарауға мәжбүрлейді. Биыл және кейінгі жылдары балаларды қорғауға қатысты қандай заң нормалары қолға алынды? Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі туралы заң не өзгертті? «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қандай міндеттер қойып отыр? Аз-кем ізденіс жасап, осы сауалдарды тарқатып көрейік.

Қаңтар айында Үкімет отырысында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырым­дамасы қаралды. Құжатты Оқу-ағарту министр­лігі Балалардың құқық­тары жөніндегі уәкілмен және салалық министрліктермен бірлесіп әзірлеген. Ресми мәліметке сүйенсек, елде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл Қазақ­стан халқының 34 пайы­зына тең. Кейінгі 10 жылда бала­лар саны 1,5 миллионға көбейген. Тұжырымдамада бала қауіпсіздігі, сапалы білім, денсаулық сақтау, отбасы инс­титутын қолдау, әлеуметтік қорғау бағыттары қамтылған. Үкімет бұл құжатты балаларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға арнал­ған жүйелі жоспар ретінде сипат­тады. Бірақ биылғы оқиғалар баланы қорғау жүйесі қағаздағы міндетпен ғана  өлшенбейтінін  көрсетті.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылық істерінде жүйе­нің ерте әрекет етуі шешуші рөл атқаратынын айтқан. Ол Сенат депутаттарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Келес ауданындағы кәмелетке толмаған қыздың оқиғасын мысалға келтіріп, баланың өзіне қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбей, ұзақ уақыт бойы зорлыққа шыдап  келгенін  тілге тиек етті.

– Бұл – жүйедегі үлкен олқылық, себе­бі балалар өзіне қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген, біраз уақыт бойы зорлық-зомбылыққа шыдап келген. Тіпті, олардың айналасындағы ересектер де бұл жағдайға немқұрайды қараған. Біздің ең бас­ты міндетіміз – әр баланың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету, — деді омбудсмен.

Қызылорда облысында болған бірнеше қайғылы жағдай қоғамдағы алаңды күшейтті. Шиелі ауданында канал шлюзінен қыз баланың мәйіті табылып, полиция кісі қолынан қаза табу күдігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты істің мән-жайын толық жариялаған жоқ. Сонымен бірге әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тараған ақпараттың бәрі ресми расталмағанын ескертіп, жалған мәлімет таратпауға шақырды. Мұндай кезде қауесет пен ресми деректі араластырмай қарау қажет. Дегенмен, бір оқиғаның өзі бала қауіпсіздігіне қатысты бірнеше мәселені қатар шығарады. Зорлық-зомбылық, жыныстық қолсұғушылық, өлім, суға кету, суицид, буллинг, онлайн қауіп-­қатер әр жерде бөлек көрінгенімен, бәрі бір жүйеге келіп тіреледі. Ол – баланы дер кезінде қорғау, қауіп белгісін ерте байқау, жауапты мекемелердің жедел әрекет етуі. Ресми және ашық деректер соңғы жылдары кейбір көрсеткіштің төмендегенін көрсетеді. 2025 жылдың қоры­тындысында қылмыс құрбаны болған кәмелетке толмағандар саны 3 549 адамға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға аз. Алайда жалпы төмендеу жекелеген санаттағы өсімді бүркемелей алмайды. Ашық деректерге қарағанда, 2025 жылы кәмелетке толмағандар сау­дасы 3,2 есе артқан. Алимент төлеуден жалтару және балаларды қамтамасыз етпеу фактілері 67,2 пайызға, ұрып-соғу 29,9 пайызға көбейген. 2026 жылдың алғашқы төрт айын­да балаларға қарсы құқықбұзушылық құрбандарының саны 5,7 пайызға  өскен.

Балалардың өздері құқықбұзушы­лыққа тартылатын жағдай да назардан тыс қала алмайды. Өткен жылы құқық­бұзушылық жасаған кәмелетке толма­ғандар  саны 2 544 болған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 30,5 пайыз көп. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 47,2 па­йыз, жеңіл қылмыстар 45,8 пайыз артқан. Сол деректерге сүйенсек, кәмелет­ке толмағандар арасындағы зорлау фактілері 2,9 есе көбейген. Бұл көрсеткіш жасөспірімдердің тек жәбірленуші ретінде ғана қорғауға мұқтаж екенін көрсетіп қоймайды. Сонымен бірге олармен жүргізілетін профилактика, құқықтық түсіндіру, отбасындағы бақылау және мектеп­тегі тәрбие жұмысының сапасына да салмақ  түсіреді.

Баланың өмірі мен денсаулығына жара­қат салу, улану және сыртқы факторлардан зардап шегу де орасан зор әсер етеді. Өткен жылы осындай себептермен зардап шеккен кәмелетке толма­ғандар саны 179,6 мың адам болған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 пайыз­ төмен. Ал 15-17 жас аралығындағы жас­өспірімдер  арасында көрсеткіш 41,3 мың адамға жетіп, 1,7 пайыз өскен. Мұндай дерек бала қауіпсіздігіне тек қылмыс арқылы қарау жеткіліксіз екенін байқатады. Көше, жол, су айдындары, мектеп ауласы, үй ішіндегі орта, бос уақыттағы бақылау – бәрі осы тақырыптың ішіне кіреді. Суицид деректері де бөлек қарауды қажет етеді. Өткен жылы Қазақстанда 199 бала мен жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Тағы 405 бала суицид әрекетін жасаған. Биылдың алғашқы төрт айының  өзінде 74 аяқталған суицид және 120 суицид әрекеті тіркелген. Төрт айдың ішінде 194 жағдайдың тіркелуі мектеп­тегі, отбасындағы және әлеуметтік ортадағы психоло­гиялық қолдау жұмысында кінәрат барын байқатты. Бұл жерде мәселе бір ғана маманның қызметімен шектелмейді. Сынып жетекшісі, психолог, әлеуметтік педагог, ата-ана, жергілікті комиссия және медицина қызметі бір-бірімен байланыста жұмыс істегенде ғана  қауіп  ертерек  байқалады.

Балаларға  қатысты жыныстық си­пат­тағы қылмыстар бойынша да алаң­датарлық дерек бар. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың сенаторларға берген жауа­бындағы мәліметке қарағанда, 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қатыс­ты зорлық-зомбылық әрекетінің 225 фактісі тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,7 пайыз көп. Оның ішінде сексуалдық сипаттағы 215 факт, жасөспірімдерге қатысты азғындықтың 99 фактісі бар. 2023 жылы мұндай зорлық-­зомбылық әрекеті 219 болған. Бұл статистика кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығын қорғау мәселесі құқық қорғау орган­дарының ғана емес, білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және жергілікті билік жүйесінің де ортақ жауап­кершілігі  екенін  көрсетеді.

Қауіптің бір бөлігі қазір онлайн ортаға ауысты. «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» зерттеуінде сауалнамаға қатысқан 1201 баланың 7,1 пайызы соңғы жылы сексуалдық сипаттағы хабарлама алғанын көрсеткен. 3 пайызы сексуалдық сипаттағы фото, видео үшін ақша я сыйлық ұсынылғанын жеткізген. 1,8 пайызы сексуалдық қатынасқа түсу мақсатында қорқыту, бопсалау болғанын белгілеген. Қыздардың 10,1 пайызы онлайн таныс­тарымен жеке кездескен. Осының өзі баланы қорғау мектептің, отбасының, полицияның жұмысы шеңберінде ғана қалмайтынын байқатады. Цифрлық орта­дағы қауіп нақты бақылау, түсіндіру және алдын алу шараларын қажет етеді.

Ішкі істер министрлігі де ата-аналарға онлайн-груминг қаупі туралы ескертті. Мұндай жағдай көбіне баланың әлеуметтік желідегі, мессенджердегі немесе онлайн ойындағы бейтаныс адаммен сөйлесуінен басталады. Алғашында ол жай ғана әңгімелесіп, баланың сеніміне кіруге тырысады. Жасын жасырып, өзін қатарласындай көрсетуі де мүмкін. Ке­йін жеке сурет сұрау, құпия әңгімеге тарту, кездесуге шақыру, ешкімге айтпауды талап ету сияқты әрекеттерге барады. ІІМ ата-аналарға баланың интернеттегі орта­сын бақылап, күмәнді аккаунттармен байланысын үзіп, жеке дерек пен фото жібермеуді түсіндіру қажет екенін айтты. Күдік тудырған жағдай болса, полицияға хабарласуға  шақырды.

2024 жылғы 15 сәуірде Президент әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттал­ған заңға қол қойды. Ақорда мәліметіне сәйкес, заң балалардың қауіпсіздігі мен әйелдер құқықтарына қатысты нормаларды күшейтуге арналған. Құжатта «111» байланыс орталығы отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық және психологиялық қызмет атқаратын құрылым ретінде енгізілген. Отбасын қолдау орта­лықтарына қатысты нормалар да қарас­тырылған. Бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған. Сенаттағы талқылауда құжат Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйек­тегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгені көрсетілді. Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндетін жүктеу, қиын жағдайға түскен отбасыларды ерте анықтайтын мобильдік топтар құру нормалары қамтылған. Сонымен қатар буллинг, кибербуллинг және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы өзгеріс­тер баланы қорғау мәселесін тек отбасылық дау немесе мектеп ішіндегі тәртіп деңгейінде қалдырмай, құқықтық жауапкершілік  алаңына  шығарды.

Сенат депутаты Жанна Асанова бұл өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалар қауіпсіздігі саласындағы құқықтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын  түсіндірген.

– Кәмелетке толмағандарға қатыс­ты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға оған кодекстің Ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, — деді  Ж.Асанова.

Оның пікірінше, қазіргі ахуал жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етеді. Сенатта қаралған заң жобасында кәмелетке толмағандарға қатыс­ты зорлық-зомбылық жасаған адамға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салу қарастырылған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та құжатқа қатысты түсінік­темесінде заң ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатын көздейтінін жет­кізген. Палата отырысында құжат әйелдер мен балалардың заңды мүддесін қорғауға арналғаны атап өтілді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы құқықтық өзгерістерді тіркеп отыр. Сонымен бірге жүйелік олқылықтарға да назар аударады. ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы Қазақстандағы балалар мен жас­өспірімдердің жағдайын талдауында 2024 жылғы заң әйелдер мен балаларды қорғауды күшейтетіні, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан қорғау жүйесін ха­лықаралық стандарттарға жақын­дату үшін қосымша қадамдар қажет екені көрсетіледі. Құжатта балаларды қорғауға жауапты бірыңғай мемлекеттік органның жоқтығы, комиссиялардың әлсіз институттандырылғаны, кадрлық және ресурстық қамтамасыз ету мәселелері аталады. Бұл ескертпелер құқықтық база­мен қатар, оны жүзеге асыратын басқару жүйесін де күшейту қажет екенін білдіреді.

ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар­ға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бөлек деректер де келтіреді. Ұйым зерттеуіне сәйкес, Қазақ­стандағы ересектердің шамамен 75 па­йы­зы баланың мінез-құлқын бақылау үшін дене жазасын қолдануды қолдайды. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлық сипатындағы тәрбие тәсілдеріне ұшырайды. Мектеп оқушыларының үштен екісі құрдастары я мұғалімдері тарапынан зорлық-зомбылықты, кемсітуді бастан өткерген неме­се сондай жағдайға куә болған. Бұл көрсеткіштер бала қауіпсіздігі үйдегі тәрбие мәдениетінен бастап мектептегі қарым-­қатынасқа дейінгі кең өрісті қамтитынын  байқатады.

Кейінгі халықаралық зерттеулерде Қазақстанда бала тәрбиесінде зорлық сипатындағы тәсілдерді қолдану деңгейі төмендегені де көрсетілген. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми мәліметіне қарағанда, ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы MICS нәтижесінде ата-аналар­дың физикалық жазалау мен психоло­гиялық қысымды қолдану деңгейі 53 пайыздан 38 пайызға дейін төмендеген. Бұл оң өзгеріс барын аңғартады. Соған қарамастан 38 пайыздық көрсеткіш бала қауіпсіздігі бағытында тұрақты жұмысты қажет етеді. Себебі мұндай тәсілдер баланың психологиялық жағ­дайына, мектептегі мінез-құлқына, қоғаммен байланысына әсер етуі мүмкін. Әлемдік деңгейде де балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылық кең тараған. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО және басқа халық­аралық құрылымдар жариялаған Global Status Report on Preventing Violence Against Children 2020 есебіне сүйенсек, әлемде жыл сайын шамамен 1 млрд бала физикалық, сексуалдық я психология­лық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. KidsRights Index 2024 рейтингінде Қазақ­стан 194 елдің ішінде 21-орында тұр. Индексте Қазақстанның жалпы көрсеткіші 0,816 деп берілген. «Қорғау» бағыты бойынша көрсеткіші 0,950 болған. Бұл халықаралық салыстыруда елдің нормативтік және институционалдық деңгейде алға шыққанын  көрсетеді.

Айтпақшы, аймақта жақында ғана облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Мұның өзі саладағы серпілісті білдірсе керек. Десе де, осы басқарма арқылы сан түрлі қауіптің алдын алсақ екен деген үміт жоқ емес.

Мысалы, бір мектепте оқушының мінезі күрт өзгерді делік. Сабаққа селқос қарай бастады, телефонын ешкімге көрсетпейді, үйге кеш қайтады, бұрын араласқан достарынан алыстап кетті. Мұндай белгілер кейде жай жасөспірімдік мінез болып көріне береді. Бірақ дәл осындай сәтте сынып жетекшісі, ата-­ана, мектеп психологі және учаскелік инспектор бір-бірінен хабардар болса, қауіптің беті ертерек ашылады. Балаға қатысты заңның да, тұжырымдаманың да шын салмағы осындай кезде білінеді. Құжаттағы міндет нақты адамға, нақты балаға, нақты көмекке айналғанда ғана қорғаныс жүйесі жұмыс істей бастайды. Өз жарамызды жасырып отыра бермей, тұз сеуіп болса да, жазылуына  әрекет  етейік.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: