Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сотталған азаматтар видеоқоңырау арқылы отбасымен сөйлесті

14.09.2026, 11:20 45

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталған азаматтардың жақындарымен қарым-қатынасын нығайту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал ету мақсатында отбасы мүшелерімен бейнеқоңырау арқылы сөйлесу мүмкіндігі ұйымдастырылды.

Аталған мүмкіндік мекеме әкімшілігі тарапынан мінез-құлқы оң деп бағаланған, жазасын өтеу тәртібін сақтайтын, ұсталу жағдайы жеңілдетілген, түзелу жолына түскен және жасаған қылмысына өкініп, алдағы уақытта қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуге ниетті сотталған азаматтарға берілді.

Бейнеқоңырау барысында сотталған азаматтар ата-аналарымен, жұбайларымен, балалары және басқа да жақындарымен жүздесіп, өзара пікір алмасты. Отбасы мүшелерінің амандығын біліп, олардың күнделікті өмірі туралы сұрасып, сағыныштарын басып, жылы лебіздерін жеткізді.

Отбасымен байланыс орнату – сотталған азаматтардың моральдық-психологиялық жағдайына оң әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Жақындарының қолдауы олардың өмірге деген сенімін арттырып, түзелу жолында дұрыс бағыт ұстануына, болашаққа оң көзқараспен қарауына ықпал етеді.

Сонымен қатар, мұндай кездесулер сотталған азаматтарға отбасының қадірін тереңірек түсініп, жақындарының алдындағы жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді. Адамның түзелуі мен қоғамға қайта бейімделуінде отбасының орны ерекше екені сөзсіз.

№68 мекемесінде сотталған азаматтарды тәрбиелеу, олардың заң талаптарын сақтауына ықпал ету, түзелу жолына бағыттау және қоғамға қайта қосылуына қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: